Медиация институтының маңызы артып келеді
Азаматтық дау-дамайды сотқа жеткізбей шешу, шығынды азайтып, уақытты үнемдеу. Осы мақсатта Алматыдағы Достық үйінде ұлтаралық келісімді нығайтуда медиация институтының маңызына арналған жиын өтті.
Шара Қазақстан халқы Ассамблеясы, сот және құқық қорғау ұйымдарының бірлесуімен өтті. Сарапшылар Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» бағдарламасында көрсетілген халықтың құқықтық мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығын атап айтты. Жиынға қатысушылар көптеген қазақстандықтардың дау-дамайларды сотқа жеткізбей шешуді қалайтынын жеткізді. Атап айтқанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы даулы істі шешу механизмдерін түсіндіру бойынша қалалық және аудандық әкімдіктермен тығыз жұмыс атқарып келеді. Алматыда қазір келіспей қалған тараптардың мәселелерін құқықтық жолмен шешуге мүмкіндік беретін 20 медиация кабинеті жұмыс істейді.
Абилфас Хамедов, ҚХА төрағасының орынбасары:
- Біз әлемдік қауымдастықта Қазақстанның қалай дамып келе жатқанын көріп отырмыз. Демек медиация мәселесін шешу керек. Қазір еліміздің көптеген аймақтарында сотқа дейінгі реттеу жұмыстары жүреді. Біз оның қаншалықты қажет екенін байқадық. Даму да жоқ емес. Сонымен қатар жиынға қатысушылар нотариустар арқылы дауды реттеу тәжірибесін оң бағалады. Бұл механизм де тараптарға сотқа жүгірмей, шығын мен уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл қызмет мүлік және қаржы мәселелері бойынша азаматтық дауларды, банк пен коммуналдық шаруашылықтар алдындағы берешек мәселелерін шешу үшін қолхат беру негізінде қолданылады. Алматы қаласы нотариалды палатасының өкілдерінің айтуынша, бір ғана қыркүйек айында нотариустар 2000-ға жуық даулы іс бойынша «орындаушылық хат» толтырған. Бұл көрсеткіш ай сайын өсіп келеді.
Еркенұр Ерзия