Жанқош Тұраров карьерасында алғаш рет жеңілген Қанат Исламға үн қатты

28 ақпан 2022, 10:42

Қазақстандық боксшы Жанқош Тұраров (25-0, 18 КО) өзінің отандасы және досы Қанат Исламды (28-1, 22 КО) қолдады, - деп хабарлайды Vesti.kz.

"Кешегі Қанат бауырымның кезекті кездесуінде екі тараптың да мықтылығын көрдік. Жекпе-жектің соңына дейін тақымымызды қысып, үлкен үмітпен отырдық. Қанекең екеуміз Маями қаласында 3 жыл бірге тұрып, бір нанды талай бөлістік. Еңбекқорлығы мен адамгершілігімен ерекшеленетін бауыр ағама еш мойыма дегім келеді. Бұл - үлкен спорт! Жеңіс бар жерде жеңіліс те болары заңдылық.

Әлемге танымал ұлы боксерларымыздың да тарихында жеңілістің ащы дәмі сезілген. Осы күнге жетудің өзі де үлкен жеңіс! Мұхит асып, денсаулықты тәуекелге тігіп, ел намысын қорғаудың артында қанша тер мен күштің жұмсалатыны сенімен мен жақсы түсінеміз. Қанеке бауырым, жеңісті күндерің әлі де алда. Еш мойымай, алдағы жекпе-жекке одан ары қайратты болып оралатыныңа сенімдіміз! Елің сенімен әрдайым мақтанады", - деп жазды боксшы Instagram желісіндегі парақшасында. 
 
Еске салайық, 26 ақпанда Қанат Ислам (28-0, 22 КО) орта салмақтағы WBO Global белбеуі үшін айқасын өткізіп, карьерасында алғаш рет жеңілді. Бұл айқас АҚШ-тың Плант-Ситидегі бокс кешінде өтті. Ал қазақ боксшысының қарсыласы ұлыбританиялық Джимми Келли (25-2, 10 КО) болды. Он раунд қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті британиялыққа берді.