Алексей ЦЕХОВОЙ, Белорус ұлтының өкілі:
– Әрбір жылғы 1 мамыр – ынтымақ күні – мен үшін аса маңызды мереке. Сталин үстемдік құрып тұрған жылдары әкем өз еркінсіз Қазақстанға қоныс аударған-ды. Ал мен 1941 жылы, яғни Ұлы Отан соғысы басталған кездері қазіргі Астана қаласында дүниеге келдім. Ұлтым белорус болса да, мен Қазақстанды өз елім деп санаймын. Біз негізі көп балалы отбасы болдық. Мен ең кенжесі, яғни сегізінші баламын. Әкем: «Қазақтардың бауырмал, ақ көңіл мінездерінің арқасында біз аш-жалаңаш қалмадық. Олар бізді құшақ жая қарсы алды», – деп ризашылықпен тебірене еске алушы еді. Әсіресе Асылхан деген қарияның көрсеткен жақсылығын аңыз сияқты аузынан тастамайтын. Бізді үнемі қазақ халқының осы ешбір ұлтта кездесе бермейтін асыл қасиеттерін қадірлеп, бағалауға тәрбиелеуден жалыққан емес. Кейін ес жия келе өзім де оның куәсі болдым. Әлі де жалғасын табуда. Көпшілік шетелдердегі өзге этностар бізге қызығып қарайды. Олары орынды, әрине. Қазір Қазақстанда 100 мыңдай белорус тұрады. Бір айта кетерлігі, кезінде тарихи Отанына көшіп кеткендер арасында кері қайтып келіп жатқандар жоқ емес. Бірінші кезекте қазақ халқына рақмет, осындай береке-бірлікті бәрінен биік қойған және Елбасы Н.Назарбаевқа алғысымыз шексіз, ешкімнің дініне, діліне, түр-түсіне қарамай, барлығымызды бір үйдің баласындай ұйытып отыр. Баршаға айтарым, егер біз тату-тәтті өмір сүрсек, елімізді, жерімізді өркендетуге барша болып жұмылсақ, оның ырыздығын болашақ көреді. Ал болашақ – ол біздің балаларымыз, немерелеріміз. Тәуелсіз Қазақстанның ынтымақтығы жалғасын тауып, бір үзілмесе екен деп тілеймін!
Асханум ЭЮБОВА, түрік ұлтының өкілі, көп балалы ана:
– Біз Қазақстанға 1944 жылы кезінде КСРО құрамында болған Грузия мемлекеті арқылы келдік. Ол кезде мен бар-жоғы алты жаста едім. Бірақ ес біліп қалған кезім ғой, басымызға түскен барлық қиыншылықтар санамда жатталып қалыпты. Тарихтан там-тұмдап еске түсірсем, Ахыска түріктері Грузияның Ахалцих, Алиген, Адиген, Аспиндз, Ахалкалак және Богданов сияқты оңтүстік және оңтүстік-батыс шекаралық аудандарынан Орта Азия мен Қазақстанға күштеп көшірілді. Барлығы шамамен 115,5 адам депортацияланған-ды. Негізінен, әйелдер, балалар және қарттар. Өстіп, Қазақстан жеріне біржолата қоныстандық. Қазір менің білуімше, Қазақстанда 150 мыңнан астам түрік тұрады.
Кейінірек қазақ бауырларымыздың арқасында отбасымызбен аяғымыздан тік тұрып кеттік. Қазақтардың жомарттығы былай тұрсын, қайырымдылығы шексіз. Әлі есімде, олар бар нанын өздері жемей, бізге берген. Арып-ашып келген бізден қамқорлықтарын аямай, қанаттарының астына алды. Міне, содан бері ширек ғасырдан асты, біз қазақ жерін туған жеріміз санаймыз. Осындай кезді пайдаланып, қазақ халқына алғысымды айтып қалсам ба деймін. Артық айтқандық емес, шынымен де, қазақ – әлемдегі ең қонақжай, кеңпейіл халық.
Иван ПАК, Қазақстандағы Корейлер қауымдастығы кеңесінің ақсақалы, профессор, техника ғылымының докторы:
– Мен ол кезде сегіз жаста едім. Әлі ұмытқаным жоқ, күз айлары болатын. Колхоздағылар алқаптағы өнімді әлі жинап үлгермеген. Бір күні үлкендер аласұрып, енді біреулер жылап жатты. Әйтеуір бір жамандықты сездім. Бізді пойызға отырғызып, жүк вагонына сегіз отбасынан сыйғызды. Сол пойызбен бізді Астрахань қаласына жеткізді. Ол кезді күн де қатты суып кеткен. Көп ұзамай баржамен Гурьев қаласына жеткізді. Қанша күн жүзіп келгенімізді білмеймін, бірақ көрмеген қиындығымыз жоқ. Ал Гурьев қаласынан 45 шақырым алыс жатқан Сарайчик елді мекеніне жүк көлігімен алып келді.
Осылай біз қалып қойдық. Жергілікті тілден, салт-дәстүрден мүлде хабарсыз бізді қазақ құшақ жая қарсы алды. Шеттетпеді, қайта бауырына басты. Біздің екінші Отанымызға айналған Қазақстан қолдан келген жақсылығын аяған емес. Әлі де солай, тіпті корейлердің ұрпақтан-ұрпаққа өз болмысын сақтап, оны әрі қарай дамытуға жағдай жасап келеді.
Қазақтардың кеңдігі, жақсы ниеті және этникалық ұлттарды жақын тартуы сол қиын шақта біздің мойымай, еңсемізді тіктеуімізге ықпал етті. Айта кетерлігі, қазақтың көптеген әдет-ғұрыптары, салт-санасы корейлердікіне өте ұқсас.