Әншілер мен асабаларға табыс салығы неге салынбайды – министрлік түсініктеме берді

27 қазан 2020, 19:16

Қаржы министрлігіне қарасты мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев әншілер мен асабаларға табыс салығын салмаудың себебін түсіндірді.

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте тілшілер жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген өнер иелеріне табыс салығын салу туралы сұрақ қойды. "Әншілер, асабалар бар. Жалпы, жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, бірақ табыс табатын өнер иелеріне салық төлету мәселесі қалай реттеледі? Олар тойға барады. Салық төлетуге мүмкіндік бар ма?", &ndash деп сұрады журналистер.

Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, салық төлеу үшін алдымен салықтық тіркеуге тұру қажет.

 
"Біз сол тіркеуге тұрғызу бойынша жұмыс жүргіземіз. Хаттамаларды береміз, сөйтіп, тіркеуге қоямыз. Ал бүгінде ол (әншілер мен асабалар қызметі &ndash Sputnik) микробизнес болғасын табыс салығынан толық босатылған", &ndash деді Сұлтанғазиев.

Айта кетейік, өткен жылы президент микро және шағын бизнесті табыс салығынан үш жылға босатуды тапсырған болатын. Осыған байланысты арнайы заң жобасы қабылданды. Сөйтіп, биыл 1 қаңтардан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін микро және шағын бизнес субъектілері табыс салығынан босатылды.

Заңнамаға сәйкес, микро бизнеске 15 адамға дейін жұмысшысы бар және жылдық табысы 30 мың АЕК (83 миллион теңге) дейінгі жеке кәсіпкерлер жатады. Ал шағын бизнес санатына 100 адамға дейін жұмысшысы бар және жылдық табысы 300 мың АЕК-ке (833 миллион теңге) дейінгі жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар енеді.
Caravan.kz