Көпбалалы отбасыдан шыққандарға 5 мың грант бөлінді: Оны алу шарттары қандай
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына бөлінетін 5 мың білім грантын алудың шарттарын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Оның айтуынша, білім гранттары биыл 1 қыркүйектен бастап бөлінеді.
"Негізгі талаптарға келер болсақ, талапкер ҰБТ тапсырып, шекті балл жинауы тиіс. 5 мың грантқа белгілі бір санаттағылар үміткер бола алады, олар - көп балалы және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыдан шыққан балалар", - деді білім министр.
Аймағамбетов биыл жалпы 53 700 білім гранты бөлініп отырғанын, ең алдымен осы гранттар үлестірілетінін айтты.
"Бірінші осы гранттарды бөлу жүргізіледі. 1 тамыздан соң грант тізімі шығады. Грантқа ілікпеген осы санатқа жататын талапкерлер 5 мың грантқа өтініш жаза алады. Олар шекті балл алуы тиіс. Сол жерде балл бойынша грант беріледі. Тест тапсырды, шекті балл жинады, өтініш жазды, содан кейін жинаған ұпайына сәйкес грант бөлінеді. Ешқандай сыбайлас жемқорлық қаупі жоқ",- деді ол.
Еске сала кетсек, 26 маусым күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына 5 мың білім грантын бөлу туралы жарлық шығарды.
Естеріңізге сала кетсек, осы уақытқа дейін бір түлектің ҰБТ-дан 140 балл жинағаны туралы хабарлаған едік.