«Мемлекет құрушы ұлт саны көбеймейінше, Тәуелсіздікті нығайта алмаймыз» деген пікірмен келісесіз бе?

14 желтоқсан 2013, 14:01

Әшірбек СЫҒАЙ, театр сыншысы, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер кайраткері:
– Әрине, келісемін. Мемлекет құ­ру­шы ұлт саны көбеймей, басқа ұлт еш­қашан ол елдің қадір-қасиетін түсін­бейді. Сондықтан мемлекет құрушы ұлт негізгі ұстам, діңгек болуы керек. Мем­лекеттің негізгі өзегі ұлт құрушы ха­лықтан тұруы тиіс. Сонда ғана оны ауыз тол­тырып «міне, қазақ!», «міне, өз­бек!», «міне, қырғыз!» деп көрсетуге бо­лады. Әйт­песе қырық құрау, қырық ру, оның бел­гілі бір ұлт құрушы халқы жоқ бол­са, ондай мемлекет кімнің аты­нан да­миды? Кім­дер оған тұтқа бола­ды? Кім­дер иелік етеді? Сондықтан мы­нау қа­зақ жері, қазақ топырағы бол­ған­дық­тан, мемлекет құрушы ұлт – қа­зақ болған соң осы үлкен бәйтерек – қа­зақ ар­қылы бұтақ, жапырақ секілді бас­қа ұлт­тар да өсіп-өнеді. Менің ұғы­мым осылай.

Нұрлан ЕРІМБЕТОВ, саясаттанушы:
– Тәуелсіздікті нығайту үшін мем­лекет құрушы ұлт санының көп болуы маңызды емес. Қазір өзге ұлттармен бірігіп жұмыс жасап отырған қаншама мемлекеттер бар. Сондықтан мен Тә­уел­сіздікті нығайтуды мемлекет құрушы ұлтпен немесе адам санымен бағала­маймын. Бізде барлық ұлтты біріктіретін ұлттық идея болуы керек. Қазаққа да, орысқа да, кәріске де «Қазақстан – Ота­ным!» деген ұғымды сіңіруіміз қа­жет. Осында тұрған қай ұлт болмасын, өзінің, балаларының, немерелерінің, шөберелерінің болашағын осы елмен байланыстыруы тиіс. Тарихты ақтарып көрсек, өткен ғасырларда мемлекет құрушы ұлт өкілдері көп болса да, қан­шама елдер өзінің егемендігінен айы­рылды. Өзге мемлекеттің құлы болып кетті. Еуропаны алыңыз, АҚШ-ты алы­ңыз, Африканы алыңыз. Бұл – өмірде бол­ған жағдай. Сондықтан кейбір азамат­тардың мемлекет құрушы ұлт саны көбеймей, Тәуелсіздік нығаймай­ды дегеніне мен келіспеймін. Одан да еліміздегі барлық ұлт пен ұлысты бірік­тіретін мемлекеттік идеологияны ны­ғайт­қанымыз жөн. Сонда ғана еліміздің егемендігі мен Тәуелсіздігі нығаятын болады.

Амалбек ТШАН, қоғам қайраткері:
– Қазақ көбеймей, Алаш баласы­ның мәселесі шешілмейді. Егер халық­тың саны 20 миллионнан кем болса, ол мемлекеттің әртүрлі себептермен құ­рып кету қаупі бар. Сондықтан мен бұл сұраққа толық қосыламын. «Ұрпақ кө­беймей – ұлт өспес, құлын көбеймей – жылқы өспес» деген аталы сөз тегін айтылмаған. Сондықтан біз қалай де­сек те, әлемнің әр шалғайында жүрген 5 миллион қазақты Тәуелсіз Қазақ еліне қоныстандыруымыз керек. Еліміз Тәуелсіздік алғалы, шынын айту керек, біраз шаруаның басы қайырылды. Бақылау күшейтіліп, жемқорлық ты­йыл­са, Қазақстанның алып кемесі ар­шындап алға жылжи береді. Бұл ретте, оралмандарға ақша беріп жарытпасақ та, құжаттық кедергілерден арылтуы­мыз тиіс. Сонда елім деген қазақ өзі-ақ келеді.