2022 жылы болған ерекше тойлар

26 желтоқсан 2022, 18:51

Басқа жарыстарды былай қойғанда қазақ халқы той жасап жарысудан алдыға жан салмайды. «Той – қалықтың қазынасы» екеніне талас жоқ. Алайда қазір жиған-тергенін тойға шашатын қазақ үшін той бәсекелестік алаңына айналды. 2020 жылы карантин кезінде де тығылып той жасаған халқымыз, биыл тойды түрлендіріп, ерекше етіп жасаудан жарысқа түскендей.

 

Қазақ тойға кемінде 100 адамнан 500 адамға дейін шақыратынына таң қалмайтын болғанбыз. Бұрын әркім өзінің туған-туыс, дос-жаранының тойына барып, қызық көретін болса, қазір әлеуметтік желідегі миллиондаған адам ерекше тойларға бармаса да барғандай болып тамашалап отырады. Тойшы қауымның әрқайсысының қолында смартфон, бәрі әлеуметтік желіге түрлі фото, видеоларын жүктейді. Бүгін біз оқырман назарына осы жылы жұрттың ерекше қызығушылығын арттырған, көп талқыланған тойларды ұсынып отырмыз.

Той төрінде – түйе 

Биыл жазда Instagram-да түйені жетектеген ер адамның жануарды той өтіп жатқан мейрамханаға күштеп кіргізуге тырысып жатқан видеосы тарады. Бейнежазбадан түйенің той залына кіргісі келмей тапырақтап, қарсыласқаны байқалып тұр. Мейрамхана есігі аласа болғандықтан түйенің өркеші сыймай, ер адам әбден әуреге түсті. Осы видеоны желі қолданушылары қызу талқылады. «Қазір бәрі бір-бірінен қалай асып түссем деп қана ойлайды, біресе тойға көлік кіргізеді, біресе ат. Енді міне түйеге жетті ме?! Қоймайды екен...», «Жануарды қинамасаңыздаршы, ол сіздерге ойыншық емес» деген секілді пікірлер жазылды.

Тойға төселіп алған аттар

TikTok желісінде тараған келесі видеода жылқы тойхананың екінші қабатына еш күш салмастан оп-оңай көтеріледі. Сүндет тойда ұл баланы қонақтардың алдына атпен алып кіру  дәстүрге айналған жоқ па. Осындай тойлардың санын көрген аттар әбден той залына кіруге төселіп алған болса керек.   Бейнежазбаға пікір қалдырған желі қолданушылары аттың әбден тойға төселгенін, адамдардың шуы мен қатты дыбыстарға үйренгенін жазып жатты. «Тойға шығып, үйреніп қалған ат қой, жүрісті айтсайшы", «Жануарды қор қылды», «Осындайдың не керегі бар, адамдарға таң қаламын». «Жуас ат екен»  деген секілді түрлі  пікірлер жазылды. Айтпақшы тағы бір тойда тура той залының ортасына шыққан жылқының бүлдіргені де видеоға түсіп қалып, желіде тараған еді. Тойларда мұндай да жағдай жиі боп тұрады.

Акуланың еті тартылған той

Қазақ халқы сыйлы қонағына табақ-табақ ет тартады, бас ұсынады. Бірақ биылғы тойлардың бірінде шетелден арнайы акула алдырылып, қонақтар мен тойды сыртынан бақылаған онлайн қонақтарды бір таң қалдырды. Ежелден халқымыз  тойға ірі қара мал, жылқы, түйе соятын енді міне, акуланың еті де дастарханымыздан орын алды. Президенттерге түскі ас дайындап танымал болған атыраулық аспаз Бағдат Қадыров өзінің үйлену тойында қонақтарға бүтін акуладан дәм татқызды. Өзі бас аспаз болғандықтан той дастарханына арналған мәзірді өзі әзірлеп, тағам дайындау процесін бақылауда ұстаған екен. Акуланы той қонақтарының алдына Бағдаттың аспаздық өнерде бірге жүрген әріптесі сән-салтанатпен алып шыққан. Теңіз балығы түрлі экзотикалық жемістермен бірге ұсынылды. Белгілі аспаз Бағдат Қадыров досы Әбдіжаппар Әлқожа ұлдарына арнап жасаған тойда қонақтарға акуланың етінен жасалған тағам ұсынғаны есімізде. Бір кездері Әбдіжаппар Әлқожа 30 мың адамға көкпар беріп, дүркіретіп той жасағанын жасаған болатын. Әнші қос ұлын сүндетке отырғызған. Тойдың салым қоры деп – 10 млн теңге, 5 автокөлік, 5 түйесі бар 9 ірі қара мал болғанын ол өз парақшасында жариялады.

Доллар шапан
Сыйлы қонаққа, құдаларға, құрметті адамдарға шапан жабу – қазақтың ежелгі дәстүрі. Бірақ қазір оюмен бедерленген, құндыз жағалы, зерлі шапандарымыз да трендтен қалып барады. Оның орнына доллар шапандар сәнге айналып келеді. Біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіде АҚШ-тың Майами қаласында болған қазақтардың тойында түсірілген ерекше видео тарады. Осы тойда күйеу жігітке АҚШ валютасынан жасалған шапан жабылды. «Американың Майами қаласында қазақтардың үйлену тойы өтті, онда қонақтардың бірі сөздің тура мағынасында айтқанда қымбат сыйлық жасады.Ол толығымен америкалық банкнотадан тұратын қолдан жасалған шапан сыйлады. Мұндайды сіз бұрын көрмегенсіз! Бір шапанға қанша доллар кетті екен?» делінген бейнежазбаның астына жазылған сипаттамасында. Бұған дейін туған күн иелеріне арналған торттың ішінен теңге, доллар шығару да сәнге айналған еді. Одан қалды, тойларда шашудың орнына ақша шашу да  таңсық болмай қалды. Өзбектің белгілі әншісі қазақтың тойына келіп, қалтасынан бір уыс ақшаны шашқаны, оны той қонақтары жапатармағай жинағаны да видеоға түсіп, желілерге тарап кеткен. Бұрын арабтың шейхтары доллар шашып той жасайды дегенді естуші едік, енді бұл үрдіс өзімізге де жетті.

 

Шетелдік құдалар
Соңғы жылдары шетелдіктермен жиі құда болып жүрміз. Қара нәсілділерге де, кәріс, қытай, түрік секілді өзге ұлт өкілдеріне де қыз беріп, қыз алысуға да етіміз үйренді. Тіпті тойдың басты кейіпкерлері күйуеубала мен қалыңдық өзге елде жүріп, өз тойларына онлайн арқылы қатысқандарын да көрдік. Ата-ана тіпті алыстьа жүрген ұл қыздары келмесе де, туған-туысына той жасайды. Биыл америкалықтармен құдаласқан қызықты той желіде хит болды. Мұхиттың ар жағынан келген құда-құдағилар қазақтан қыз алып, қазақ тілін үйреніп, қара жорға билеп, бастан ауыз тиіп мәз болып жүр.  АҚШ-тың Калифорния штатынан келген отбасы қазақ қызына құда түскен. Құдалық рәсімінде дастарханға қойдың басы әкелінеді. Осы кезде шетелдіктердің реакциясы ерекше болды. Әсіресе, күйеу жігіттің қарындасы өз эмоциясын жасыра алмады. Қазаққа құдаша болған бойжеткен бұл жағдайдың себебін қазақ тілінде түсіндіріп берді. Америкалық құдашаның есімі — Лиза. Ол Қазақстанда 1,5 жыл тұрған. Қазақ тілін сол кезде үйреніп алыпты. Қазір ол АҚШ-та тұрады. «Қойдың етін жақсы көремін. Негізі, ол кезде қасымдағы адамдар басқа қызық нәрсе айтты. Реакциям қойдың басы үшін емес еді. Өзім қойдың етін жеймін, өте дәмді», дейді қазақша ойын еркін жеткізген шетелдік құдаша. 

 

 

Тойдағы жомарттық

 Қазақ халқы тойда жомарттық жасап, келген әр қонағын құр қол қайтармайды. Ал жағдайы жақсы, қалтасы қалың той иелері, оның ішінде белгілі блогерлер өз тойларында алтын-күміс, бриллиант, кіші қажылыққа жолдама секілді қомақты сыйлықтарды да кәмпит таратқандай үлестіріп жүр. Өзге елде тұрып жатқан белгілі блогер, ақын Айнұр ұлының тойына елден бүкіл әншілерді шақырып, дүркіретіп той жасады.  Ал белгілі әнші Төреғалидың қарындасы ұзатылғанда құдалар бір-біріне киіт кигізгенде бірыңғай брендтерден сый жасады. Бұл той бірнеше ай желілерді жарды.

 

Биылғы айта жүрер тойлардың бірі  – танымал блогер, психолог, кәсіпкер Балқия Балтабайдың тойы. Думанды той Алматының ең танымал мейрамханалардың бірінде өтті. Той қонақтарына тост берілмеді, тек ойын ойнатылып, қонақтарды билетіп, эстрада жұлдыздарының ән шашуы тойды шоуға айналдырды. Қайырымдылық істерімен жиі айналысатын блогер халықтың да сүйіктісіне айналғаны соншалық, жас жұбайлардың тойына еліміздің түкпір-түкпіріндегі халық қызығушылық танытқан. Тойды тамашалағысы келгендер үшін ойдағы эфир  ақылы түрде көрсетілді. Блогер тойға түскен қаржыны түгелімен Түркістан облысының Арыс қаласында салынып жатқан мешіттің құрылысына аударды. Сондай-ақ жас жұбайлар тойда ата-аналарына, бірнеше той қонақтарына Ұмраға қажылыққа жолдама сыйлады. Белсенді той қонақтарына ақша мен алтын таратылды.

Айнұр Нұрсабет