Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Батыс Еуропа көрмесінің есігі айқара ашық

12 желтоқсан 2012, 11:37

Бүгінде Алматыда еліміз­дің Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Алматы қаласының әкімшілігі және Бельгия Корольдігінің Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен ХІХ-ХХ ғасыр­лардағы Батыс Еуропаның атақты суретшілерінің көркемсурет көрмесі өтіп жатыр. Бұл көрменің бұған дейін елімізде өтіп жатқан көрмелерден жөні бөлек. Себебі бұған дейін біздің елімізге француз бен бельгиялықтардың атақты картиналары әкелінген емес. Эксклюзивті көрмені ұйымдастыруға Еуропаның BOON Gаllery деп аталатын алдыңғы қатарлы өнер орталығы мен Қазақстанның KOVANUR арт-қоры мұрындық болған.
Еліміздегі Ә.Қастеев атындағы Мемле­кеттік өнер мұражайында өткен көрменің салтанатты ашылуына BOON Gаllery өнер орталығының негізін қалаушы әрі прези­денті Кристофер Бун мырза келді. Ал бұл шараның тағы бір елді елең еткізген тұсы – оған басты қонақ ретінде Ресейді 300 жыл билеген әйгілі Романовтар тұқымынан тараған князь Ростислав Романовтың келуі. Князь мұнда патша тұқымының өкілі ретінде емес, бейнелеу өнерінің белді өкілі ретінде келіп отыр. Себебі оның өзі де қылқалам шебері.
Ростислав Романов, князь, әйгілі Романовтар әулетінің ұрпағы:
– Мен, жалпы, өз басым өнер тари­хы­на, түрлі елдердің өнеріне қатты қы­зы­ғатын жанмын. Сондай бір құштар­лық бүгін, міне, Қазақстанға да алып келді. Қазақтардың өмір салты, арғы-бергі тарихын осы бейнелеу өнеріне қарап та білуге болады. Сондай-ақ біздің алып келген туындыларымыз да көрмені та­ма­шалаушыларға ұнайды деген сенім­демін.

Кристофер Бун, BOON Gаllery өнер орталығының президенті:
– Бұл – біздің Қазақстанға тұңғыш келуіміз. Сондықтан бұл сапардың біз үшін маңызы өте зор. Жалпы, қазақ бей­нелеу өнері мен Еуропа, оның ішінде Бель­гия бейнелеу өнерінің айырма­шылығы жер мен көктей. Дегенмен ол біздің бір-бірімізді танып-білуімізге еш кедергісін келтірмейтіні сөзсіз, қайта бір-бірімізден үйренеріміз, аларымыз мол болады деп ойлаймын. Осы сапа­рым­ның барысында мені ең бір қуан­татыны – осындағы Өнер академия­сы­ның болашақ суретші болам деген сту­денттеріне, жалпы, бейнелеу өнеріне қызығушыларына арнап менің дәріс өткізуіме мүмкіндік беріліп отыр.

Атап өту керек, бізге сонау Бельгиядан жеткен туындылардың барлығы еш күмән­сіз, тұпнұсқа. Өнер мұражайындағы көр­ме­нің бір залын тұтас алған туындыларды көрген жұрт ХІХ ғасырға еніп кеткендей күй кешеді. Сол кездегі қарапайым Еуропа жұртының күнделікті өмірінің кейбір сәт­терінен бастап, үйлену тойы, ақсүйектер оты­рысы сынды оқиғаларын суретші сол қалпында көшіріп ала қойғандай... Бей­нелеу өнерінің құдіреті де сонда шығар. Көрмеге ХІХ-ХХ ғасырлардағы Бельгия карти­налары қойылса, Кристофер Бун мыр­за­ның айтуынша, бүгінгі, яғни зама­науи Бель­­гия бейнелеу өнерінің арасында сон­шалық алшақтық жоққа ұқсайды. Де­мек, бұған қарап аталмыш ел өз қылқалам мек­тебін сақтап, осы күнге жеткізе білген деу­ге болады. Сөз арасында сондай-ақ Бель­гия­ның көптеген картиналары Санкт-Пе­тер­бургтегі Эрмитажда тұрғандығы айтыл­ды.

Керек дерек
BOON галереясы Бельгия Корольдігіне қарасты өнер мен антиквар палатасының ежелгі мүшесі әрі француз ұлттық арт-дилерлер құрамының бір бөлігі болып табылады. Сондықтан да ол Батыс Еуропа өнерінің жетекші өнер орталығы ретінде халықаралық беделге ие. Осыған дейін галерея Амстердам, Брюссель, Лондон, Монако, Мәскеу және Парижде әр жылдарда өткен биік деңгейлі көрмелерге қатысқан.

Түйін
Жалпы, аталған көрмені өткізудегі мақсат Еуропа мен Азия арасындағы шығармашылық ресурстар арқылы біртұтас мәдени кеңістік орнатуға үлес қосу болып табылады. Сондай-ақ қалың бұқараның, әсіресе жас ұрпақтың классикалық бейнелеу өнеріне деген қызығушылығын арттыру болып табылады. Көрем деушілер болса, желтоқсанның 15-іне дейін Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайына баруына болады. Сондай-ақ осы айдың 13-інен бастап сағат 15:00-де мұражайда Кристофер Бун мырзаның мастер-класына қатысу мүмкіндігі мол.