Командир Малыштың «Рокер» ротасы туралы не білеміз?

09 мамыр 2012, 08:01

Қазақ партизандары дегенде алдымен Қасым Қайсенов пен Әди Шәріповтер еске түседі. Ол түсінікті де. Қан майданнан кейін қаруын қаламға айырбастап, бейбіт күннің қандай ерліктермен келгенін әдеби шығарма­ла­рына арқау етіп, жас ұрпаққа тәлім болу үшін бірталай ес­те­лік еңбек жазып кеткен ба­баларымыз аз емес. Кішкентайымыздан «Жау тылындағы баланы»  жастанып оқып, қиялмен көз алдымызға соғысты елестететінбіз. Ал ерлігі мен өрлігі талай кітапқа арқау болатын беймәлім батыр­ларымыз қаншама! Соғыстан кейінгі кеңестік «сүзгінің» қанша қаһарманды қор қылғанын кейін ғана естіп-білудеміз. Солардың бірі әрі бірегейі – тағдыры тауқыметке толы, Екінші дүниежүзілік соғыста Франция бас көтерушілерінің символына айналған әйгілі генерал Шарль де Гольдің өз қолынан марапат алған қайсар қазақ Қабыш Омарұлы.
Қабекең – Француз Республикасының таң­даулы батырларға беретін «Фран­ция­ның Даңқ кресті» орденінің, көптеген ме­даль­дың иегері, 17 ұлттың өкілінен құ­рал­ған ин­тернационалды  «Рокер» пар­­­ти­­зандар ро­тасының командирі. Осы­дан бірнеше жыл бұрын 90-нан асқанда дү­ниеден оз­ған Қабыш Омарұлы жайында кезінде «Өне­гелі өмір» кітабын жазған, се­мей­лік эт­нограф-шежіреші, қоғам қай­рат­кері Мол­дабек Жанболатұлына жолығып, қа­­зақ батырының болмыс-бітімі туралы әң­­гі­мелеп беруді өтінген едік.
– Молдаш аға, алғашқы сұрағымыз: Қабыш ақсақалдың осынша жыл елге ба­тыр­лық қырларының кеңінен та­ныл­май келуіне не себеп?
– Сұрағыңыз орынды. Бірнеше себепті айтуға болады. Ең маңыздысы –  Қабекең­нің қарапайым болмыс-бітімі. 1945 жыл­ғы Жеңіс мейрамынан кейін елдегі көпшілік оның Франциядағы ерліктері туралы ал­ғаш рет тек 1975 жылы Семейдегі салта­нат­ты жиналыста ұлтжанды азамат Екейбай Қашағановтың ауызынан естиді. Облыстық ке­ңестің төрағасы бұл туралы «Семей та­ңы» газетінің журналисі Жұмаш Серік­бо­ловтың «Франция жерінде» атты ма­қа­ла­сынан біледі. Ел-жұрт ерлік деп айтып жүр­ген жанқиярлық күресін адами боры­шы деп есептеп, таңғалғандарға: «Қайдағы ба­тырлық?! Басқа майдангерлерден артық же­рім жоқ. Олардың әрқайсысын батыр деу­ге бармын. Тағдырым Францияға тап кел­тірді, сол жерде қарсылық қозғалысына қа­тыстым», – деп қоя салады. Кейінгі себеп Ке­ңестер Одағы қауіпсіздік қызметінің тұт­қынға түсіп, кейін шетелде жүріп, фашис­тер­мен соғысса да, сенімсіздікпен қарап, та­лай жыл тергеп, тексеріп, жанын күйзелт­ке­ні болса керек.
– Өмірбаян деректеріне де аз-кем тоқ­талып өтсеңіз...
– Қабыш Омарұлы 1919 жылы ше­жі­релі өлке – Шыңғыстауда дүниеге келген. Әйгілі Кеңгірбай бидің  же­тін­ші ұрпағы. Әкесі Омар төңкерістен ке­йінгі аласа­пыранда тергеусіз, сотсыз аты­лып кетсе, атасы Ақтан ірі бай бол­­ғандықтан, мал-пұлы тәркіленіп, мүлік-қа­зынасы қат­талып, жер аударылып кет­кен. 1931 жылы қол­дан жасалған аштық қа­зақты қынадай қырды, ал оның соңы халықтың Шыңғыстау кө­терілісіне ұласты. Қабекеңнің бұдан ке­йінгі өмірі жетімдер үйімен жал­ғас­ты. Мұн­дай сұр қабырғалы сүреңсіз ғима­рат­тарды бірінен кейін бірін ауыстырған ол орта мектепті үздік аяқтап, жеңілдігі бар деген соң, Ленинградтағы әскери техника­лық байланысшылар учи­ли­щесіне оқуға түседі. Қиындықсыз түсіп ке­туіне спорттағы үлкен жетістіктері мен «Во­рошилов мер­гені» кеудебелгісі се­беп­кер болады. «Міне, аза­мат болдым, ма­ман­дық меңгердім, ен­ді ауылға барып ең­бек етемін» деп жүр­генде 1941 жылдың 22 маусымы ке­леді...
– Қабыш ақсақал соғысты қай жер­де қарсы алған?
– Училищені жаңа тамамдаған жас офи­цер өзге де әріптестерімен дәл ше­карада еді, не қару-жарақ дайындалмаған, қа­персіз отырғанда, тұтқиылдан жау ен­телеп лап қояды. Төбеден – ұшағы, жерде зең­бірек, танкісі төпелеп жатқанда, бұ­лар­да тосқауыл болар тек 40 снаряды бар зең­бірек, төрт лентасы бар пулемет пен төрт дана мылтық қана болатын. Бомбалаудың астында қалып, есінен айырылып, не­містердің «Штей ауф, шнелімен» тұтқынға түседі. Тұтқындар түгелдей ішкі Германияға жөнелтіліп, қара жұмысқа жегіледі. Бір­не­ше рет қашуға әрекеттеніп, сәтсіздікке ұшы­райды. Ақыры француз қарсыласу қоз­ғалысының мүшелерімен танысып, қо­лай­лы сәттің бірінде лагерьден қашып шығады.
– Партизандық қозғалыстың бел­сен­ді мүшесі болатын да осы кез бе?
– Иә, бұдан кейін өзінің ептілігімен, ер­жүректігімен бірнеше рет көзге түсіп, қа­зақ, орыс, белорус, татар және қырғыз сияқ­ты 17 ұлттың өкілінен тұратын топқа ко­мандир болады. Рота Рокер деген атпен мәлім болса, Қабыш Малыш деген бүр­кеншік атпен жүрді. Бірде өзіне түр-тұрпаты ұқсас, жау тылындағы асханада жұмыс істейтін адамның орнына барып, көптеген құнды дерек алып қайтады. Осы қауіпті қадам партизандарға олжа салады. Та­ғы бір жорықта қару-жарақ тиелген жүк по­йызының жолын істен шығарады. Жау­дың бірнеше жоспарын күл-талқан еткен топтың азиат жетекшісі туралы мәлімет фашистер құлағына да жетеді. Тіпті Ма­лыштың көзін жойғанға қомақты сыйлық та тағайындалады. Тулуза қаласын азат ету немістердің жеңілісін жақындата түскен еді. Партизандар жеңісін арнайы атап өтуге Шарль де Голь қатысады. Бұл шара 1944 жылы 21 тамызда аталып өтеді. Туған қа­ла­сын азат еткендерге ризашылығын біл­дірген генералмен лейтенант Омаровтың та кездесуі сәті түседі. Генерал: «Сіздердің бұл ерліктеріңізді француз халқы құр­мет­тейді, мәңгі ұмытпайды», – деген ізгі тілегін жет­кізеді. Ал Қабышқа Бусенс, Сан-Жерон қалаларын азат етудегі және жаудың соғыс техникасы мен әскери күшін талқандаудағы ерліктері үшін – Француз Республикасының екі медалі, Тулуза қаласын босатудағы жеке ерлігі үшін «Францияның Даңқ кресті» ордені тапсырылады. Бұдан кейін «рокерліктер» Париж, Леон, Марсель сияқты қалаларды жаудан тазартуға қатысты.
– «Даңқ» орденінің иегері елімізде даңқ­қа бөленді ме?
– Әрине, ол кезде Одақтың коммунистік сая­саты капиталистерді жақтырмайтын. Сон­дықтан болар, Франциядағы ерлікке көп уақыт күмәнмен қарау былай тұрсын, тер­геп, тексерулер кейде тіпті фашистік ла­герьдегіден асып түсетін. Алайда ондай қиындықтан әбден ысылған Қабыш Омар­ұлы мойымады. Еңбекке араласты, қо­сым­ша білім алды, спорт саласында шәкірт тәрбиелеп, талай жасқа қамқор болды. Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чем­пио­ны Жақсылық Үшкемпіровтің биік дә­режеге көтерілуіне атсалысты. Облыстық спорт және денешынықтыру комитеті төр­аға­сының орынбасары, ауыл жаста­ры­ның ерік­ті «Қайрат» қоғамының төрағасы қыз­мет­терін жемісті атқарды. Абай айтқандай, бар­шаның баласын бауырға басып, ұлтқа бөл­меді, қазақты тұтастай дос көріп, руы­мен мақтанбады, жік салмады. Отбасында сү­йікті жар, үлгілі әке бола білді. Қазір ба­ла­лары әр салада ел игілігі үшін еңбек ету­де.
– Оқырмандарымызға құнды де­рек­тер ұсынып, уақыт тауып, салиқалы сұх­бат бергеніңіз үшін алғыс ай­тамыз.
«Аққа Құдай жақ» дейді халық да­налығы. Балалық шақтан бастап қаншама қы­сым көрсе де, Кеңес Одағын тұтастай Ота­ным деп есептеп, сол Отанның ты­ныштығы мен бейбіт күні үшін жат жерде жүріп, жан аямай күрескен батыр баба­ларымыздың барлығына, көптігіне шү­кір­лік. Осындай өнегелі өмір біздің жастардың жү­регіне ізгілік, елжандылық, қайсарлық сияқты мінездерді қалыптастыруға дәнекер болса, еңбегіміздің далаға кетпегені.