Мунгия Головкин мен Әлімханұлы арасында таңдау жасады

22 ақпан 2022, 00:08

Бірінші орта санаттағы әлемнің экс-чемпионы Хайме Мунгияның қарсыласы атануға орта салмақтағы чемпион, қазақстандық Геннадий Головкиннің мүмкіндігі екінші отандасымыз Жәнібек Әлімханұлына қарағанда анағұрлым жоғары.

 

Мұндай болжамды Ringnews24.com шолушысы Джеремайя Прейссер жасады.

 

ҚазАқпарат бұл туралы ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

 

Өткен таяу күндері Х.Мунгия америкалық Димитриус Баллардты нокаутпен жеңіп, Голокинге қарсы рингке шығу ниетін білдірді. Ж.Әлімханұлы да мексикалық панчермен күш сынасқысы келетінін айтып, оны «жеңіл жұмыс» деп атады. ⠀

 

«Менің ойымша, Адамес немесе Головкин (Мунгияның келесі қарсыласы) болады. Дәл қазір Әлімханұлымен айқас – бұл өте төмен сыйақы үшін қауіп-қатері жоғары жекпе-жек, ал Чарломен вариант – екіталай. Golden Boy бәрінен де Головкинді қалап отырғанына сенімдімін», - деп жазды Прейссер.