Достықты насихаттаған кездесу

05 қараша 2018, 12:44

Достық пен татаулықтың адам өмірінде алар орны ерекше. Халықтар арасындағы достық ынтымақ пен берекенің бастауы. Сондықтан адам бойындағы құнды қасиеттерді насихаттап, жас ұрпақ бойына сіңіру үшін жасалып жатқан әрбір жұмыс қасиетті. Осындай ізгі мақсатпен Абай атындағы ҚазҰПУ-дың «Лидер» студенттер клубы Алматы қаласында орналасқан №1 балалар үйінде «Достық - таусылмас қазына» тақырыбында мәдени-танымдық іс-шара ұйымдастырды, - деп хабарлайды Алаш айнасы.

Бұл іс-шарада студенттер балаларға «Достық - таусылмас қазына» тақырыбының мәнін түсіндіру үшін атақты адамдардың, ғалымдардың, философтардың адамдар арасындағы, халықтар арасындағы достық туралы қанатты сөздерін айтып, мысалдар келтірді. Мұндай қанатты сөздер достық атты ұлы сезімнің құдіретін сезінуге, оны өмір бойы қадірлеуге көмектеседі. Сонымен қатар, Қазақстанның тұңғыш президенті Н.Ә. Назарбаевтың достарының жастық шақтары туралы жазған естіліктері де оқылды. Ұйымдастырушылар халықаралық достықтың маңызы туралы айтып, ол барлық жетістіктің бастауы болатынына тоқталып, адамдар арасындағы достық сезімі ұлтқа, ұлысқа бөлінбейтінін кеңірек әңгімеледі. Өйткені балалық шақта қалыптасқан достық қарым-қатынас өмірлік ұстанымның қалыптасуына көмектеседі.

Сондай-ақ, аталмыш кездесуде студенттер бүлдіршіндеге «Ерекше достық» тақырыбында да әңгімелеп, мысал ретінде Коста-Рикалық балықшы мен қолтырауын арасында 20 жылға созылған достықтың тарихы туралы баяндап берді. Жеткіншектерге достықты насихаттаған іс-шара өте қызықты болғаны соншалық, олар студенттердің жиі келіп, осындай кездесу ұйымдастырып тұруларын өтінді. Балалар іс-шара барысында студенттермен бірге ойындар ойнап, ән айтып, би билеп көңіл көтерді.

Ұйымдастырушы студенттер барлық балаларға сыйлықтар таратты. Кездесу соңында «Lider» студенттер клубының жетекшісі Анар Әлімбекова және №1 балалар үйінің педагогтары сөз сөйлеп, балаларға және ұйымдастырушы студенттерге алғыстарын айтты. Өте қызықты өткен іс-шара барлық қатысушылардың көңілдерінен шықты.

Нұрлы Еділов