Әнші Нәзима үйін екі апта бойы белгісіз ер адам торуылдап жүргенін айтты

25 мамыр 2022, 14:14

Әнші ол адамды бұрын-соңды еш жерден көрмегенін айтты, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.

Танымал әнші Нәзима Жәнібекова қазір Алматыда тұрады. Сол үйін екі аптадан бері әлдебіреу торуылдап жүр екен.

 

Нәзиманың айтуынша, белгісіз ер адам оның қай үйде, қандай пәтерде тұратынын жақсы біледі екен. Соңғы екі апта бойы танымайтын адам оның есігін қағып, ешнәрсе айтпастан кетіп қалып жүрген. Оның үстіне әлгі адам Нәзиманың сыртқа шығуын күткен сыңай танытып, көліктің ішінде бірнеше сағат күтіп отырған. Ер адамның бұл әрекеті әншінің зәре-құтын қашырған. Жәнібекова "өзін алып қашып кетпесін" деп қорқып, үйінен аттап шықпаған көрінеді.

 

Екі аптадан бері біреу есігімізді қағып, жауап бермейді, кетіп қалып жүрді. Ер адамның бұл әрекетінен қатты қорықтым. 15 мамырда көліктің мемлекеттік нөмірін жазып үлгердім. Кеше оның аулада тұрғанын көріп, шошып кеттім. Полицияға бірден хабар бердім — дейді Нәзима Жәнібекова.

 

instagram.com/13nazima

 

Кейін белгілі болғандай, белгісіз ер адам оның пәтерін басқа біреудікімен шатастырып алыпты.