Фируза Шәріпова әлемнің абсолют чемпионынан жеңіліп қалды – видео

12 желтоқсан 2021, 10:45

Қазақстандық кәсіпқой бокста осымен екінші рет жеңіліске ұшырады. Сондай-ақ оның қоржынында 14 жеңіс бар

Қазақстандық боксшы қыз Фируза Шәріпова жеңіл салмақтағы әлемнің абсолют чемпионы ирландиялық Кэти Тэйлордан жеңіліп қалды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Тэйлордың барлық чемпиондық белбеуі сарапқа салынған жекпе-жек Англияның Ливерпуль қаласында өтті. 

Айқас он раундқа жоспарланып, бүкіл дистанцияға созылды. Қыздар әр раундта екі-екі минуттан жұдырықтасты.

Фируза бүкіл раунд бойы Тэйлорға лайықты қарсылық көрсете білді. Алайда ирландиялық боксшы мықтырақ болды. Осылайша төрешілер жеңісті бірауыздан Кэтиге берді – 98:92, 97:92, 96:93. Сөйтіп ол чемпиондық белбеулерін сақтап қалды.

Ливерпульдегі бокс кешін промоутерлік Matchroom Boxing компаниясы ұйымдастырды.

Қазақстандық кәсіпқой бокста екінші рет жеңіліске ұшырады. Сондай-ақ оның қоржынында 14 жеңіс бар.

Бұған дейін Шәріпова сұхбат кезінде егер жеңіп жатса, өз жеңісін Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнайтынын мәлімдеген еді.