Алаштың ЖАС ТҰЛПАРЫ

Алаштың ЖАС ТҰЛПАРЫ

Қазақ балалар әдебиеті «қартайып» бара жатқан жоқ па?
 Адам баласының саналы, білімді, ұлтжанды болып қалыптасуы жолында көркем әдебиеттің, оның ішінде балалар әдебиетінің алар орны аса ерекше. Сіз бен біз де ертегі-әңгімелер, түрлі тақпақтар мен жаңылтпаш, жұмбақтар арқылы тілімізді жаттықты­рып, ой-өрісімізді шыңдап өстік.
Машақаты мен қиындығы ауыр сана­латын бұл жанр кез келген қалам иесінің ыңғайына көне бермесі және аян. Әйтсе де соңғы жылдары елімізде балалар әдебиетін қолдауға байланысты бірқатар жоба жүзеге асырыла бастады. Түрлі шығармашылық байқаулар ұйымдастыры­лып, жаңа кітаптар жарық көруде. Басқа­сын айтпаған күннің өзінде ендігі кезекте «Балапан» телеарнасы мен «Мәдениет» арнасы да балалар әдебиетін насихаттауға барынша көңіл бөле түссе екен деген тілек бар. Сондай-ақ ғаламторда да балалар мен жасөспірімдерге арналған сайттардың да саны мен сапасын жетілдіре түсу қажет. Осы орайда мемлекеттік деңгейде арнайы жоба-жоспар қабылданса дейміз. Таяуда ғана Алматыда «Алдар Көсенің көңілді оқиғалары» атты 85 сериялы мультфильм, әлем халықтары ертегілерінің желісі бойынша түсірілген 50 слайд-шоу ертегі, «Бізді қоршаған әлем» атты 1000 сөзді қамтитын орысша-қазақша суретті аудио-сөздік енгізілген жинақтың тұсауы кесілді. Ондағы заманауи технологияның соңғы жетістіктеріне сүйене отырып, 3D-формат­та түсірілген мультфильмдер балалардың тіл үйренуге деген қызығушылығын дамы­туға, танымын, қабілетін арттыруға айтар­лықтай ықпалын тигізіп отырғандығын айта кетуіміз керек. Осындай жүзеге асқан игі істер мол болса, бүгінгі қазақ баласының ұлттық тұрғыда жетіліп өсуіне орасан септігін тигізері сөзсіз. Балалар әдебиеті дегеніміз – тақылдап айтатын тақпақ пен әсерлі ертегі ғана емес қой. Тіпті балалар спектакльдері, фильмдері, анимациялық туындылары мен компьютерлік танымдық бағдарламалардың барлығы дерлік осы балалар әдебиетінен бастау алатынын ұмытпауымыз қажет. Демек, бұл жанрдың ұрпақ алдында атқарар ісі мен арқалар жауапкершілік-міндеті өте зор.
Осы төңіректе мәселе көтеріле қалса, белгілі балалар ақыны Сұлтан Қалиұлы ағамыз «Бүгінгі заманға сай балалар әде­биеті жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Біле-білсеңіз, балалар әдебиеті атам заманғы ауыз әдебиетінен бастау алған. Қай кезеңде де бұл салада тоқтау болған емес. Әлі де жаңа дүниелер туып, жақсы шығармалар жазылуда. Қазіргі уақытта әсіресе балалар әдебиетін дамы­туға елімізде ұйымдастырылып жатқан түрлі шығармашылық шаралар кәдімгідей үлес қосуда. Еліміздің Мәдениет және ақпарат министр­лігі мен кейбір баспалар, жекелеген кәсіп­керлер де балаларға ар­нал­ған әдеби туын­дыларға ара-тұра болса да байқаулар жариялап келеді. Бұған қоса, балалар әдебиетінің дамып қалыптасуына балалар басылымдары да атсалысып отыр. Алайда соңғы кездері біздің еліміздегі көп­теген үлкен басылым балаларға келгенде сараң­дық танытып отыр. Ендігі кезекте за­ман көшіне ілесіп келе жатқан балалар әде­бие­тін алыс ауылдарға жеткізу­ді ойлас­тыру керек. Ал балалар жазушылары қан­дай қысылтаяң уақыт болмасын, ешқашан қаламдарын қолдарынан тастаған емес», – деп келер күнге сеніммен қарап, үлкен үміт артатындығын аңғартып жүреді.
Құдайға шүкір, қазақ балалар әдебиеті тақырыптық, мазмұндық жағынан ауқым­ды. Кешегі Жақан Смақов, Бүркіт Ысқақ, Бердібек Соқпақбаев,  Қадір Мырза-Әли, Тұманбай Молдағалиев, Сәкен Иманасов, Әділ Балта сынды көрнекті қаламгер­лері­міздің қазақ баласына арнап жазған шы­ғар­малары әлі қаншама ұрпақты тәрбие­лемек. Бүгінде арамызда жүрген Сұлтан Қалиұлы, Шәкен Күмісбайұлы, Арасанбай Естен, Әдібай Табылды, Толымбек Әбдіра­йым, Дәнеш Ахмет, Кеңес Оразбекұлы сын­ды ақын-жазушылар жас ұрпақты жан­ды туынды­ларымен қуантып келеді. Жалпы, ұлт әдебиетінде аға буынның ішін­де балалар тақырыбынан айналып өткендері кемде-кем. Ал кейінгі толқын жас қалам иелерінің арасында бұл салаға басыбүтін кірісіп жүргендері некен-саяқ. Осыған қарап қазақ балалар әдебиеті «қартайып» бара жатқан жоқ па дегендей біртүрлі ойға қаласың. Шынында да, бала­ға арналған қазіргі оқулықтарда, таным­дық, әдістеме­лік, көркем кітаптар мен көптеген басы­лым­дарда, негізінен, үлкен қаламгер­лері­міздің шығармалары жария­лануда. Оның үстіне қазіргі қоғам қолға ұстап оқитын кәдімгі кітаптан біршама ал­шақ­тап қал­ғаны тағы бар. Заманауи техни­каны мең­герген жастар ғаламторды шиыр­лап жүр. Ақпараттар тасқыны қаптаған қазіргідей қым-қуыт заманда қазақ бала­сы жаңаша үні бар, өз заманына лайықтал­ған дүние­лерге сусап отыр. Сондықтан да балалар әдебиеті де буынаралық эстафета­ны жал­ғастыруы керек. Бүгінде әдебиетке келіп жатқан жастар легі өте көп. Алайда бала­лар тақырыбын алып жүргендері сау­сақпен санарлық. Олардың арасынан Есей Жеңісұлы, Қалмахамбет Мұхамет­қали, Бейбіт Сарыбай, Аягүл Мантаева, Әдина Жүсіп, Серікбол Хасан, Нұрлан Құмар сын­ды  талантты жастардың қабілет-қары­мына сүйсінгеннен басқа амал жоқ.  Десек те, біз қазіргі балалар әдебиетін дамытуға қаншалықты көңіл бөліп келеміз, осы жанрда жанкешті болып жүрген аз ғана жас қаламгерлердің есіміне кішкентай оқырмандарымыз қаншалықты қанық?
Бүгінде балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген жастар тым аз дедік. Жалпы, бұл салаға жас қаламгерлердің аз келуі, белсенділік танытпауының қандай себеп­тері бар? Бұған жас қаламгерлердің өздері не дейді екен?
Бағдат Мәжитұлы, балалар жазушысы, «Ұлан» газетінің бас редакторы:
– Мұның бірнеше себебі бар. Бірін­ші­ден, ертерек­те жазылған шығармалар деңге­йін­дегі дүниелер жоқ. Бар болса, шығар еді. Халық білер еді. Яғни бүгінгі күннің Бердібек Соқпақбаев, Қадыр Мыр­за Әлі, Машқар Гумеровтері туыла қойған жоқ. Осылай деуге мәжбүрміз. Талантты деген қаламгер­лердің көпшілігінде бала­лар әдебиетіне деген қызығушылық бол­май тұр. Қызығушылық болма­ған жерде, жақ­сы шығарма жазылмайды. Сосын, әрине, көптен бері айтылып жүрген қала­мақы мәселесін де айналып өте алмаймыз. Же­кеменшік баспадан шығарған кітабың­ды өзің тарата алмай әлек боласың. Мем­ле­кет­тік тапсырыс­пен шыққан­ның өзінде, 2000 дана кітап қазақтың қай бала­сының қолына тиеді. Бір кітап жазып, 100 мың, әрі кетсе 150 мың алуы мүмкін. Ал жақсы туынды жазы­лу үшін белгілі дәре­жеде қолдау болуы шарт. Әзірге балалар әде­биетін балалар басылымдары шама-шар­қын­ша насихаттап жүр.
Қалмаханбет Мұқаметқали, ақын, «Дала мен қала» газеті бас редакторының орынбасары:
– Осыдан алты-жеті жыл бұрын тақы­рыпқа орай қалам тарта отырып, «Бал­дыр­ған» журналы Тұмағаңмен бірге қартайып бара­­ды...» деп жазып жіберіп, біраз адам­ның өкпесіне қалған­быз... Керісінше, жас­тар аз емес, жетеді. Бірақ олар нені қалай жазу керектігін білмей, тоқырап жатыр. Демек, балалар әдебие­тінде нақты­лы мектеп жоқ. Бұл – бірінші себеп. Екін­ші­ден, аға буын­ның жазғандарының өзі азайып барады. Бұл кітап бизнесінің жолға қойылмауынан шығар. Әсіресе оқулық­тарда балалар әдебиетінің тың туынды­лары­на зәрулік басым.   Сапа бар, талап бар дегендей. Мен кейінгі авторлардың шығармаларына қатысты айтып отырмын. Үшіншіден, талғампаздық кінәлі! Бала ұғымына сай жалқы шумақ жазғаннан, он шумақ ода немесе лирика жазып тастаған оңай. Сосын, насихат жоқ. Менде «Күншы­ғыс»  атты жағрапиялық өлеңдер мен «Ал­тын күз» деген топтама дайын тұр, басып шығарғым-ақ келеді. Қаржы жоқ. Мемле­кеттік тапсырысқа көлемі сәйкес келмейді. Әрі бұл өлеңдерді суретпен безендіру қажет, кітап қалыбы да шартты стандарттан асып тұр. Балаларға арналған кітап шыға­румен айналысатын бір баспаның жауабын әлі күтіп жүрмін...

Әдина Жүсіп, балалар жазушысы, «Ертегілер елінде» журналының бас редакторы:
– Менің естуімше, бұрын «Балдырған» журналы алғаш құрылғанда басшылары жиналып, өлең мен әңгіме жазып жүрген ақын-жазушыларды шақырып алып, тапсыр­малар беріп, қаламақысын төлеп, бала­ларға арнап жазуға баулыған екен. Бала­лар тақырыбына ол кісілер солай кел­ген. Ал өзім қалай келдім, соны айта­йын. Ақ­төбедегі Қ.Жұбанов атындағы уни­вер­си­теттің филология факультетінің журна­лис­тика бөлімінде оқып жүргенімде «Ал­тын Орда», облыстық «Ақтөбе» газетімен жақ­сы байланыс орнаттым. «Ақтөбе» га­зеті­нің бас редакторы, белгілі ақын Бауыр­жан Бабажанұлымен ақылда­сып, мен жур­на­лис­тік зерттеулер жасадым. Сол уақытта журналистикалық зерттеумен айналысып кететін шығармын деп ойладым. Оқуды бітірген соң Алматыға келіп саяси журнал «Азатта» жұмысымды жалғастырдым. Осы уақытта «Үш қиян» баспасының директоры Махмуд Қосмамбетовпен таныстым. Бас­паның жанынан «Ертегілер елінде» жур­налы шығып тұрады екен. Махмуд ағайдың ақыл-кеңесімен журналға ертегі жаза бас­тадым. Сөйтіп, өмірде өз орнымды таптым. Қазір де баулыса көптеген қалам ұстаған жастар балалар тақырыбына жаза алады. Жазып жүргендері де бар. Тек насихаты кемшін болмаса...

Бейбіт Сарыбай, жазушы, сатирик,
– Бұл – енді әлімсақтан келе жатқан проблема. Кеше де болған, бүгін де бар, ертең де болады. Бірақ бұл жанрдың бүгін­гіге қарағанда кешегі кезеңде проб­лемасы аздау еді. Бүгінгі күні жалпы әдебиеттің жағ­дайы күйлі болмай тұр ғой. Ондай жағдайда балалар әдебиетінің халінің мүшкіл болатыны – белгілі жайт. Қартайып бара жатыр деп қорқуға да болады. Бірақ Қал­маханбет бастаған жастар барда ауыз­ды қу шөппен сүрте берген де жараса қой­мас. Балалар әдебиетін ұлтқа жаны аши­тын, балаларды жақсы көретін адам­дар жасайды. Толымды дүниелер мен толайым шығармаларды солар тудырады. Қазіргі уақытта балалар әдебиетін қолдау­ға бағытталған екі ірі жоба бар. Олардың да тигізіп жатқан септігі аз емес. Енді оқулық­тарға жастардың енбей жатуын сол оқу­лық­тарды жазып отырған адамдардың бүгінгі әдебиеттен хабарының жоқтығымен байланыстырғым келмейді. «Соқыр көрге­нінен жазбайдының» кері. Әйтпесе не, жоқ емес, бар ғой оқулыққа енуге тұрарлық шығарма жазып жүрген жастар.

Тоқтарәлі Таңжарық,
ақын-аудармашы:
– Балалар әдебиеті – күрделі жанр. Бұ­рын­ғы аға буынның дені балаларға арнап жазған дүниелерін өзінің шығармашылық тұғыры­на арқау еткен. Әлі де сол жолдан таймай келе жатқан қаламгерлер баршы­лық. Меніңше, заманмен бірге әдебиет те, оған қойылатын талап та өзгеруі керек. Неге? Осы күнгі балалар әдебиетін оқыса­ңыз, сонау өткен ғасырдың 70-жылда­рын­дағы қалыптас­қан сарын өзгермей келеді. Әлі сол «Бір дегенім – білеу, Екі де­ге­нім – егеу...» деген сыңайда, «ауылға бар­дым, атам ертек айтты, апам ұршық иірді» дейтін тым бірсарынды кейіптен өзгерер емес. Неге балалар әдебиеті жаңалыққа ұмтыл­мауы керек? Байқап қарасаңыз, қазір те­леар­наларда балаларға арналған неше түрлі мультфильм көп. Оқиғасы шым-шы­ты­рық, қызықты, қызғы­лықты. Оны үш жасынан бастап көрген бала сіздің байырғы тақпақтары­ңызға қызықпасы анық. Сон­дық­тан балаларға бүгінгі күнге сай шығарма жазуға тиіспіз.

                                                                                                                                             Алмат ИСӘДІЛ


Желідегі жыр
Қазіргі қазақ өлеңіне жаңаша өрімді қолтаңбасын енгізіп келе жатқан талантты жас ақынның бірі – көкшетаулық шайыр Алмас Темірбай. Осы уақытқа дейін бірнеше томдық жинақтардың авторы болып үлгерген ақын көптеген шығармашылық байқаулар мен жыр мүшәйра­ла­рын­да оза шапқан. Бүгінгі заманға сай ғаламтор арқылы да ол өзінің өлең-жырларын көпшілікке ұсынып келеді. Қаламы төселген Алмас ақынның бүгінгі беталысы турасында бірқатар аға буын қалам­герлер мен әдебиетшілер жақсы баға беріп жүр. Газет оқырмандарына бүгін Алмастың facebook әлеуметтік желісіне орналастырған бір өлеңін ұсынып отырмыз.

Дүние – драма

Дүние – драма
қос бөлімге бөлінген,
Бір бөлiмi қызықты бір бөлімнен.
Бiреуiнде – төрің жақын көріңнен,
Бiреуiнде – көрің жақын төріңнен...

Төрде талай күліп-ойнап көргенбіз,
Кiрiп әлі көрмесек те көрге біз.
Төр дегенім – тiршiлiктiң сахнасы,
Көр дегенім – демалатын бөлмеміз.

Тағдыр – театр,
өмір пьеса тәрiздi,
Актермін мен аңдап басар әр iздi.
Пьеса қанша созылғаны сөз емес,
Оны қалай ойнағаным – маңызды...

 Мәңгiлiкпен жалғастырып жолымды,
 Өмiрiммен таңғалдырам өлiмдi.
 Рөлiндемiн – мен біртуар ақынның,
 Ойнай алмас ешкім менің рөлiмдi!..

Меніменен бір мұңайып, бір күлер,
Ойыныма отыр қарап бүкіл ел.
Сайтаным ба, періштем бе... не деп тұр,
Сахнаның сыртындағы суфлер?..


«Дарабоздан» дара шық
Балалар әдебиетіне тың серпін беріп жүрген «Дарабоз» байқауы  2006 жылдан бері өткізіліп келеді. Байқауды ZHERSU корпорациясының тікелей демеушілігімен Қазақстан Жазушылар одағы  ұйымдастырып келеді. Жабық түрде өтетін әдеби байқаудың  басты  мақсаты – жас өскіннің назарын өз кітабына аудару. Балалар жазушыларына қолдау көрсету арқылы жас ұрпақтың туған еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастырып, ұлтжанды, білімді өскелең ұрпақ тәрбиелеу болып табылады.
Жуырда жоба авторлары биыл сегізінші рет өткізілгелі отырған шығармашылық байқаудың шарттарын жариялады. Бәйгеге балабақша тәрбиеленушілері мен 1-8-сынып оқушылары­на арналған прозалық, поэзиялық және сахналық шығармалар қабылданады.  Повестер – 20-25 беттен, әңгімелер, ертегілер – 10 бет­тен, топтама өлеңдер, балладалар, ертегі өлең­дер, шағын поэмалар, сахналық қойылымдар 5-10 беттен аспауы шарт. Шығармалар компьютерлік стандартқа сай, кириллицамен, 14 кегльмен (аралық 1,5) теріліп, үш  дана етіп басылып, беттелуі қатаң талап етіледі. Бәйге жабық бәйге түрінде өтетіндіктен, автордың бүркеншік атының анықтамасы, аты-жөні, мекенжайы, байланыс телефоны жазылған парақ кіші конвертке салынып, желімделіп, сыртына тек бүркеншік аты ғана жазылады. Кіші конверт салынған үлкен конвертке үш дана шығарманы салып, желімдеп, сыртына мекен­жайы, бүркеншік аты немесе басқа бір лақап есім жазылуы керек. Байқау шартына сай емес, бұрын жарық көрген, мерзімінен кешігіп келген шығармалар бәйгеге қатыстырылмайды. Бәйгеге түскен шығармалар мына адрес бойын­ша қабылданады:
050008. Алматы қаласы, «Дарабоз» бәйгесіне. №010057505 куәлік иесіне.
Шығармалар 2013 жылдың 10 сәуіріне де­йін қабылданып, бәйге қорытындысы Халы­қ­аралық балаларды қорғау күні қарса­ңында жарияланады.
Шығармашылық бәйге қоры:
Есенқұлқажы Маманов атындағы бас бәйге – 1 000 000 (1 милллион) теңге;
Бірінші бәйге (екеу) – 375 мың теңгеден;
Екінші бәйге (екеу) – 170 мың теңгеден;
Үшінші бәйге (үшеу) – 110 мың теңгеден;
Ынталандыру бәйгесі (төртеу) – 77 мың теңгеден.
Әділқазылардың шешімі тексерілуге жат­пайды. Бәйгенің шығармашылық бағыт­тағы ұйымдастырушы-үйлестірушісі белгілі балалар жазушысы Шәкен Күмісбайұлы: «Бұл игі жоба осымен сегізінші рет өткізілгелі отыр. Биыл да өткізіліп, жеңімпаздар Халықаралық балалар күні қарсаңында анықталады. Озық туындылар «Кәусар бұлақ» сериясымен жарық көретін жинаққа топтастырылмақ. Бұл кітаптар дәстүр бойынша  республикамыздағы  барлық кітапха­на­ларға, мектептерге тегін  үлестірілетін бола­ды», – дейді.


Кітап оқымайтын досқа кеңес

 «Адам кітап оқуды қойса, ойлауды да қояды...»
                                                                                                Д. Дидро

Жастар кітап оқу жайына келгенде біраз тосырқап қалатын әдет тауыпты. Кітап оқу – жақсы мен жаманның парқы, мәдениеттің биігі, өз-өзіңді дамыту құралы болса, неліктен көркем шығарма оқу деңгейі тым төмен?
Әбден жауыр болған мәселе шығар, десек те, жастарға септігі тиер деген ой­мен кітап оқудың жолдарын қарастырдық. Ендеше, оқып көр...
• Кітапты күштеп оқыған соң, одан алған білімді міндетті түрде пайдалану керек. Мәселен, кітап оқып болған соң, қандай пайда алғаның туралы ойлан.
• Оқу алдында барлық керек-жара­ғың­ды жаныңа алып, атқарылар жұмысты бітіріп ал.
• Кітапты оқитындар – ақылдылар, білімділер екенін біл. Кітапсыз-ақ өмір сүруге болады дейтін адамдардан арыл.
• Кітаптың бәрі бірдей емес. Адамгер­шілікке тәрбиелейтін классикалық туын­ды­лардан бастап, танымдық, тарихи, тіпті де эксперименталдық шығармаларды оқуға тырыс.
• Том-том кітаптан бастаудың қажеті жоқ. Шамадан тыс оқу жүйке жүйесіне әсер етіп, көзге зиянын тигізуі мүмкін. Қысқа шығармаларды оқып бітірген соң, «нирвана» болатынын психолог маман­дар дәлелдеген.
• Әр сөйлемге назар аударып, әр сөй­лем­дегі мазмұнға нанып, өзгеге алаңда­май, шын мәнінде (!) оқы.
• Әдеби газет-журналдарға шолушы бол. Әдеби процесті қадағалап отыру қажет.
• Оқуды хоббиіңе айналдыр.
• Өзіңе де, достарыңа да себепсіз кітап сыйлайтын әдет тауып ал.
• Көзге оңай көрінетін жерге қай шы­ға­рманы оқығаның жайлы, қай шығар­ма­ны оқуды жоспарлағаныңды жазып қой.
• Кітап оқитын орныңды сайлап ал, бұл жер жылы, ыңғайлы, жарық болуы керек.
• Өзіңе ұнайтын тақырыптағы кітаптар­ды жинап, бірінші кезекте соларды оқып тауысқан пайдалырақ.
• Сахналанған, кино сценарийіне ар­қау болған кітаптарды оқы. Фильмін де көруге болады.
• Кітапқұмар достар тап, керегіңді сұрап, кітап айырбастап отыру да пайда­сыз емес.
• Оқыған шығармаң туралы ой бөліс, әңгіме, мақала, пікір жаз.
• Әр кеште ұйқы алдында кітап оқы.
• Кітап оқудың пайдасы еңбекақы секілді айдың соңында бола салмайды. Мұны мойындау керек.
                                                                                                                                             Ардақ ҚҰЛТАЙ


«Тәуелсіздік толғауы» – талантты жастар байқауы
Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігі жас таланттардың шығармашылық ізденістеріне жаңа жол ашатын «Тәуелсіздік толғауы» атты конкурстың биыл да жалғасын табатындығын мәлім етті.
Бүгінде осы байқауда көзге түсен бірнеше дарынды жасөспірімдер ел мәдениеті мен өнерін дамытуға септі­гін тигізіп жүр. Дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан үлкен байқау әлі де талай таланттың жұлдызын жағатынына үмітпен қарайық. Байқауға өтінім құжаттары ағымдағы жылдың 15 қазанына дейінгі мерзімде жіберілуі тиіс. Конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттардың қатарында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткер­лік меншік құқығы комитетімен берілген зияткерлік меншік объектісін мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің болуы шарт. Байқау төмендегі номинациялар­ды қамты­ған:
1) Ең үздік ірі және кіші көлемді музыкалық шығарма;
2) Ең үздік балалар әні;
3) Балалар мен жасөспірімдерге арналған ең үздік драмалық шығарма;
4) Кескіндеме, графика және мүсін.
Конкурстың қорытындысы ағымдағы жылдың IV тоқ­санында шығарылады. Ең үздік деп танылған шы­ғар­маларға ақшалай сыйлықтар тағайындалады.


Әділдің «оралуы»
Ұлттық поэзиямызда Әділ Ботпанов деген сұрапыл ақынның есімі қайта жаңғыра бастады. Алдағы 20 ақпан күні сағат 16.00-де  Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде қазақтың талантты ақыны, әдебиет әлеміне өзіндік қолтаңбасымен келген Әділ Ботпановтың «Қазығұрт» баспасынан жарық көрген «Өмірзая» кітабының тұсаукесер кеші өтеді.

Небәрі 28 жасында белгісіз себеп­­тер­мен із-түзсіз жоғалып кеткен тағ­дыр­лы ақын соңынан салмақты жыр­ларын қалдырып кетті. Өлді деуге қи­майсың. Әлдебір сәтте жарқ етіп бір тұстан шыға келетіндей көрі­неді. Өзі де бір өлеңінде:

Азғантай ғана,
               азғантай ғана өмір бер,
Жылдардың сансыз
                 қажеті жанға шамалы.
Ұлғайтып қайтем
          жүректе жатқан жараны?
Найзағай болып
         жарқ ете қалсам, жарады!

– деп ақындық тағдырын мойынсынып жазған екен. Демек, Әділ ақын арамызға өлең боп қайта оралған­дай...


Кітапты құрастырып, баспаға әзірлеген – қаламдас досы, белгілі ақын Бауыржан Бабажанұлы. Кешке ақынның әдебиеттегі ағалары мен ізбасар інілері, сондай-ақ бір топ өнер шеберлері қатысады.  Келем деушілерге есік ашық.

Бетті дайындаған Алмат ИСӘДІЛ Байланыс үшін: almat-76@mail.ru

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста