Бейсен Құранбек атындағы жүлденің жеңімпазы марапатталды

23 желтоқсан 2021, 17:36

Талдықорғанда облыс әкімінің «Самғау» сыйлығына журналистер арасында жыл сайынғы өткізілетін байқаудың биылғы жүлдегерлері марапатталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

 

Жоғары кәсіби шеберлігі үшін тұңғыш енгізіліп отырған тележурналистика қайраткері Бейсен Құранбек атындағы номинацияның жеңімпазының да есімі аталды. Бұл құрметке облыстық «Жетісу» телеарнасы Жаңалықтар бөлімінің бас редакторы Гүлжанат Мақұлжанова ие болды.

 

Марапаттау рәсімінде облыс әкімі Қанат Бозымбаев өңірдің дамуына үлес қосып жүрген журналистер қауымын құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.

 

Қанат Бозымбаев:

 

– Сіздер, журналистер, қоғамдық өмірдегі маңызы ерекше әрі жауапкершілігі мол кәсіптің иесісіздер. Уақытпен санасуды білмейтін, өзекті мәселелердің, төтенше оқиғалардың бел ортасында жүретін тілшілердің еңбегі әрдайым бағалауға лайық. Тәуелсіз Қазақстанның, соның ішінде Алматы облысының да мерейлі шаралары, өсу кезеңдері бұқаралық ақпарат құралдарында үздіксіз жарық көріп келеді. Объективті байланыс арнасы бола отырып, сіздер халықты ғана емес, облыс басшылығын да ақпараттармен хабардар етіп отырсыздар, сөйтіп бізге тұрғындардың өзекті мәселелерін шешуге көмек етіп келесіздер. Сондықтан біз үшін журналистер Жетісу аймағын дамыту жолында әрдайым сенімді әріптес деп санаймын. «Самғау» байқауы — жақсы дәстүр. Дегенмен келесі жылы конкурсты ұйымдастыруда жаңашылдық енгізіп, сыйлық көлемін ұлғайтуға уәде беремін. Ел Тәуелсіздігінің мерейлі 30 жылдығындағы сіздер үшін бұл марапаттың орны ерекше болады деп ойлаймын.

 

Бұдан әрі марапаттау рәсімі атқарылды. Жалпы бұл байқау биыл 5-ші рет өткізіліп отыр. Байқауға 120-дан астам өтініш келіп түскен. Соның ішінде БАҚ-тың 33 өкілі қара үзіп шықты.

 

Бірінші орын иегерлері ретінде «Кербұлақ жұлдызы» газетінен Азамат Ақылбеков, «Заман жаршысы» басылымының тілшісі Бұрым Орынбасар, «Жетісу» телеарнасының қызметкерлері – редактор Жадыра Маратова, оператор Ризат Қыдыралин, продюссер Әділбек Абилов, ардагер фотограф Нұрманбет Қизатұлы, «ЕгеменҚазақстан» интернет сайтының редакторы Динар Керім, «Karasayinfo.kz» желілік басылымының редакторы Атлана Исаева, «Жетісу» газетінің дизайнері Сақып Төкеева, блогер, Панфилов ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Қанағатмарапатталды. (Алматы облысының әкімдігінің баспасөз қызметі)

 

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

 

Жүлдегерлердің бәріне арнайы статуэткалар, дипломдар мен ақшалай сыйлықтар берілді.

 

«Облыс журналистикасы саласына қосқан үлесі үшін» номинациясын «Огни Алатау» газетінің бас редакторы Атсалим Идигов иеленіп, журналистер атынан ризашылық тілегін білдірді. Бейсен Құранбек атындағы жүлденің иегері, журналистикада 30 жылға жуық еңбек өтілі бар журналист Гүлжанат Мақұлжанова өзінің толқынысты әсерін жасырған жоқ.

 

Г. Мақұлжанова:

 

– Бейсен Құранбекпен көзі тірісінде әріптес, сыйлас, замандас болдық. Бейсеннің атындағы номинацияның тұңғыш иегері болу - мен үшін бір жағынан қуаныш, екіншіден, үлкен жауапкершілік. Ол бізге әрі басшы әрі тәлімгер болды. Салмақты жобаларды, түрлі фильмдер мен хабарларды бірге жасадық. Оның сенімартқаны мені үнемі алға жетелейтін. «Самғау» байқауына Бейсен Құранбек атындағы номинацияның қосылғаны – бәріміз үшін де зор мәртебе.