Бағлан Әбдірайымов Қайрат Нұртасты не үшін ұрғанын айтты

25 қаңтар 2023, 15:04

Әнші Бағлан Әбдірайымов хитмен Қайрат Нұртасты кезінде ұрып жіберген. "Жігіттер" квартетінің әншісі Бағлан Әбдірайымов осыдан бірнеше жыл бұрын болған кикілжің туралы "Уақыт көрсетеді" бағдарламасында айтып берді, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі KAZ.NUR.KZ-ке сілтеме жасап.

Бағдарлама жүргізушісі әншіден "Республика сарайында "Алтын самұрық" атты концерт өтіп, сіз сыртта Еркін Нұржановпен ерегісіп тұрған едіңіз. Сол жерге Қайрат Нұртас келгенде бір ұрдыңыз. Солай ғой, иә?", - деп сұрады.

 

Ал Бағлан Әбдірайымов даудың неден туындағанын түсіндіріп берді.

 

"Әншілер бір-біріне дауыс бергенде, сахна сыртында Еркін Нұржанов бізге дауыс беретін болып келіскенбіз. Финалда "Жігіттер" квартеті мен Тоқтар мен Бейбіт қалдық. Біз жеңейін деп тұрғанбыз. Жасы үлкен, халықтың қалауымен Тоқтар мен Бейбіт жеңіске жетті. Сосын сыртқа шыққан кезде Еркінге "Сенікі дұрыс емес қой. Сен "бізге дауыс беремін" дедің. Енді неге басқа әншіге дауыс бересің? Сенікі дұрыс емес" деп тұрған кезде, Қайрат (Нұртас - ред) сөзге араласып қалды. Мен "Қайрош, сен араласпай-ақ қой" деп едім, шап етіп сөз қайтарып қалды.

Мен өзім мектепте 1984 жылғылармен бітірсем, 1982-83 жылғылардан таяқ жеп өскенмін. Ол мықты ма, мықты емес пе, үлкеннің аты - үлкен. Ауылда солай тәрбие қалыптасқан.

Сол кезде Қайраттың шап ете қалғаны бар. Сөз қайтарып келе жатыр еді, сол кезде бір шапалақ тартқаным бар. Жақтан тиді. Зұлымдықпен қол көтерген емеспін, ағалық-інілік қой.

Кейін Қайраттың өзі де "Сенге көшіп бара жатыр едім, қайтадан "сіз" болдыңыз ғой" деп қалжыңдап айтады.

Ол енді қанша жыл бұрынғы оқиға ғой. Ол кезде біз де, ол да бала еді. 20-21 жастағы балалармыз ғой шамамен. Арамыз бұзылған емес", - деді әнші.

 

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Бағлан Әбдірайымов өз өкінішін бөлісті. Әнші сахнада 20 жыл жүріп әке-шешесінің жағдайын жасауға тырыспағанына күйінді.