ҰБТ. 90 мыңнан астам талапкер тест тапсырды

07 маусым 2022, 12:39

Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 90 мыңнан астам талапкер тест тапсырды. 
 
 Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.

Оның ішінде түлектердің 74,7%-ы қазақ тілінде, 25,2%-ы орыс тілінде, 0,1%-ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті.

ҰБТ басталғалы шекті балды 67%-ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 65 балл.

Талапкерлердің, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылды. Сонымен қатар, олар үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Қабылданған шаралар арқасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар тестіленушілер саны артып келеді. Егер 2021 жылы негізгі ҰБТ-ға 90 бала қатысса, биыл үш апта ішінде тестілеуге ерекше білім беру қажеттілігі бар 310 бала қатысты.

Жалпы негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ 16 мамырда басталып, 2022 жылғы 5 шілдеге дейін жалғасады. Бұл ретте талапкерлер тестілеу орны мен уақытын өздері таңдады.

Биыл талапкерлерге ыңғайлы болу үшін алғаш рет ҰБТ-ның күнін, уақытын, орны мен бейіндік пәндерін еске салатын SMS жолданатын болады. Хабарлама ҰБТ-ға қатысушылардың өздеріне, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған тестіленушілердің ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жіберіледі.

Академиялық адалдықты сақтау мақсатында талапкерлердің тест нұсқасы таңбаланды. Яғни ҰБТ-ның әрбір қатысушысының жеке тест нұсқасы болады. Ережелерді бұзған және тест тапсырмаларын аудиториядан шығаруға талпынған жағдайда Ұлттық тестілеу орталығы ереже бұзушыларды анықтап, олардың нәтижелерін жояды.

119 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 118 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.

Естеріңізге сала кетейік, ҰБТ-ға кіргізу үш деңгейлі жүйе бойынша жүзеге асырылады: Face ID жеке басын сәйкестендіру арқылы, жеке куәлік бойынша, сондай-ақ отырғызу орнында жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі. Биыл тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша өтеді. Егер бұған дейін тестілеу процесін әр компьютердің жоғарғы жағынан бақылап отыратын бір камера ғана болса, енді тестіленушінің жеке басын сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін екінші (фронталды) камера орнатылған. 

Өткен жылы Face-ID жүйесі мен бақылауды күшейтудің нәтижесінде бөгде адамдарды кіргізуге тырысқан 18 жағдай анықталды. Биыл біз алғаш рет бөгде адамдарды кіргізуге тырысу фактісін тіркедік. ҰБТ-ның үшінші аптасында қатысушы өзінің орнына басқа тұлғаны жіберген. ҰБТ-ға кіргізу барысында Face-ID жеке басын сәйкестендіру жүйесі бөгде адамды анықтады. Тиісті іс-шаралар қабылданды, тестіленуші мен тестілеуге кіруге талпынған бөгде тұлға бойынша дерек құқық қорғау органдарына жіберіледі, – деп атап өтті БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Айта кетейік, талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

BAQ.KZ.