Алматылық оқушы батырлар жырын жатқа айтып, 1,5 миллион теңге ұтып алды
Кеше «Алатау» дәстүрлі өнер театрында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен батырлар жырын жатқа айтудан «Тұлпар мініп, ту алған» атты әдеби және тарихи-танымдық байқауы мәреге жетті. Жобаға «Алпамыс батыр» жыры таңдалған. Байқауға Алматы қаласындағы барлық мектептің 6-10 сынып аралығында оқитын кез-келген оқушысы қатыстырылып, ішінен ең үздіктері топ жарды. Байқауға қатысуға қала бойынша 1300-ден астам оқушы өтініш білдірген.
Бірауыздан әділқазылардың шешімімен бірінші орынға және 1 500 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа Алматы қаласындағы № 180 мектептің 9 сынып оқушысы Аружан Абсатар иеленді. Екінші орынды және 1 000 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты №187 лицейдің 6 сынып оқушысы Бердашеву Абылай иемденсе, Үшінші орын мен 500 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықты №152 мектеп гимнизияның 9 сынып оқушысы Бекзат Шардарбек ұтып алған. Оқушылармен қатар оларды дайындаған ұстаздары да марапатсыз қалмады. Майра Мырзахметова, Айжан Оспанбекова и Фарида Сүлейменова секілді ұстаздар, яғни жүлдегер болған әрбір оқушының тәлімгерлері Англияның Оксфорд қаласындағы тіл білімін жетілдіру орталығында ағылшын тілін толық меңгеріп қайту мүмкіндігіне ие болды.
Алматы шаһарында алғаш рет ұйымдастырылып отырған бұл Ұлттық жобаға қатысушы өрендер «Алпамыс батыр» туралы жырды мүдірместен жатқа айтып, онда кездесетін көнерген сөздерді талдай отырып, жан-жақты түсіндіріп, қазылар алқасы тарапынан қойылған, мектеп бағдарламасы аясында әзірленген сұрақтарға жауап берген.
Айтулы байқауды Алматы қаласы әкімдігінің тапсырысымен «R-Medіa» компаниясы құрамында Алматы қалалық Ішкі саясат бөлімі, Білім, Тілдерді дамыту басқармаларының өкілдері бар Ұйымдастыру комитетінің өкілдерімен бірлесе жүзеге асырған.
«Тұлпар мініп, ту алған» атты әдеби және тарихи-танымдық байқауының мақсаты – балалар арасында кітап оқуды, оның ішінде қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттау; сол арқылы өрендерді патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухына, өрлік, қайсарлық қасиеттерге баулу; талантты балаларды анықтап, оларды көптің алдына шығарып, қолдау көрсету; қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдерінің де мәртебесін көтеріп, олардың кәсіби біліктілігін шыңдауына жағдай жасау.
«Алпамыс батыр» – қазақ халқының қаһармандық эпосы. Жырдың халықтың есінен мәңгілік ұмытылмастай орын алу себебі – онда тарихи-әлеуметтік шындықтың биік көркемдікпен жырлануында. Мұндағы бейнеленетін көріністердің бәрі де қазақтың көшпелі өміріне тән, мейлінше жақын дүниелер. Алдағы жылдары «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр» жырларының да осындай бірегей жобаға арқау боларына сенеміз.
Еркенұр Ерзия