ҰСТАЗДЫҢ ҰЛЫЛЫҒЫ ҰЛАҒАТЫНДА

25 мамыр 2022, 13:59

Әдетте, адамның азаматтық болмысын үш түрлі өлшеммен мөлшерлеп жүрміз, олар – биіктік, тереңдік, кеңдік. Үшеуі де шартты философиялық ұғым. Ал енді осы шарттылықтарды таратып түсіндірудің өзі түрлі-түрлі. Бәз біреулер, айталық, биіктік – ел таныған таланттың асқақтаған атағы, дүрілдеген даңқы, яғни биік беделі десе, бағзы біреулер тереңдік – ел қадірлеген қайраткердің қабілеті, қадір-қасиеті, ақыл-парасаты яки терең білімі деп түсінеді. Бірақ осылардың қай-қайсысы да кеңдік болмаса, әшейін ұғым қалпында «ауада ілініп» қалар еді.

Биіктік пен тереңдіктің игілікке айналуы үшін уызында жарыған текті кісіге тумысынан дарыған мәрт мінез, ақ пейіл, ыстық ықылас, мол мейірім, кең құшақ керек. Сондықтан адамдық пен азаматтықты шың басындағы қар, шыңырау түбіндегі нәр секілді биіктік пен тереңдіктен гөрі кәдімгі қазақ даласындай ұлан - байтақ кеңдікпен өлшеп-мөлшерлеген жөн. Сонда кеңдік адам өміріндегі кенен кәмелеттен кемел кемеңгерлікке, керек десеңіз, тіпті одан да гөрі әрірек, дархан даналыққа апаратын даңғыл жол тәрізді.

      Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерінің иегері Қуанышкүл Меңдіаяққызы туралы сөзді мен дәл осы тұрғыдан өрбітсем деймін.

      Білімі мен ғылымы дамыған ел ғана әлемдік өркениет көшіне ілесе алады. Осы жауапкершілікті сезініп, табандылықпен еңбек еткен майталмандарымыздың арқасында біздің республикамызда да уақыт талабына сай ұлттық білім беру жүйесі қалыптасты. Ерінбей еңбек етіп, еліміздің білім беру жүйесі мен ғылым саласын дамытуға өзіндік үлес қосушылардың бірі профессор Қуанышкүл Меңдіаяққызы 80 жасқа толып отыр.

    Парасаттылық пен бекзаттылық адам баласына әкенің қаны, ананың сүті арқылы сіңетін, туған жерінің топырағынан нәр алатын қасиет қой. Қуанышкүл Меңдіаяққызы да туған жеріне тартып туған, сол қасиетті топырақтан нәр алған тұлға. 1942 жылы мамыр айының 15 жұлдызында дүниеге келген Қуанышкүл Меңдіаяққызы «Сыр елі-жыр елі» атанған сөз дүлдүлі - дүрлер мен шайырлар туған өңірде, яғни Қызылорда облысы, қазақы қаймағы бұзылмаған Сырдария ауданы, Абай ауылында бір қауым елге сыйлы болған, ақындығымен он бесінде елге танылып «Үкілі Меңдіаяқ», «Сері жігіт» атанған Меңдіаяқ Сәрменбайұлы деген қарияның отбасында бойжетті. Қуанышкүл апайдың әкесі Меңдіаяқ өмірінің соңына дейін ауыз әдебиетінің мұраларын жинаған. Сыр бойының тұңғыш шежірешісі атанған. Елу жылдан кейін Қуанышкүл апай әкесінің ұзақ уақыт тірнектеп жинаған рухани қазыналары мен жазған жыр-толғауларын «Меңдіаяқ ақын мұрасы» деген атпен кітап қылып шығарып, халқымен қауыштыруды намысын найза, қажырын қылыш еткен, өмірдің соқтықпалы жолдарымен адамгершіліктің елшісіндей жүріп өткен әкесінің алдындағы перзенттік парызын өтеуінің бір парасы деп білді. 1954 жылы өмірден өткен Меңдіаяқ қарияның есімі ширек ғасыр бұрын Қызылорда қаласындағы бір көшеге берілді.

   Барлық өзен-көлдердің кішкентай бұлақтан бастау алатыны сияқты, болашақ ғалым Қуанышкүл Меңдіаяққызы мектепті, Қызылорда қаласындағы Мәншүк Мәметова атындағы Қыздар педагогика училищесін үздік бітіреді. Училищедегі Ұлмекен Ыбырайқызы деген кісінің ұстаздық қасиетіне, біліктілігіне  қарап, үлгі тұтып, басқа да ұстаздарының «сенің оқуды жалғастыруың керек» деген сөзі дем беріп, институтта оқимын деген үлкен үмітін арқалап келіп, 1961 жылы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының қазақ әдебиеті және ән факультетіне оқуға түседі.1966 жылы  оқуды тәмәмдаған соң өзінің ерекше қадірлейтін ұстазы Бақытжан Байқадамов ағаның кеңесімен институтта оқытушы болып қалады.

  Қуанышкүл Меңдіаяққызы туралы сөз қозғағанда оның бойындағы ең ізгі қасиеттер – қарапайымдылық, кішіпейілділік, ұлтжандылық, еңбекқорлық жайында айтпай өту мүмкін емес. Ол кісі өзінің ізденімпаздығының, тынымсыз еңбегінің арқасында бүгінгідей дәрежеге жетті. 

   Ақыл-ой мен білім-білік, күш-қуат пен қажыр-қайрат бір адамның бойынан табылып жатса, оның бітім-бейнесіне биік тауға қарағандай көз тігеріміз анық. Осыншалықты игі қасиеттерді бойына жинақтап, қара бастың қамынан гөрі, ұстаздық жолында тер төккен Қ. Меңдіаяққызы: «Ұстаз болу үшін алдымен үлкен жүрек керек. Адамның жақсы жағын бұрын көретін, жек көре алмайтын қасиет керек. Сөзімен ғана емес, ісімен адал, таза болу керек. Өйткені шәкірт бәрін көріп, сезіп тұрады», деген сөзді жиі айтады.      Расында да, Қуанышкүл апайдың көздеген мақсатқа жетпей тынбайтыны қайран қалдырады. Егер ой тезіне салып қарасақ, мұндай мінездің әйелге тән қасиет екенін аңғаруға болады. Жалпы, әйел басшының ер азаматтан бір өзгешелігі – ешбір іске ұсақ-түйек деп қарамайтыны сияқты. Әрі нендей істі болса да мейлінше адал әрі мұнтаздай етіп атқарады және сол атқарған ісі үшін балаша қуанатынын қайтерсің. Қуанышкүл апайдың да көп игілігіне айналатын істің орайы келгенде талай рет балаша қуанғанына куә болғанбыз.

   Әдіскер ғалымның басты тәрбиелік ұстанымы – адам баласын ойлауға, талдау жасай білуге, одан жақсы шешім шығаруға үйрету. Ұстаз-ғалым өз білімі мен талантты ғибратын, тәжірибелік әдіс-тәсілдерін жастарға жеткізуден жалыққан емес. Дәріс оқи жүріп, үздіксіз ғылыми зерттеулермен айналысты.

   Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамсыздандырылған бөлігінің әл-ауқатын арттыру мақсатында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және көп балалы отбасынан шыққан қыздарды жоғары оқу орнына түсуге дайындау үшін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 2000-2001 оқу жылында дайындық факультеті ашылып, оған парасатты педагог, шебер ұйымдастырушы Қуанышкүл Меңдіаяққызы факультет деканы болып тағайындалуы тектен-тек емес еді. Бар саналы ғұмырында ұрпақ тәрбиешісі ғана емес, ұлт тәрбиешісі саналатын қаракөз қазақ қыздарын білім мен ғылымға баулитын қасиетті қара шаңырақ Қыздар университетінің өсіп-өркендеуіне орасан зор үлесін қосып келе жатқан жанның күрмеуі қиын шаруаның қисынын келтіретіндігі анық еді. Білікті басшы Қ. Меңдіаяққызының басқаруымен факультетке бәсекелі білім беруде шеберлігін шыңдаған ғалымдар мен баланың жан дүниесін түсіне білетін мейірімді, әрі жоғары деңгейдегі білікті ұстаздар таңдалып алынды. Қуанышкүл апай дайындық бөлімінің деканы қызметін 2008 жылға дейін абыроймен атқарды. Педагогика ғылымында өзіндік жолы бар әдіскер-ғалым өз ойын былай түйдектейді: «Сіздің алдыңызда – әр түрлі тағдыр иесі. Оларға пәндік білім беру басқа оқу орнында мүмкін болса да, дәл біздегідей жан-жақты қамқорлық пен нағыз педагогтік қарым-қатынастың жетіспей жататыны жасырын емес. Халқымызда «Ілім-білім мың түрлі: тоқсан тоғызы әдеп, біреуі-білім. Әдебің болмаса, білімді ұстау қиын» деген керемет сөз бар. Қыз балаға лайықты ұлттық негіздегі тәрбиенің қазіргі қоғамға сәйкес түрлерін олардың бойына сіңіру, алыс ауылдан келген талапкерлерді қала мәдениетіне қалыптастыру, жоғары дәрежелі білім беру, бойларындағы қабілет пен өнердің көзін ашып, эстетикалық танымдарын биік парасатпен ұштастыра тәрбиелеу оңай шаруа емес. Біз шәкірттерімізге білім бере отырып, өзіміздің өмірлік тәжірибемізбен, ғибратты ақылымызбен болашаққа дұрыс бағыт-бағдар беріп, соны соқпақтарда сүрінбес жол сілтейміз». Орайы келгенде айта кету керек, ұлағатты ұстаз, зерделі ғалым  Қуанышкүл Меңдіаяққызы елу бес жыл еңбек жолының он бір жылында Қыздар университетінің музыка факультетін басқарған. Ғалымның басшылық қызметі 1989 жылы, яғни қазақ тілі мен өнерін жаппай көтеруге бет бұрған кезеңге тұспа тұс келді. Домбыра өнері, әр түрлі ансамбльдер ашу, қиын әрі күрделі операларды әзірлеу жұмыстары рет ретімен жүзеге асты.

   Қуанышкүл Меңдіаяққызы  – білімді де білікті ұстаз, жастардың ақылшысы, жанашыры. Ол әр шәкіртіне ұл-қызындай қарайды. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Ол жаңалыққа ұмтыла білетін, ізденімпаз, білімді, еңбексүйгіш, парасатты, адал, мейірімді, талапшыл, жаны сұлу ұстаз.

   Бүгінгі күннің талабы – әлемдік стандарттар деңгейінде сапалы білім беру қызметін көрсетуге қол жеткізу, әрбір педагогтан байланыстырып сөйлеуге үйрету арқылы қазақ тілін оқыту әдістемесін тәжірибеге кеңінен енгізуді қажет етеді. Өйткені, қазіргі кезең – болашақтың жаңа сүрлеуі. Ол жолдың барлығында қазіргі бала, келешек ересек адам өз бетімен білім іздей алатын, өзіндік шешімдер жасай алатын, өзінің жеке тұлғалық болмысын тани алатын, сол арқылы өзгені де құрметтей алатын қазақ азаматы деп танылады. Осындай жеке тұлғаны қалыптастыру – оқушының ана тілі болып саналатын қазақ тілін дамыта оқыту әдістемесінің басты өзегі. Қуанышкүл Меңдіаяққызы 2009 жылы  «Байланыстырып сөйлеуге үйрету арқылы қазақ тілін оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері (мектепалды даярлық топтары мен 1-сынып)» тақырыбында докторлық диссертация қорғайды. Әдіскер-ғалым зерттеудің жетекші идеясы ретінде мектепалды тобы мен 1-сыныпта байланыстырып сөйлеуге үйрету-қазақ тілі сабақтарында баланың өмірлік дағдыларын қалыптастырудың басты шарты. Байланыстырып сөйлеуге үйрету-болашақ дара тұлғаның бойында танымдық және әлеуметтік дағдыларды қалыптастырудың кепілі,-деп көрсетеді. Диссертациялық жұмыс мектепалды тобы мен 1-сыныпта байланыстырып сөйлеуге үйрету арқылы қазақ тілін оқыту біртұтас әдістемелік жүйе түрінде жүзеге асырылуы тиіс екендігі дәйектелген  мәнді  нәтижелерімен құнды.

   Қуанышкүл Меңдіаяққызының ғылыми ізденістерінің нәтижелерін «Байланыстырып сөйлеуге үйрету арқылы қазақ тілін оқыту әдістемесі», «Қазақстанда мектепке дейінгі тәрбиенің дамуы», «Мектепалды даярлық топтарында қазақ тілін қатысымдық әдіс арқылы дамыту», «Ауыз әдебиеті арқылы байланыстырып сөйлеуді жүзеге асыру әдістемесі», «Мектеп жасына дейінгі балалардың тілін дамытудың ғылыми негіздері», «Балабақша балаларының тілін дамыту әдістері», «Педагогика тарихы (жалпы және мектепке дейінгі)» тағы басқа көптеген монографиялар мен оқу құралдары арқылы көруге болады.

    «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің уақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау», депті шығыстың бір ғұламасы. Бұл ұлағатты сөз бейнебір біздің мақаламыздың кейіпкері  Қуанышкүл Меңдіаяққызына арналып айтылғандай. Өйткені, ол кісі өзінің қымбат та асыл уақытын шәкірттерінің бойындағы қасиеттерді дер кезінде танып ашуға, дамытуға арнауда әркез басқаларға үлгі-өнеге бола білуде. Иә, ғасырлар жылжып өтсе де «Ұстаз» сөзінің мән-мағынасы өзгермек емес. Жалпы ұлтжанды білімді жастар тәрбиелеу – аға буын өкілдерінің алдындағы борыш.

   Қуанышкүл Меңдіаяққызы студенттерге  сапалы білім, саналы тәрбие бере жүріп, Сейділда Дәулетбақұлы Көпбаев сияқты қазақтың ардақты азаматының сүйікті жары, тірегі болды. Сейділда Дәулетбақұлы Көпбаев. Бұл есімді білім жүйесі қызметкерлерінің біразы әлі ұмыта қоймағаны анық. Сейділда Дәулетбақұлы – халыққа білім беру саласының республикаға танымал қызметкері, көрнекті қайраткері болды. Ол кісі – 14 жыл бойы Алматы облыстық білім басқармасын басқара отырып, көптеген мектептердің құрылысына тікелей атсалысты. Қазақ мектептерін көбейтіп, олардың жағдайын көтеруге, қазақ тілінің орнығуына білек сыбанып кіріскен сирек басшылардың көрнектісі болды. Мемлекетіміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары қоғамдық құндылықтар қайта қаралып жатқан тұста Сейділда Дәулетбақұлы Президент жанындағы Дін істері жөніндегі комитет жұмысын басқарды. Ол өзі бастап ең алғашқы «Дін туралы» Заңның қабылдануына ерекше еңбек сіңіріп, әр түрлі діндік бірлестіктер мен конфессиялардың өзара түсіністік жағдайда еліміздің, мемлекетіміздің тыныштығын, татулығын қамтамасыз ете алатын қарым-қатынаста болуына көрнекті бастамашылық жасады. Қазақстанда мұсылман мешіттерінің құрылыстарын салуға оң ықпал ете алған адам. Бүгінде Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі Сейділда Дәулетбақұлы Көпбаев атында Алматы облысы, Наурызбай ауданы Ақжар ауылында мектеп, Каменка елді мекенінде және өзінің туған ауылы Тұрарда көшелер бар. Сейділда Дәулетбақұлының ізгілікті ісі еліне әлі де қызмет етеді деген үмітпен жары Қуанышкүл Меңдіаяққызы «Жарқылдап өткен жайсаңым» атты естелік кітабын қалың оқырман назарына ұсынды.

      Қуанышкүл апай тек өз ісінің шебері ғана емес, отбасында ұлын ұяға, қызын қияға қондырған абзал ана, кемеңгер әже.
      Зиялы адам – қай жағынан болсын өскелең ұрпаққа үлгі бола алатын, кейінгілерге қарап бой түзейтін тұлға. Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР білім беру ісінің үздігі, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері,  «Ы.Алтынсарин», «Ұлағат» төсбелгілерінің иегері, ұлағатты ұстаз, ғибратты ғалым Қуанышкүл Меңдіаяққызы осы үденің көш басында тұр. Бұл күндері мәртебелі 80 жылдық мерейтойына нәтижелі жемісті еңбекпен келген Қуанышкүл апайымыз Ләззат, Ғани және Бауыржан есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп өсіріп, немере-шөберелерінің шаттығына бөленіп отыр. Біз, өз кезегімізде, жанымызда жүрген жақсы адамның бекзат болмысын осылайша бедерлеп шығу кішілік ізеттің бір парасы ғана деп ұқтық.

   Сыныңызды бұзбай, сырыңызды алдырмай жеткен сәулетті сексеніңіз құтты болсын, ардақты Қуанышкүл апай!

 

Сатбекова А.А.

педагогика ғылымдарының

докторы,  профессор

ҚазҰлтҚызПУ,

«ЖОО Үздік оқытушысы»

мемлекеттік грантының иегері,

             Қазақстан Педагогикалық

Ғылымдар Академиясының

академигі