Достық әні шырқалды...
Алматы мемлекеттік бизнес колледжінде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында достықты, тарих пен мәдениетті арқау еткен әсерлі кеш өтті. Кешті «Қоғамдық келісім» коммуналдық мекемесі мен Алматы мемлекеттік бизнес колледжі ұйымдастырып, оған қаламыздағы этно-мәдени бірлестіктер төрағалары мен мүшелері, колледж студенттері қатысты.
– «Бүгін өте бір жылы шуақ шашқан күн болды. Қонақжай шаңырағымызға Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері келіп, жастарымызға ұлы достықтың өнегесін көрсетіп отыр. Үлкен шаңырақ астындағы бейбітшілік бесігіне тербелген мемлекетіміздің тату тіршілігі мен ауызбіршілік арқасында Елбасымыз салған сара жолмен келе жатқанымыз туралы жастарға жан-жақты айтып берді. Біздің колледжде 16 ұлттың өкілі білім алып жатыр. Олар білім алып, маман болып шығады. Сонымен қатар, өз ұлттарының тарихын, салт-дәстүрін де дәріптеп, терең танитын болады, – дейді колледж басшысы Гүлфайруз Қасымова.
Колледжде білім алып жатқан жастар шетінен өнерлі. Сахнаға кезектесе шыққан жастар 16 ұлттың ұлттық өнерін көрсетті.
– Шын мәнінде бүгінгі кеш өте маңыздылығымен ерекшеленіп отыр. Бұл кешіміздегі шынайы достықтың, тұрақтылықтың жарқын көрінісі, – деп атап көрсетті «Қоғамдық келісім» мекемесінің директоры Жаннат Шарапханқызы.
Кеш барысында студенттер арасында Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихына байланысты конкурс ұйымдастырылды. Ұтымды жауап қайтарған студенттерге естелік сыйлықтар табыс етілді. Кеш соңында қонақтар әр түрлі этностардың ұлттық асханаларының көрмесін тамашалады.
Еркенұр Ерзия