Сыйлықтардың арасында Владимир Жириновскийдің суреті бар жейделер мен партия белгісі салынған бас киімдер де бар болған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі Экспресс К-ға сілтеме жасап.
Ресейдің "ЛДПР" саяси партиясы мен оның жетекшісі Владимир Жириновскийдің атынан тараздық балаларға сыйлық үйлестіру оқиғасы бойынша жаңа ақпараттар анықталды. Балаларға арналған тартулардың ішінде оқу құралдары және тәттілерден бөлек тағы біраз дүние болған екен.
Бұл туралы оқушыларға сыйлық таратқан педагогтың өзі айтып берді. 52 жасар Оксана Дьяченко Тараздағы нөмірі 13 мектепте музыка пәнінің мұғалімі боп жұмыс істейді. Былтыр жаңа жылдың алдында ол өзі жетекшілік ететін 6-ншы сынып оқушыларымен бірге Ресейде ұйымдастырылған онлайн-байқауға қатысқан екен. Оның шарты бойынша балалар мерекелік шыршаға арналған түрлі бұйымдар жасаулары тиіс болған. Байқауда тараздықтар биіктен көрініп, жүлделі орын алған. Ұйымдастырушылар дипломдар мен сыйлықтарды поштамен салып жіберетін болыпты.
Содан дәл Наурыз мерекесі қарсаңында Ресейден шыққан құттықтау қорабы Таразға жетіпті. Оның ішінде диплом-сертификаттардан бөлек оқу құралдары, тәттілер, киім-кешек болған. Педагог олардың бір бөлігін оқушыларға үлестіріп берген.
Футболкалар бар еді, оларды берген жоқпыз, себебі онда Жириновскийдің суреті болатын. Олардың көзін құрттық. Ал бас киімдерді шеберлерге бердік, олар "ЛДПР" партиясының логотипін өшіріп береміз деді. Мен ешқандай жамандық ойлаған жоқпын, — дейді Оксана Дьяченко.
Мектеп әкімшілігі мұғалімнің байқауға қатысып жатқанды жайлы хабарсыз болдық дейді. Сондай-ақ, педагог сыйлық тарататыны жайлы да ешкімді ескертпепті. Оған қарамастан, мектеп басшылығы жауапкершілікке тартылатын болып отыр. Ал Оксана Дьяченкоға сөгіс түріндегі жаза берілген.
Мұндай жағдайды болдырмау үшін қазір қаладағы мектептерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ұстаздың бөтен ойы болған жоқ деп есептейміз. Ол сыныпты биыл ғана алған, жетекшілік тәжірибесі жоқ, сондықтан осындай қателік жіберген болуы керек, — дейді білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарова.