Геннадий Головкин 3 титул үшін айқасы алдында кері есеп бастады

03 сәуір 2022, 22:21

Қазақстандық боксшы, IBF және IBO нұсқалары бойыншаорта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) жапондық Риота Муратамен (16-2, 13 КО) жекпе-жегіне дейін кері есеп жүргізе бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Орта салмақтағы WBA Super, IBF және IBO нұсқалары бойынша чемпиондық титулдар үшін жекпе-жек 9 сәуір күні Жапонияның Сайтама қаласында өтеді.

Г. Головкин Instagram-дағы парақшасында жаттығу барысынан видео жариялап: «One week to go! Жекпе-жекке бір апта қалды. Одна неделя до боя», - деп жазды.

Осы күндері қазақстандық боксшы командасымен бірге Жапонияда жүр. Оны журналистер мен фанаттар әуежайдан ыстық ықыласпен күтіп алды.

Головкин журналистерге берген сұхбатында келісім Р.Муратамен болғандықтан, өзге қарсыластарды қарастырмағанын мәлім етті.

«Жапониядағы пандемия жағдайына байланысты жекпе-жек қай уақытқа ысырылатыны белгісіз еді. Муратаның орнына басқа біреумен айқас өткізуді жоспарлаған жоқсың ба?» деп сұрады тілші Қазақстан боксшысынан.

«Ол жөнінде ойлағаным жоқ. Бұл айқас мен үшін маңызды. Онымен бір мезгілде мен Муратаны өте құрметтеймін. Біз осы белдіктер үшін жекпе-жек өткізгіміз келеді. Бір-бірімізге деген сыйластық мәселесіне оралар болсақ, қол жеткізілген келісімді бұзу жөнінде ойлағанымыз да жоқ», - деп жауап берді Геннадий.

Головкин-Мурата айқасы DAZN платформасындағы әлемнің 200-ден астам елінде тікелей көрсетіледі (Жапония, Оңтүстік Корея және Қазақстаннан басқа). Алайда, бокс кешін Қазақстанның қай телеарнасы көрсететіні әзірге белгісіз.

Айта кетейік, Геннадий 2020 жылдың желтоқсанынан бері рингке шыққан жоқ. Ол кезде поляк Камил Шереметаны техникалық нокаутпен жеңіп, өзіне тиесілі чемпиондық белдіктерді қорғап қалған болатын.