Бүгін – Рухани келісім күні
Бүгін елімізде айтулы күн, яғни «Рухани келісім күні». Бұл айтулы мереке 1992 жылдың 18 қазанында Алматыда қаласында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Бірінші «Бүкіләлімдік рухани келісім конгресі» өткен күннен бастау алған. Сол күні жиынға қатысушылар қазан айының 18-ін «Рухани келісім күні» - қақтығыстар мен жанжалдарға тосқауыл қою, татулық іздеу, жақынға қайырымдылық және көмек күні деп жариялау туралы манифест қабылдаған болатын. Осы манифест Алматы қаласында қабылданғандықтан Алматы «Рухани келісім күнінің» алтын бесігіндей әсер береді.
«Рухани келісім күні» еліміздегі әртүрлі ұлттар мен дәстүрлі діндердің арасындағы ауызбіршілік пен татулықтың, тыныштық пен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен ынтымақтың мерекесі. Еліміз бүгінгі күннің биігіне осындай берекелі бірліктің арқасында жетті. Өйткені кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экомикалық дамуы сол елдегі халықтардың өзара татулығының арқасында екені баршаға белгілі. Бұл жетістіктің бастауы Елбасымыздың сындарлы саясатында жатыр.
Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде осы айтулы мерекеге орайластырып әртүрлі іс-шаралар өтуде. Оған елімізде тіршілік кешіп, өсіп-өніп жатқан түрлі ұлттар мен ұлыстардың және әртүрлі мәдениеттің өкілдері қатысуда.
Әлемдегі болып жатқан түрлі қақтығыстар мен жанжалдарды тоқтатуға үндеп, елімізде ғана емес дүние жүзінде тыныштық пен бейбітшілік орнауына үлес қосуды мақсат тұтқан мемлекетіміздің мұраты асыл, мақсаты айқын. Жыл сайын қайырымдылық пен көмекке шақыратын, сыйластық пен бірлікті арттыратын мерекенің маңызы артып, қанатын кеңге жайып келеді. Алматы қаласында мекен еткен өзге ұлт пен ұлыстың және әртүрлі дін өкілдері де «Рухани келісім күнін» ыстық ықыласпен күтіп, түрлі шаралар ұйымдастырады.
Нұрлы Еділов