Біржан Жақыпов: Нәпәқамды бокстан тауып жүрген соң, спорттан кеткім келмейді
Бұл күндері Алматыдағы «Балуан Шолақ» атындағы спорт ғимаратында бокстан Президент кубогы жолындағы ІV халықаралық турнир өтіп жатыр. Бұл турнирге Қазақстан құрамасы толық құрамда қатысуда. Оның ішінде Біржан Жақыпов та бар. Турнирдің ширек финалдық кездесулері аяқталғаннан кейін «Алаш айнасының» тілшісі Біржанмен жолығып, сұхбатқа тартқан еді.
– Біржан, алдымен Президент кубогы турнирі туралы айтып берсеңіз. Қандай деңгейде өтіп жатыр?
– Турнир жоғары деңгейде өтіп жатыр деуге толық негіз бар. Өйткені, шет елден келген боксшыларға Қазақстан бокс федерациясы барлық жағдайды жасап отыр. Боксшылардың деңгейі де осал емес. Әсіресе, Куба, Өзбекстан, Филиппин, Моңғолия елдерінің спортшылары өте мықты.
– Халықаралық турнирге шыққанда сіздердің де жағдайларыңызды дәл осылай жоғары деңгейде жасайды ма?
– Алматыда өткен Әлем чемпионатынан кейін қанша уақыт демалдыңыз. Қашаннан бастап жаттығу жұмыстарына кірістіңіз?
– Әлем чемпионатынан кейін ұзақ дем алған жоқпыз. Екі ай ғана шығар. Желтоқсан айынан бастап қайта жаттығу жұмыстарына кірісіп кеттік.
– Ал Президент кубогы турниріне қайда дайындалдыңыздар?
– Президент кубогына біз Алматының маңында жуырда ғана ашылған AIBA-ның академиясында дайындалдық. Ұлттық құрамамен бірге. Өте керемет жер екен. Боксшыларға барлық жағдай жасалған. Мұндай ғимарат өзге елдерде жоқ десем қателеспейтін шығармын. Себебі, біз қанша елде турнирге бардық. Бірақ, мұндай жаттығу залын байқамадық.
– Айтпақшы, сіз Әлем чемпионы атанған соң ОҚО әкімдігі сізге пәтер берді дегенді естідік. Сол пәтерді шынымен алдыңыз ба? Өйткені, қазіргі таңда көптеген спортшылардың пәтерге байланысты бастары дауға ұшарып жүр.
– Пәтерді алдым. Бірақ, ол менің атымда емес, мемлекеттің атында тіркеуде тұр. Сатып ал, жекешелендіріп ал деген әңгіме болған жоқ. Мемлекеттің атында. Егер заңда қандай да бір өзгеріс болып кетпесе, ол жақта менің тұра беруіме болады.
– Енді көпшіліктің көкейінде жүрген сауалды қойсам. Көптеген бокс жанкүйерлері әлем біріншілігін аяқталғаннан соң, сізді бокстан кетеді деген болатын. Бірақ, сіз ол кісілердің пікірін жоққа шығарып, қайта жұдырықтасып жүрсіз. Спорттан қашан кететін ойыңыз бар?
– Шыны керек, оны өзімде білмеймін. Әр жыл басталғанда «осы соңғы жыл, соңғы жыл» деп жүргеніме де 5-6 жыл болып қалыпты. Енді бокстан нәпәқамды тауып жүрген соң, спорттан кеткім де келмейді. Себебі, менің қолымнан бокстасқаннан басқа ештеме келмейтін сияқты. Бар өмірімді осы боксқа арнаған адамбыз ғой. Сондықтан бүгін не ертең кетемін деп айта алмаймын. Бұйыртқанын көре жатармыз.
– Нәпәқамды бокстан тауып жүрмін деп қалдыңыз. Құпия болмаса боксшылардың жалақысы қанша болатынын айтып кетсеңіз ...
– Денешынықтыру және спорт агенттігі ары кетсе 50-60 мың теңге беретін шығар боксшыларға. Бізге негізі федерация көп көмектеседі. Қазақстан бокс федерациясының боксшылардың деңгейіне қарап беретін жалақылары 2-3 мың доллардың көлемінде.
– Кәсіпқой боксқа ауысу туралы ойлап көрмедіңіз бе?
– Жоқ. Ондай ой мүлде болмады.
– «Астана Арландары» командасының шақырту алдыңыз ба?
– Былтыр «Арландардың» қатарына шақырту алған едік. Ұлттық құрама сапындағы бірнеше жігіттермен бірге. Бірақ, құраманың қатырында жаттығу жұмыстарын жасап жүргендіктен, ол жаққа бара алмадық. Ал, биыл ол серияның төртінші маусымы аяқталып қалды. Бесінші маусымы желтоқсанда басталады деп естідім. Әзірше, шақырту алған жоқпын. Бірақ, «арландар» қыркүйек айында жиналады ғой. Сол кезде шақыртып жатса, бұл мәселені де ойластырып көреміз.
– Үлкен спортпен қош айтысқан соң, бапкер болуға қалай қарайсыз?
– Қарсы емеспін. Оның үстіне мен М.Әуезов атындағы ОҚО мемлекеттік университетінің дене шынықтыру факультетін бітіріп алғанмын. Спортшы ғұмырымды аяқтағаннан кейін, бапкер болатын да шығармын. Өйткені, тағы да айтайын, біз өмірімізді тек боксқа арнаған адамбыз.
– Енді Президент кубогына қайта оралсақ, бұл турнирде Қазақстан үш құрамамен өнер көрсетіп жатыр. Демек, әр салмақта үш боксшы деген сөз. Осы орайда сіз өнер көрсететін 49 келідегі ел боксшыларының деңгейі туралы айтып өтсеңіз ...
– Құрмаға шақыртылған жігіттердің барлығы да осал емес. Сайдың тасындай іріктелген. 49 келіде Теміртас Жүсіпов пен Жомарт Ержан деген жігіттер бар. Соңғысы кеше Президент кубогының жартылай финалына шықты. Ал, Теміртас бірінші айналымда кубалық боксшыға жеңіліп қалды. Өзінен неге жеңіліп қалдың деп сұрасам – шамалы шаршап қалдым дейді. Бірақ, бұл жігіттің әлеуеті зор екеніне мен сенімдімін. Жомарттың да қарқыны күшті. Алдағы уақытта бұл салмақтағы бірінші нөмірлі боксшы болуға осы екі жігіттің таласатындығына күмән келтірмеймін.
– Өзбекстан құрамасында өнер көрсететін Хасанбай Дусматов туралы не айтасыз. Бұл боксшымен сіз әлем біріншілігінде кездесіп, өте қиын жекпе-жекте жеңген едіңіз. Дегенмен Хасанбайдың деңгейі өткен жылға қарағанда өсіп қалған сияқты ...
– Хасанбай мықты жігіт. Былтыр әлем чемпионаты барысында шамалы тәжирибесі жетіспей тұрған сияқты еді. Енді қарап отырсаңыз оның деңгейі өсіп, қарқынға-қарқын қосыпты. Дегенмен, мен де қарап отырған жоқпын. Күніне екі не үш жаттығу жұмыстарын жасап жүрмін. Сондықтан да биыл мен оны тағы жеңетінімен сенімдімін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Автор: Уалихан Қосанбай
Жұлдыз
Радиосы