“Баламды оқудан шығарып жібергені рас”: Сейфуллин Жолбарыс ұлының өнерге қадам басуы мен жеке ән кешіне дайындығы жайлы айтты

29 қыркүйек 2022, 18:34

Танымал әнші, сазгер Сейфуллин Жолбарыс 2 қазан күні жеке ән кешін өткізбек. Осыған орай Stan.kz тілшісі өнерпаздан шараға деген дайындығы жайлы сұрап білген еді. 
 

 

– Санаулы күндерден соң көптен күткен жеке кешіңіз өтеді. Дайындық жұмыстары қалай? Бұл жолғы кеш бұрынғыдан несімен ерекшеленбек?

 

– 2 қазан күні өтетін концертке дайындық қызу жүріп жатыр. Мен өзімнің барлық кештерімді жанды дауыста өткіземін және бұл жолы ерекше аспаптарды қосып жатырмын. Үнді халқының, армяндардың және т.б. ұлттық аспаптар болады. Бұл жай жеке кеш емес, есеп беру кешім. Өзім 50 жасқа, ал сахнадағы ғұмырым 30 жасқа келді. Осы аралықтағы Сейфуллиннің өнердегі жұмыстарын еске алып, қайта бағалайтын болады.

 

– Отбасыңызда сізден басқа адамдардың өнерге қызығушылық танытатынын білеміз. Тағы да кімдерді сахнадан көруіміз мүмкін?

 

– Ұлым Бейбарыс екінші гитарада ойнайды. Ол да кішкентай жігіт емес, қазір 19 жаста. Өнерге тікелей қатысы болғандықтан тәжірибе жинақтасын деген мақсатпен сахнаға бірге шығамыз. Кішігірім ансамбльімізді “Tiger Band” деп атадық. Көбі “Неге мұндай атау?” деп түсінбей жүр. Қиын түгі жоқ, жолбарыстың ағылшынша атауы ғой. Құдай бұйыртса, жеңгелерің де сахнаға шығады. Өздеріңіз білесіздер, басқа ұлттың қызы. Бұл кеште менің әндерімді және ең бастысы қазақ халық әнін орындайтын болады. Орыстың қызы халық әнінің иірімін келтіріп айтса, ол біздің қазақ өнерінің көтерілгені деп есептеймін. Сондықтан халық әнін айтқызып жатырмын. Одан кейін көптген қонақтар болады. Атап айтқанда, аға буыннан Медеу Арынбаев, Жеңіс Ысқақова, жастардан “The JIGITS” деген топ өз өнерлерін көрсетеді.

 

– Ұлыңызды қанша жасынан өнерге бейімдедіңіз?

 

– Ұлыммен бір әлемде қалықтап, сахнаға бірге шығуымыздың өзі ол - үлкен қуаныш. Шын мәнінде, терең түсінген адамға ұл-қызыңмен сахнада бірге өнер көрсету бақыт екен. Кішкентайынан шатаспасам, 4-5 сыныптан бастады. Көз ашқаннан әкесінің гитара ойнағанын көреді. Сол гитарадан бастап, сол гитарада әлі оқып жатыр ғой.

 

– Әңгіме барысында, ұлыңыздың оқудан шығып кеткенін біліп қалдық. Толықтырып өтсеңіз…

 

– Иә, баламды оқудан шығарып жібергені рас. Үлкен қызым сабақты қатты оқыды. Оқитын адам оқиды ғой. Оқымайтын адамға құрдан-құр ұрысудың қажеті жоқ. Біздің үйде 3 ұл болғанбыз. Нұрпейіс, Шаймерден деген ағаларым өмірден озып кетті. Шаймерден деген ағам қызылға бітірді де, Нұрпейіс ағам мектептен шығып кетіп, кіріп-шығып жүріп мектепті зорға бітірді. Сонда әкем: “оқитын адам оқиды, оқымайтын адамға құрдан-құр жүйкеңді кетірме” деп жиі айтатын. Ұлым болса карантиннің кезінде онлайн сабаққа дұрыс қатыспай, оқудан шығып қалған. Бірақ қазір ол оқудан шыққанына қуанбайтын шығар, себебі мен оны одан бетер қуалап жатырмын. Менің берген тапсырмаларым, жеке гитарадан сабағы мен мұғалімі, спорты бар. Бұрынғыдан бетер қолы тимейді. Қазір колледждің сабағы рахат болып қалған шығар деп ойлаймын. Кейде өзі: “қап, студенттік өмірі жақсы еді ғой” деп қояды.

 

– Сейфуллин Жолбарыстың танымалдылығы бұл проблеманы шеше алмады ма әлде шешуге ниеттенбеді ме?

 

– Аға-көкені іздеп, баланы оқытуға әрине болар еді. Бірақ оған аса құштарланбадым. Жалпы “Мен Сейфуллин Жолбарыспын, өзіміз ғой. Проблеманы былай-былай шеше салайық” дейтін жандардың қатарынан емеспін. Атақ пен танымалдылық емес, абырой мен үшін өте маңызды.

 

– Айтпақшы, үйдегі ұлты мен салты бөлек жеңгемізді әулетіңіз қалай қабылдады?

 

– Жеңгелеріңді ең алғаш әкеммен таныстырғанмын. Әкем сол орыс келінінің қолынан 5-6 жылдай шай ішіп, батасын беріп кетті деп айта аламын. Шынымды айтсам, ол кісілерге қатты ұнады. Қазір анамыз біздің қолымызда. Қандай еркек болса да өзінің әйелінің әке-шешесіне қарағанын жақсы көреді. Әке-шешемнің қалауы - сол.

 

– Ал әлеуметтік желідегі жағымсыз пікірлерді өзіңізге қабылдайсыз ба?

 

– Жағымсыз пікірлер негізі түк емес қой. Менің Мәскеуде, Киевте, Германияда тұратын достарым бар да. Олар басқа ұлттың жігіттері ғой. Кәрістер, мысалы. Олар “қазақтар жаман пікірлерге үлкен көңіл бөледі екенсіңдер” деп таңғалады. Ал расында ол көңіл бөліп, фокус қоятын дүние емес. Себебі желідегі пікір деген ерігіп отырған адамның ермегі деп білемін.

 

– Сұхбатыңызға рахмет!