Головкин әлде Бивол? Маман "Канелоның" келесі қарсы кім болатынын айтты

11 мамыр 2022, 19:03

Жартылай ауыр салмақтағы WBA белбеуінің иегері ресейлік Дмитрий Бивол (20-0, 11 КО) мен мексикалық Сауль "Канело" Альварес (57-2-2, 39 КО)  арасындағы екінші кездесуді өткізу екі боксшы үшін де дұрыс шешім болады. Бұл туралы Vesti.kz тілшісіне берген сұқбатында ұлыбританиялық журналист Бен Смит айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі.

Сондай-ақ маман мексиикалық боксшы мен Геннадий Головкин (41-1-1, 37 КО)  арасындағы үшінші кездесу кейінге шегерілетінін түсіндірді.

 

Еске салайық, Бивол 8 мамыр күні Лас-Вегаста өткен кездесуде "Канелоны" төрешілердің шешімі бойынша жеңген еді.

 

"Бұл кездесудің бірінші раундтары тең өтті. Кейін Бивол жекпе-жекті өз бақылауына алды. Дмитрий керемет тактика құрып шығыпты. Оған қарсы "Канело" еш айла таба алмады. Бивол сөзсіз жеңіске жетті. Енді мен олардың екінші кездесуі өтеді деп сенемін. Тіпті Бивол мен "Канелоның" арасындағы реванш мексикалықтың Головкинмен трилогиясынан маңызды. Екінші кездесуден көп ақша түсіреді. Ал GGG мен "Канело" арасындағы айқас кейінге қалдырылады", - деді Смит.

 

Айта кетейік, осы кездесуден кейін Бивол Головкин мен "Канело" арасындағы үшінші кездесуге қатысты жоспарды бұзғаны үшін кешірім сұраған еді. Альварес болса жекпе-жектен кейін бірден ресейліктен реванш сұрады.