Әлем халқы Алматыны әліге дейін апорт алмасы арқылы таниды
Биыл алматылықтар қала күнін әдеттегідей кең көлемде атап өтеді. 25 тамызда басталатын мерекелік іс-шаралар 30 қыркүйекке дейін жалғаспақ. Яғни, бір айдан астам уақыт алып шаһарда мәдени, ойын сауық іс-шаралары өтіп, қала әкімі әлеуметтік нысандардың ашылуына қатысады. Қала күніне арналған іс-шараларға Алматыда тұратын түрлі ұлт өкілдері бір кісідей атсалысады. Алматыдағы Қазақстан Халқы Ассамблеясы мүшелері де аталған шаралардан тыс қалмақ емес.
Жалпы, осы уақыт аралығында Алматыда 100-ден астам шара өтеді екен. Оның ішіндегі 50-і мәдени іс-шаралар. Дәстүрге айналған «Алма-FEST» алма фестивалі де осы тізімнің қатарында.
Тарихы мен атауы алма жемісімен тікелей байланысты Алматы шаһары үшін дәл осы фестивалді өткізу аса маңызды деп айтуға болады. Өйткені, тоқсаныншы жылдардан бері қарай қалада алма өсіру мәдениеті тұралап қалған еді. Мыңдаған гектарды алып жатқан алма бауының орнына үйлер салынып, көпшілігі жекеменшіктің қолына өтіп кетті. Салдарынан Алматыны бүкіл әлемге танытқан апорт алмасын дәл қазір сирек кездестіретін жағдайға жеттік.
Алматыны алмасынан айырдың деп біреуге кінә артайын деп отқанымыз жоқ. Бастысы бүгінгі билік өшкенімізді қайта жандыра бастады. Соңғы 4-5 жылдан бері қалада «Алма-FEST» фестивалі дәстүрлі түрде өтіп, алма өсірушілерге әжептеуір мотивация бере бастады. Жаңағы айтып отырған апорт алмасын өсіру ісі де қайта қолға алынды.
Ештен кеш жақсы дейді ғой атам қазақ, яғни, аталған фетиваль нағыз уақытында қолға алынған іс-шара болып отыр.
Биыл аталған фестиваль үш күнге жалғасады. 14-15 қыркүйек күндері Панфилов пен Жібек Жолы көшелерінің бойында өтсе, 16 қыркүйекте Тұңғыш Президент паркінің алдында жылдағы дәстүр бойынша ұйымдастырылады. Биыл да шараға бағбандар 100 тоннадан астам алма әкеледі деп жоспарлануда. Айта кетерлігі, алманың барлығы жергілікті бауда өсірілмеген, шетелдік жылыжайларда піскен жемістер де қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынылатын болады. Қолжетімді бағада.
Биылғы фестивальді Kazakh Tourism ұлттық компаниясы ұйымдастырып жатқанын да айта кету керек. Негізі былтыр қаланған компания «Алма-FEST» арқылы Қазақстанға көптеп шетелдік туристерді тартуға болатынын айтып отыр. Өйткені, әлем халқы Алматыны әліге дейін апорт алмасы арқылы таниды. Сондықтан, аталған фестивальді халықаралық деңгейге шығарамыз дейді ұлттық компанияның басқарма төрағасы Тимур Дүйсенғалиев.
Оның айтуынша, биылғы шараның басты ерекшелігі – алмадан түрлі тағамдар мен сусындар әзірлеп, мейрамханалар өзара сайысқа түсетіндігі. Яғни, жыл сайын фестиваль аясында тек алма сатылып келген болса, енді сол жемістен түрлі тағам әзірленетін болады және тұрғындарға ұсынылатын болады. Ең үздік тағам мен сусын әзірлеген мейрамханаға ұйымдастырушылар тарапынан қомақты сыйлық бар.
«Мұндай тәжірибе АҚШ пен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде бар. Алма фестиваліне ол елдерде туристер ағылып келеді. Демек қызығушылық бар деген сөз. Біздің қала алманың отаны, оны бүкіл әлем біледі, сондықтан фестивальдің ауқымын кеңейтсек, шетелден де туристер тартуға болады», - дейді Тимур Дүйсенғалиев.
Ендеше бұл фестиваль биыл рекордтық деңгейде қатысушы жинауы тиіс. Оған әрбіріңіз үлес қоса аласыз. 14, 15, 16 қыркүйек күндері Алматыда өтетін «Алма-FEST» фестиваліне келіп, алманың сан түрлі сортынан дәм ауыз тиіңіз, көтере алғаныңызша сөмкеңізге салып әкетіңіз.