Өркениет

"Алашұлы" тобының әншісі: Фонограммамен сахнаға шығуға мәжбүр болдық

  • "Алашұлы" тобының әншісі: Фонограммамен сахнаға шығуға мәжбүр болдық

Әнші әрі актер Мақсат Рахмет қазақ эстрадасының еш жерде жазылмаған ішкі заңы бар екенін айтты, ол – үлкен кісіге асығып тұрсаң да кезегіңді беру. Ол бұған қазақи адамгершілік қағидаларының бірі деп қарайды.

Рухты әндерімен тыңдармандарын жігерлендіріп жүрген "Алашұлы" тобының солисі Мақсат Рахмет шығармашылық адамының өнерінде шек болмау керек деп санайды. Сол себепті өнер жолын әншіліктен бастап, оны алты жылдан бері театр сахнасымен байланыстырып жүр. Әртіс Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұқбатында жанды дауыста ән айтуды міндеттеуге қатысты ой бөлісіп, бір кездері фонограммамен сахнаға шығуға мәжбүр болғанын айтып берді.

2009 жылы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының қабырғасында үш студент жігіт "Алашұлы" тобын құрған болатын. Содан үш жыл өткен соң актриса Назгүл Қарабалина топтың продюсері болып, сол уақыттан бері бірге жұмыс істеп келеді. "Иә, Назгүл Әдиетқызымен 2012 жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмыз. Арадағы келісімшартта "үйленуге болмайды" деген секілді талап-шектеулер жоқ. Әсіресе, шығармашылық жағынан толығымен еркіндік бар. Өзіміздің көңілден шығып, ұнатқан әнді жазамыз. Осы уақытқа дейін "мына әнді жазбаңдар", "мына әнді жазыңдар" деген нұсқау берілмепті. Продюсермен арада әпке мен інінің қарым-қатынасы сақталған", - дейді Рахмет.

Айтуынша, продюсер мен топ мүшелерін байланыстырып келе жатқан арадағы келісімшарт емес, шығармашылыққа деген ортақ көзқарас.

"Алашұлы" тобының бағыты – елге деген ыстық ілтипатты әнмен жеткізу, елге адал қызмет ету. Осы мүдде әлі күнге дейін бірге ұстап келе жатыр және біраз жерге апарады деп ойлаймын", - дейді әнші.
Сонымен қатар топтың концерттерге баруын ұйымдастырып жүретін бір адам, бейнебаяндар мен фототүсірілімдерге, әншілердің киімі мен әлеуметтік желідегі жұмыстарға жауап беретін тағы бір адам бар.

Әуелде топта Мақсат Рахмет, Ұшқын Жамалбек, Әзімбек Байлин болды. Қазір топтың екі мүшесі ауысты. Мақсат Рахмет "Алашұлы" тобынан шығып, жеке шығу ойында жоқ екенін жеткізді. Себебі топтың мүшесі болу жеке шығармашылығы мен басқа да жұмысына кедергі келтірмейді.

Композитор Дүйсенов: орындаушының бейғамдығынан әнімнің бағы жанбай қалды

"Бір жыл бұрын топтан Әзімбек Байлин жеке шығармашылығына кетіп, орнына Атаханов Берікті таңдап алдық. Топ 2009 жылы құрылды, ол күнде бәріміз студент болдық. Шынын айтқанда, продюсеріміз де болған жоқ. Тек ортақ мүдде, мақсат болды. "Алашұлы" тобы Ұшқын, Әзімбек, мен үшін де үлкен баспалдақ еді. "Бірге тумақ болғанмен, бірге жүрмек жоқ" деген бар. Жігіттердің ұстанымы мен қабылдаған жаңа шешімдеріне сәйкес олар жеке шығармашылыққа бет бұрды. Алаштың ұлдарында өкпе жоқ, бауыр бар. Топтан шығуына ақша бөлісе алмау немесе басқа да ұрыс-керіс себеп болған жоқ", - деп түсіндірді Рахмет.

Фонограммамен шығуға мәжбүр болған
Жуырда мәдениет саласына қатысты заң жобасын мәжіліс мақұлдап, сенаттың қарауына жіберді. Заң қабылданатын болса, әншілер сахнаға шығар алдында фонограмманың қосылғанын хабарлауға міндетті болады. Мақсат Рахмет бұл заңды ұсынғандарға алғыс айтты, себебі бұл әншілерді електен өткізуге, жанды дауыста ән салғанына қарай кімнің кім екенін көруге мүмкіндік береді."Бұл жаңалықты көзім шалып қалды. Осы жерде көтерілген мәселеге, фонограммамен ән айтуға байланысты айтылған пікірге 100% қосыламын. "Алашұлы" тобы Алматы қаласында Республика сарайында жеке концертін бергенде де, астана төрінде жеке концерт берген кезде де толығымен жанды дауыста ән салды. Үкімет тарапынан осындай талап қойылғаннан кейін еліміздегі барлық мәдениет ошағында жанды дауыста ән салуға жағдай жасалады деп ойлаймын. Ол қыруар қаражатты талап етеді, себебі жанды дауыста ән салу үшін сапалы музыкалық жабдықтар қажет", - дейді ол.

Осы тұрғыдан алғанда заңды ұсынушылар соған сай жағдай жасап береді деген үміті бар. Әңгіме арасында әнші "Алашұлы" тобының да кей концертте фонограммамен шығып ән салғанын айтып қалды. Бірақ уақыттың тапшылығына байланысты, музыкалық жабдықтың дайын болмауына байланысты солай істеуге мәжбүр болдық дейді.

"Иә, талай рет фонограммамен шығып ән салдық, оған мәжбүрлі түрде бардық десе де болады. Көп әнші қатысатын концертте әр әншіге сай микрофонды түзеуге уақыт та жетпейді, оны түзеп отыратын адамдар да жетіспейді. Сондай кезде фонограммамен шығуға мәжбүр болдық. Ал енді осы заң қабылданып, концертке қатысатын адамдар санын азайтып, қатысатын өнерпаздарға уақыт бөлінсе, жанды дауыста ән салуға дайындыққа уақыт беретін болса, әрине, құба-құп. Әріптестерімнің басым бөлігі бұл талаппен қуана-қуана келіседі және қиналмастан орындап шығады деп сенемін", - дейді Мақсат Рахмет.

Тойда кезегін береді
Сұқбат кезінде Мақсат Рахмет ешқандай заң шықпай тұрып-ақ сахна мәдениетін сақтап жүргенін айтты. Әннің арасында дөрекі, бейәдеп сөздерді қолданудан аулақпыз дейді.

"Киімнің сахнаға сәйкес келуі туралы сұрақтарға қазірдің өзінде толығымен дайынбыз. Себебі осы уақытқа дейін шыққан әніміздің ешқайсысында бір ауыз бейәдеп сөз жоқ. Сахнаға қалай болса солай шыққан күніміз де болған емес. Бұған ешқандай заң шықпай-ақ үлкен жауапкершілікпен қараймыз", - дейді ол.
Заң жайлы әңгіме қозғалған соң әнші қазақ эстрадасының еш кодексте көрсетілмеген ішкі заңы жайлы айтты.

"Осы уақытқа дейін жолымызды кесіп, атағын пайдаланып алдымызға шығып кеткен әріптестеріміз болған емес. Қазақ эстрадасындағы әншілер, оның ішінде жастар – менің замандастарым үлкендерді қатты құрметтейді. Тойда асығып тұрсақ та, кезегімізді үлкендерге береміз. Аға буынның сахнаға алдымен шығуы олардың атағын пайдаланғанын көрсетпейді, керісінше кейінгі буын тәрбиесінің нышаны. Бұл – еш кодексте көрсетілмеген, заң болып жазылмаған адамгершілік қағидалары", - дейді Мақсат Рахмет.

Әнші ме, актер ме?
Мақсат Рахмет 2014 жылдан бері Ғабит Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық театрда жұмыс істейді. Алғашында театрдағы қызметін сахна сайысын қоюшы ретінде бастаған әртіс екі жылдан соң режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың "Бір сен үшін тудым" қойылымында ойнап, содан кейін актерлік құрам қатарына қосылған.

"Театрды да, "Алашұлы" тобын да жақсы көремін. Өзімді әншімін немесе актермін деп айтпаймын, мен – әртіспін. Кәсіби деңгей жағынан ауыз толтырып өзімді әртіс деп атауға бола ма, жоқ па, білмеймін. Оны ұстаздарым мен айналамдағы әріптестерім біледі, халық бағасын береді. Әртіс деген сөздің ішіне бәрі кіреді, жан-жақты болып, ән де айтып, би де билеп, актерлік шеберлікті де меңгергені жөн", - дейді ол.
Ғабит Мүсірепов атындағы академиялық театрда "Құлагер" қойылымында басты рөлді сомдады
Ал жеті жыл оқып алған мамандығы – музыкалық театр және кино актері. Қолымыздан ән айту келген соң әншілік жағында да жүрген жайым бар, деп толықтырды Рахмет.

"Театрда айлық үшін жүрмегенімді сеніммен айта аламын, театрға мені байлап қойған сол өнерге деген шексіз махаббат. Осы уақытқа дейін сомдаған әр рөлдің өз тарихы бар, бір-бірінен бөліп жаруға келмейді. Әр рөл іштен шыққан баламыз сияқты, қаншама дайындықтан өтіп, қаншама зерттеу жүргізіледі. Ойдағы образ шыққанша қиналамыз, оны бір ретке келтірген соң қалай шықты екен деп күйзелісте жүретін кез болады", - дейді ол театрдағы жұмысы жайлы.

Актердің айтуынша, қазір театр карантин талаптарын сақтай отырып жаңа үш қойылымды сахнаға шығаруға дайындалып жатыр. Оның ішінде Антон Чеховтың "Шағала" спектаклі қазірдің өзінде дайын тұр. Мақсат Рахмет режиссер Фархад Молдағалиевтің "Баянсыз бақыт" қойылымы мен Нұрдәулет Советханның Адам ата мен Хауа ана ұрпағы жайлы спектаклінде ойнайды.

"Бұл қойылым Адам ата мен Хауа ананың тұңғыш баласы жайында болады. Мойындау керек, қойылым өте қиынға соғып жатыр. Күнде кешке театрда жиналып, қойылымға дайындалып жатырмыз. Ізденіс пен сол ізденістің нәтижесін көрсету қиын әрі қызықты процесс", - дейді актер.

Айтуынша, қойылым дайын болған соң театрдың көркемдік кеңесіне ұсынылады. Егер кеңес рұқсатын берсе, спектакль көрерменге жол тартады.




Көрілген: 530    Пікірлер: 0

сенбі, 19.09.2020, 14:24

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31