ҰБТ басталғаннан бері 54 мыңға жуық талапкер тест тапсырды

31 мамыр 2022, 15:37

Негізгі ҰБТ басталғаннан бері 54 мыңға жуық талапкер тест тапсырды. Оның ішінде түлектердің 70,1% – ы қазақ тілінде, 29,7% - ы орыс тілінде, 0,16% - ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті, деп хабарлайды  БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы.
 
ҰБТ басталғалы шекті балды 66% - ға жуық талапкер жинады. Орташа балға келетін болсақ, ол 64 балды құрады.

Ең көп таңдалған бейіндік пәндер комбинациясы – «Математика-Физика» және «Биология-Химия». Аталған пәндерді сәйкесінше қатысушылардың 27% және 14% таңдайды. Ең аз таңдалатын комбинация – «Химия-Физика» (0,16%). 

16 мамырда басталған негізгі ҰБТ штатты режимде өтіп жатыр. Аралық қорытындылармен апта сайын бөлісіп отырамыз. Айта кетсем, талапкерлердің, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлердің тестілеуді ыңғайлы тапсыруы үшін ҰБТ тапсыру уақыты 40 минутқа ұзартылады. Сонымен қатар, олар үшін сызба және диаграммаларсыз сұрақтар жасалды. Қабылданған шаралар арқасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар тестіленушілер саны артып келеді. Егер 2021 жылы негізгі ҰБТ-ға 90 бала қатысса, биыл екі апта ішінде ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттілігі бар 180 бала қатысты, – деп атап өтті ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Руслан Емелбаев.
Жалпы негізгі ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 290 мыңға жуық өтініш келіп түсті, оның ішінде бірінші мүмкіндікке қатысу үшін 160 мың, екінші мүмкіндікке қатысуға 130 мың адам тіркелді. Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін ҰБТ 2022 жылғы 5 шілдеге дейін жалғасады. Бұл ретте талапкерлер тестілеу орны мен уақытын өздері таңдады.

Биыл талапкерлерге ыңғайлы болу үшін алғаш рет ҰБТ-ның күнін, уақытын, орны мен бейіндік пәндерін еске салатын SMS жолданатын болады. Хабарлама ҰБТ-ға қатысушылардың өздеріне, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмаған тестіленушілердің ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жіберіледі.

Академиялық адалдықты сақтау мақсатында талапкерлердің тест нұсқасы таңбаланды. Яғни ҰБТ-ның әрбір қатысушысының жеке тест нұсқасы болады. Ережелерді бұзған және тест тапсырмаларын аудиториядан шығаруға талпынған жағдайда Ұлттық тестілеу орталығы ереже бұзушыларды анықтап, олардың нәтижелерін жояды.

Бүгінгі таңда 60 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды. Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 36 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды.

Естеріңізге сала кетейік, ҰБТ-ға кіргізу үш деңгейлі жүйе бойынша жүзеге асырылады: Face ID жеке басын сәйкестендіру арқылы, жеке куәлік бойынша, сондай-ақ отырғызу орнында жеке басын сәйкестендіру жүргізіледі. Биыл тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша өтеді. Егер бұған дейін тестілеу процесін әр компьютердің жоғарғы жағынан бақылап отыратын бір камера ғана болса, енді тестіленушінің жеке басын сәйкестендіруге және бөгде адамдардың кіруіне жол бермеуге мүмкіндік беретін екінші (фронталды) камера орнатылған. 

Айта кетейік, талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тестіленушінің жеке кабинетінде қолжетімді болады.

BAQ.KZ