Бір халық. Бір ел. Бір тағдыр

Ашық аспан астында әсем әндер шырқалды

  • Ашық аспан астында әсем әндер шырқалды

    Ашық аспан астында әсем әндер шырқалды

 Табиғаты тамылжыған, сұлулығы жарасқан Көктөбе демалыс саябағында өткен «Көктөбе Opera-2018» классикалық музыка мерекесі биыл да талғампаз тыңдармандарды қуанышқа бөледі. Алматы қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасы ашық аспан астындағы әсем ән думанын Қала күні мерекесіне тарту ретінде арнайы ұйымдастырды. Рухани маңызы терең бұл мәдени шараға Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек қатысты. Сондай-ақ бір шаңырақ астында ынтымағы жарасқан түрлі ұлт өкілдерінен құрылған өнер майталмандары да кеште төбе көрсетті. 


«Көктөбе Opera» классикалық музыка мерекесі 2016 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен тарихи мерейтойы халықаралық дәрежеде атап өтілген Алматы қаласының 1000 жылдық мерейтойына орай алғаш шымылдығын ашқан бола­тын. Содан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан ән думаны өнер шыңы – опера тыңдар­манының сүйікті мерекесіне айналды. Таңғажайып табиғат аясындағы дәстүрге айналған музыка мерекесі биыл үшінші рет өнерсүйер қауымды қуантты. А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан үзіндімен шымылдығы ашылған мәдени шара екі күн бойы алматылықтардың жүрегін әсем ән бесігінде тербетті. Классикалық ән мерекесінде симфо­ниялық оркестрдің сүйемелдеуімен Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының танымал солистері мен опера жұлдыздары орындаған әлемге әйгілі композиторлардың ең үздік тамаша туындыларын өнерсүйер қауым тамсана тыңдады. П.Чай­ковский, Ш.Гуно, Л.Делиб, Т.Аль­бинони, Д.Пуччини, Г.Дони­цетти, Дж.Верди, Дж.Россини, Ж.Бизе тәрізді жаһан жүзіне белгілі композиторлардың классикалық таңғажайып туындылары тыңдар­мандарға естен кетпес қуаныш сыйлады. Дирижер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев болды. Өнер думанында кештің басты қонағы болған ита­лиялық тенор Винченцо Костанца Д.Пуччини, Г.Доницетти, Дж.Вер­дидің музыкалық шығармаларын орындап, тыңдармандарды талабы­мен тамсандырды. Өнерсүйер қауым әсем безендірілген сахна төріндегі өнерпаздарға қызу қошемет білдіріп, шабыттандырып отырды.


 


Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дирижер Алан Бөрібаев бұл музыка мерекесін алматы­лықтар асыға күтетінін атап өтті.


– Жаздың соңғы күндерінде табиғаты таңғажайып Алматыда өнер көрсеткеніме қуаныштымын. Адамның есінде ерекше сақталып қалатын жарқын сәттерге толы жазғы фестивальдерді өткізу дүние жүзінде дәстүрге айналған. Жақында Римде осындай жазғы опералық музыка фестиваліне қатыстым. Мельбурнда ашық аспан астындағы көрікті жерлердің бірінде дирижерлік еттім. Теңізге жақын орналасқан көрікті жерде өткен концерт жазғы керемет кештердің бірі ретінде есімде сақталып қалды. Аспан күмбезінде жарқыраған жұлдыздар жарығымен тылсым түнде тамсандырып тұрды. Міне, осындай жазғы кештер қаламыздың көрікті орындарының бірі – Көктө­беде өтетіні көңілге қуаныш ұяла­тады. «Көктөбе Opera» классикалық музыка мерекесі алматылықтар жыл сайын сүйіспеншілікпен асыға күтетін әдемі бір дәстүрге айналып үлгерді, – деді Алан Бөрібаев.


 


Көктөбедегі концерт керемет өтті. Жадыраған жазғы кеште тарихи тамыры мың жылдарға таралған шаһар шырайына тамсана отырып, табиғат аясында жан-дүниеңді нұрландыратын тамаша ән тыңдағанға не жетсін, шіркін! Әсем әуенмен әрленген Көктөбедегі керемет кеш көрерменді табиғаттың тал бесігінде тербеді. Төңіректегі тылсым табиғат кешкі самал лебіне тербеле сахнадағы сиқырлы сазды сүйсіне тыңдап, еркелей билеп тұрған тәрізді болды. Түнгі Алматының жұлдызды аспанында әуелеген әсем әуен жұртшылықтың жүрегін жылытты, көрермен көңілінде қасиетті қалаға деген сүйіспеншілік сезімін асқақтатты. Сахнадан шашудай шашылған әрбір әуен Көктөбедегі кештің көркін кіргізіп, ару қаламыздың ажарын аша түсті. Тәтті әуенге толы тамылжыған тамыз кешінде жасыл желегі жарасқан Көктөбенің келбеті көктемдей көріктеніп, саябақ іші сырлы саздың сиқырымен сұлула­нып кеткендей көрінді. Табиғат аясындағы музыка мерекесінде өнерсүйер қауым қуат болып құйылған әдемі әннен әсерленіп, жігерленіп, көңілі қанаттанып, қуаныштан құлпырып тұрғандай керемет күй кешті. Сахнадағы сиқырлы саз көрермен көңіліндегі сезімін теңіздей толқытты.


almaty-akshamy.kz




Көрілген: 664    Пікірлер: 0

сейсенбі, 28.08.2018, 17:06

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    1 Қараша 2018
    Бірлік түбі береке
    19 Қыркүйек 2018
    Достық әні шырқалды...
    17 Қыркүйек 2018
    Туған тілім – тірегім!

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31