«Бәрін қайта бастайтын секілденем...»

«Бәрін қайта бастайтын секілденем...»

Қарағанды облысының Ұлытау ауданындағы Байқоңыр ауылында 1951 жылы дүниеге келген Жүрсін Ерманның балалық шағы соғыстан соң жұрт есін әлі жия қоймаған қиын-қыстау жылдармен тұспа-тұс келеді. Сол кезеңнің жағдайын:
– Шықпаған кез елдің әлі бүйірі,
Ең тәуір ас – жүгерінің түйірі... – деп, өзі өлеңмен өрнектегендей, ақынның ана ертегісіне елітіп, алаңсыз өсердей мүмкіндігі болған жоқ. Содан да ол:
– Есейтті, есейтті ғой өмір бізді,
Өткіздік басымыздан небір күзді, – дейді соның бәрін бір ауыз сөзбен түйіндеп.

Осылайша өмірдің өзі шыңдаған Жүрсін ақын тез есейіп, ересек өмірге ерте араласады. 17 жасында шаңырақ көтереді. Сүйген жары Бақытжамал екеуі жетектесе жүріп, жоғары оқу орнына түседі. Іркес-тіркес дүниеге келген ұл-қызын үлпілдетіп өсіріп, әке ретінде де, қарымды қаламгер, дарынды журналист ретінде де өмірдің қызығын да, шыжығын да бір кісідей көтереді.
Жүрсін Ерманның Қарағанды облысы, Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде әдеби қызметкерліктен басталған еңбек жолы Жезқазған телевизиясында аға редак­тор, республикалық теледидарда бас редактор, «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Жұлдыз» журналының бөлім меңгерушісі, «Қазақстан» телерадиокорпорациясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары, Қазақ радиосының бас директоры қызмет­теріне дейін ұласқаны белгілі. Бұл ретте, Жүрсін Ерманның қай қызметте болсын өз ісінің білгірі ретінде танылып, ақын, азамат, қайраткер ретінде ел-жұртты тәнті етіп жүргені даусыз.
 Әуелден-ақ ақын ретінде танылған Жүрсін Ерман бүгінгі поэзияны қазақы қоңыр үнмен, әсіребояусыз ұлттық нақы­ш­­пен мейлінше байыта түсті деуге болады. Ақынның:
– Жастықтың қызығын бірге кешкен,
Шығар ма шырайлы күндер естен.
Жылуын сезініп махаббаттың,
Бірге асып келеміз мың белестен, –
деп, көзіқарақты қауым әнге қосып жүрген «Сыңарым» әнінен бастап,
– Қай жерде, мейлі қай елде,
Әлемнің мәні – Әйелде.
Шын мықты болсаң, оныңды
Әйелге барып дәлелде!
...Әйелсіз қонды бақ қашан?
Әйел деп түстік отқа сан.
Әлемнің тілін таппайсың,
Әйелдің тілін таппасаң! –
деген «Әйелге одасы» немесе:
...Сенің жолың кешеден кесілуде,
Жатсың үнсіз табыттың бесігінде.
Жібергісі келмей ме Алматының,
Самолеті Торғайдың кешігуде.
...Кейіме енді досқа да, жарыңа да,
Бітер жері ғұмырың – бәрі нала.
Жаяу-жалпы жетіп ең Алматыға,
Ұшайын деп жатырсың, Сары бала!.. –
сынды «Кеңшілік Мырзабековті Алматы­дан аттандыруына» дейін оқырманның көңіл түкпірінен берік орын алған шығар­малар. Жалпы, көркем сөз, кестелі тілмен өрнектелген мұндай шуақты ой ұшқын­да­рын ақынның әр жылдарда жарық көрген «Жанартау», «Арайлы күн, армысың!», «Ұлы­тауға бардың ба?», «Құдіретке жү­гіну», «Екі тізгін, бір шылбыр», «Құстың көлеңкесі» атты жыр жинақтарының қай-қайсысынан да көптеп кездестіруге бола­ды.
Қасым Аманжолов ағасын ерекше қа­дір­лейтін Жүрсін Ерманның «Мен Қасым­­ның бүкіл жырларын, тіпті кеңестік дәуірді мадақтаған өлеңдеріне дейін сүйе­мін» деген бір сөзі бар. Сол сияқты Жүрсін поэ­зиясын да өте жоғары бағалайтын, оның осыдан бірер жыл бұрын жарық көр­ген «Таңдамалы 70 өлеңін» әлдебір ақындар­дың 70 томына айырбастамайтын сыйлас, сырлас замандас көп. Ендігі сырды солар­дан тыңдасақ...

Көпен ӘМІР БЕК, сатирик:
Жүрсін – ақындар университетінің ешқандай бұйрықсыз бекітілген ректоры
– Егер әдебиетті циркке теңесең, ондағы барлық хайуанаттар адамның айтқанына көнеді, айдағанына жүреді. Бүкіл жан-жануардың ішінде тек қасқыр ғана циркке бағынбайды екен. Менің досым Жүрсін Ерманов әдебиеттегі қасқыр сияқты. Оны үйрете алмайсың, таяқтың үстінен секірте алмайсың. Ол – өзіндік мінезі, өзіндік қаны бар қаламгер.
Егер әдебиетті арғымаққа теңейтін болсақ, біздің көптеген әдебиетшілер аяғын үзеңгіге салып барып ерге қонады. Ал Жүрсін Ерманов – ерге бірден қарғып мінетін жігіт. Ол өзінің мінезіне байланысты. Жұрт атқа мініп, алға қарап зымырайтын болса, бұл аттың бауырында жатып та бәйгені іле береді. Өйткені оның өзі қандай болса, сөзі де сондай ерекше. Ешкімге ұқсамайды. Бұл біраз жылдан бері жатып қалған тұлпар сияқты көрінді маған. Тұл­пар­ды тұрғызу үшін не істейді? Тұлпар шыл­бырынан сүйресең де, құйрығынан тартсаң да, шыбықпен сабасаң да тұрмай­ды. Тек жанынан бір үйір жылқыны дүбір­летіп, кісінетіп өткізсең, нағыз тұлпар бол­са, ол тұрады. Жүрсін – дүбірге үйрен­ген, дүбірді көрсе, кісінеп, оқыранып, со­ған қосылып кететін жүйрік. Ақындар айтысы арқылы ол талай жүйрікті тәрбиелеп шы­ғар­ды. Мысалы, біз ақын қыздары­мыздан Сара Тастамбекқызы, Зияш Қалауова, Мәриям Хакімжанова, Фариза Оңғарсы­нова, Ақұштап Бақтыгереева сынды бұрынғы-соңғы бірен-саран таланттарды ғана білетін едік. Яғни олар қамшының шашағындай ғана болатын. Ал Жүрсін қаншама ақын қыздардың бағын ашты! Олардың бәрінің бірдей атын атап, түсін түстеп шығу тіпті мүмкін емес. Бұл тұрғыдан алғанда, Жүрсін үлкен сауапкерлік жасады. Оларды «Қазақтың қыздарының бәрі де ақын екен» дейтіндей дәрежеге жеткізді. Яғни Жүрсін – былай алып қарағанда, ешқандай мемлекеттік бұйрықпен, мемле­кеттік рәсіммен бекітілмеген, ақындар университетінің ректоры.
Жұрттар Жүрсіннің пошымын, бет әлпе­тін көріп шошиды, өйткені ешкім бетіне тура келе алмайтындай сұсты, айбатты жігіт. Бірақ оның бергі жағы бетпақ бол­ғанымен, арғы жағы – аппақ. Мұның бет­пақ­тығы да, аппақтығы да бірдей. Бірақ бетпақтығы бетінде тұрады да, аппақтығы жүрегінде тұрады...

Қорыта айтқанда...
Қанша жерден уақыт өз әмірін жүргізіп, өмірдің тамылжыған тамызы есік қаққанымен, ақын жүрегі арманшыл қалпынан танбайды. Оның:
– Қыран ғұмыр қиялдап жетілген ем, –
Қырандыққа жоқ әлі кепілдемем.
Кешіп жүрген өмірім әншейін де,
Бәрін қайта бастайтын секілденем! –
деп жырлайтыны да содан. Өзі айтқандай, сезім-сәуле лып еткенде ақын қаламынан төгілмейтін сыр кемде-кем. Жан-жүрегіне тыншу бермеген бір мұңын қағазға көшіріп болғанша көңілін келесі мұң торлайды. Бір ойды жүзеге асырып біткенше, оның орнын келесі ой алмастырады. Бәлкім, ақын өмірі сонысымен де қызық, сонысымен де құнды шығар...

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ, ақын:
Жүрсіннің 70 өлеңін 70 томға айырбастамас едім

– Жүрсін екеуміз Сарыарқаның екі пұшпағынанбыз. Ол – Ұлытаудан, мен – Ақтоғайдан, 12-13 жасымыздан бастап Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне қатар шығып тұрдық. Бір-бірімізді газет арқылы танитынбыз. Жүрсіннің алғашқы өлеңдері Б.Байсейітов, Ж.Бектұ­ров сияқты белгілі ақындардың алғысөзі­мен, жылы лебізімен жарияланып жататын. Бірақ ол әдеби ортаға менен бұрын барып, менен бұрын танымал болды. Жүрсін – шөптің де, шөңгенің де өлең емес екенін жақсы түсінетін, өлеңге үлкен жауап­кер­шілікпен қарайтын, өте дарынды ақын. Мысалы, бізде өлең кітаптарын он томдап, жиырма томдап шығарып жатқан адамдар бар. Ал ұлы Абайдың өзінің бүкіл жазған-сызғаны түсіндірмесімен ғана бір томға әрең жетеді. Жүрсіннің өте талғампаз ақын екендігі соншалық – осыдан үш жыл бұрын «Таңдамалы 70 өлең» деген кітап шығарды. Мысалы, осы 70 өлеңді мен халтурщик­тердің 70 томына айырбастамас едім.
Екінші бір айтарым, Жүрсін – керемет реформатор адам. Ол қазақтың өліп бара жатқан айтысын аман алып қалды. Орыстар мұндай адамды «подвижник нации» дейді. Бұл – былайша айтқанда, өзінің қарақан басын ұмытып, ұлт үшін, ұлыс үшін еңбек ететін адам деген сөз. Мысалы, орыстар Третьяков галереясын ашқан көпес Третья­ков, алғаш атом бомбасын жасап, кейін оған өкінген академик Андрей Сахаров сияқты адамдарын «подвижник нации» дейді. Қазақтың айтысын аман алып қалған Жүрсінімізді біз де солардың қата­рына қоса аламыз.
Жүрсін айтысты дүркіретіп өткізіп, айтыс ақындары машинадан-машина мініп жатты ғой. Сонда Қадыр ағаның: «Айтыс ақындарына бір-бірден машинадан берсеңдер, онда біздің әрбір кітабымызға екі машинадан беріңдер», – дегені бар болатын. Қасым Аманжоловтың Қарқарада тойланған 90 жылдығында мен Қадағаң­ның осы сөзін Жүрсінге айтып: «Айтыс ақын­дарының жағдайы қазір жақсы. Бір­ден емес, тіпті бестен, оннан машина мін­ген­дері бар. Ал қазақ поэзиясы далада қалды ғой», – деген едім. Жүрсін: «Оның бәрін білемін, түсінемін. Алматыға барысы­мен Тәуелсіздіктің 10 жылдығына арнап ақындар мүшәйрасын өткіземін», – деді. Сөйтіп, өз қаржысымен мүшәйра өткізді. Одан кейін ол тұрақты түрде «Бір өлең – бір әлем» деген мүшәйра ұйымдастырып тұр­ды. Осы бір жаңаша жобаны дәстүрге айналдыруға болушы еді. Бірақ әртүрлі себептермен тоқтап қалды. Қалай болғанда да, бұл Жүрсіннің тек айтысқа ғана емес, жалпы қазақ поэзиясына деген жанашыр­лығын, азаматтығын көрсетеді.
Жалпы, ақын өте мықты ақын болуы үшін ол ең әуелі мықты азамат болуы керек. Мықты азамат болғаннан кейін ғана Жүрсіннің жүрегінен осындай өлеңдер туып жатыр, мықты азамат болғаннан кейін ғана Жүрсін осындай аса маңызды қоғам­дық әрекеттерге барып жүр. Ал нашар адамнан жөні түзу өлең де, ірі іс-қимыл да шықпайды.

Бақытжамал ЕРМАН, ақынның жары:
Ол – жүрегі өте жұмсақ адам

– Жүрсіннің бүкіл журналистік қызметі телевизиямен байланысты. Жүрсінді Жез­қаз­ған облыстық теледидарында қызмет істеген кездерінен білетін Қазақ телевизия­сы­ның басшылары әуелде үгіт-насихат редакциясына алды да, артынша жастар редакциясының бас редакторы етіп бекітті. Өз ісіне мейлінше адал, еңбекқор Жүрсін сол редакцияның жұмысын көтеруге көп үлес қосты. Маңайына талантты замандас­тарын, жастарды тартты. Мысалы, Сағат ағаны да телевизияға ең бірінші әкелген Жүрсін болатын. «Жүректен қозғайық» деген хабар ашып, сол кісіні жүргізуші ет­кен. Сол кезде Дулат Исабеков жастар редакциясынан апта сайын хабар жүргізе­тін. Жүрсін форматы да, тақырыбы да тап­таурын, көрерменге ешқандай берері жоқ сол хабарды жауып, орнына жаңа жобалар ашты. Бірақ осының салдарынан өзіне қар­сылас тауып алды. Ақырында телевизия­дан кетуіне де осы себепкер болды. Дулат ағамыз Жүрсіннің аяғынан шалға­нымен қоймай, кейінгі жылдарда тіпті «Бү­гін­гідей компьютер, технология зама­нын­да айтыс не керек?» деп бүкіл айтыс өнеріне күл шашуға көшті. Бірақ халқымыз­дың қасиетті өнерінің де киесі бар ғой. Кім не десе де, одан айтыстың туы жығыл­май­ды.
Өзі ақын болғаннан кейін де, Жүрсін айтысты жандандыруға Жезқазған теле­визия­сында жүрген кезінен көңіл бөле бас­та­ған. Бірақ ол кезде айтыс өте сирек және үлкен мерекелерге орай ғана ұйымдас­ты­рылатын. Қазақ телевизиясының әдеби драмалық хабарлар редакциясында қыз­мет еткен кезінде Жүрсін айтысты шындап қолға ала бастады. «Сонау соғыс жылдары­ның өзінде өлмеген, жоғалмаған халықтық өнерді қайта жандандырайық» деп барын­ша тырысты. Ол кезде айтысты біреу алдын ала жазып беретін де, екі адам соны дом­быра­мен орындайтын. Міне, содан қазіргі дәрежеге жеткенге дейін айтыс қаншама кезеңнен, қаншама сатыдан өтті! Ең басын­дағы айтыстарды білетін адам оның қазіргі деңгейіне, айтыскерлердің ой ұшқырлы­ғына, суырыпсалмалығына таң-тамаша қалады.
Бір қараған кісіге Жүрсін дөрекі мінезді адам болып көрінуі мүмкін. Бірақ үйде оған қарағанда менің мінезім қатқылдау. Ал ол – жүрегі өте жұмсақ адам. Маңайын­дағы жұрттың жақсы бір қырын көрсе, соған риза болып, аузынан тастамай айтып жүреді. Балаларына өте мейірімді. Үш баламыздың үлкені Қызғалдақ – «Хабар» агенттігінде бағдарлама режиссері, ұлы­мыз Дархан – Ресейдің осындағы «Вираж» деген автосалонының бөлім директоры, кенжеміз Ардақ – тіл маманы. Осы үш бала­мыздан 11 немере сүйіп отырмыз.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста