Өркениет

Бүгін Нұрғиса Тілендиевтің туған күні: әйгілі композитор туралы қызықты деректер

  • Бүгін Нұрғиса Тілендиевтің туған күні: әйгілі композитор туралы қызықты деректер

    Бүгін Нұрғиса Тілендиевтің туған күні: әйгілі композитор туралы қызықты деректер

1 сәуір қазақ музыкасының сайыпқыраны, әйгілі күйші композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 95 жыл толып отыр. КСРО халық әртісі, Халық Қаһарманы туралы Sputnik Қазақстан материалынан оқыңыз

Не бокс, не музыка

Тілендиев Нұрғиса Атабайұлы 1925 жылы 1 сәуір күні Алматы облысы, Іле ауданындағы Шилікемер ауылында дүниеге келген. Әкесі Атабай домбырашы, халық әндерінің білгірі болған. Шешесі Салиқа да музыканы жақсы көрген, өлең айтқан, тіпті сырнайда да ойнаған екен.

Нұрғиса бала кезінен бір орында отырмайтын. Анасы балам бір бәлеге ұрынып қалмасын деп, аяғын ағашқа байлап қойған кездері де болыпты. Артынан баланың энергиясын домбыраға қарай бұрған. Сөйтіп, Нұрғиса бес жасында әкесінен домбыра тартуды үйренген. Ал анасы ноталық сауатын ашты.

Бір күні Ахмет Жұбанов Нұрғиса тұрған үйдің жанынан өтіп бара жатып, домбыраның үнін естіп қалады. Ұлттық аспапта сонша шебер ойнап отырған кім екенін білгісі келеді де, алты жасар баланы көріп, анасынан ұлының тағы бір рет домбыра тартып беруін сұрайды. Шешесі Салиқа келіседі. Бірақ тіл-көз тимесін деп баласы мен Жұбановтың ортасына шымылдық іліп қояды.

Ахмет Қуанұлы баланың ойнауын ұйып тыңдап, оған музыка училищесіне баруға кеңес береді. Училищеде баламен басқа композитор Латиф Хамиди айналысып, оны би класына жазып қояды. Іссапардан келген Жұбанов талантты домбырашы балет сабақтарына барып жүргенін көріп, дереу музыка класына ауыстырады.

Домбырамен қатар, Нұрғиса бокспен де айналысқан. Алайда Ахмет Жұбанов: "Не бокс, не музыка!" деп шарт қойғаннан кейін Нұрғиса өнерді таңдайды.

Зұлмат соғыс

1943 жылы Нұрғиса Тілендиев соғысқа аттанады. Сол кездегі көпшілік жастар сияқты он алты жастағы жігіт те төлқұжатына екі жас қосып жаздырып алады. Сөйтіп, 1945 жылдың 9 мамырына дейін Нұрғиса Курск шайқасынан бастап Берлинді алғанға дейінгі сарбаз жолымен жүріп өтеді, бірнеше рет жараланады.

Соғыс біткеннен кейін "Ерлігі үшін!", "Берлинді алғаны үшін!" және "Ұлы Отан соғысындағы жеңісі үшін" медальдерімен марапатталады.

Нұрғиса Тілендиев әскери қызметті жалғастыруды да ойлаған. Бірақ Ахмет Жұбанов әскери округ бастықтарына соғыстан соң елде талантты музыканттарға деген қатты сұраныс болатынын жеткізіп, Тілендиевті қайтару туралы өтініш жазады. Ақыры Нұрғиса 1945 жылдың қазанында әскерден босатылады.

1948 жылы Нұрғиса Тілендиев Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік консерваториясына емтихан тапсырып, оқуға түседі. Ұлт аспаптары бөлімінде екі жыл оқып шығады. Оқуын аяқтаған соң, Нұрғиса Мәскеу консерваториясына оқуға барады, осы оқу орнына түскен алғашқы қазақ та осы Нұрғиса Тілендиев болды. Оқудан кейін Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының бас дирижері лауазымына тағайындалады.

Театрдағы жұмысы кезінде көрермендер оның "Ортеке" (1957) балет-поэмасына, "Достық жолымен" (1958) балетіне, "Менің Қазақстаным" (1959) кантатасына тәнті болды. Осы жұмыстары үшін ол Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, Қазақ ССР Еңбек сіңірген өнер қайраткері атағына ие болды.

Шағын ансамбль оркестрге айналды

1980 жылы Нұрғиса Тілендиев Қазақ филармониясы жанынан "Отырар сазы" оркестрін ұйымдастырады. Басында шығармашылық ұжым шағын ансамбль ретінде өнер көрсетті. Ал екі жылдан кейін оркестр болып құрылды.

Оркестр қос ішекті, үш ішекті домбыралар, қобыз, сыбызғы, саз-сырнай, жетіген, шаң қобыз, асатаяқ секілді ертеден белгілі музыкалық аспаптарды қолданды. Артынан оған кең шанақты және шіңкілдек домбыралар, нар қобыз, жез қобыз, мес қобыз, сазген, аса шертер, адырна, даңғыра және тағы басқа аспаптар қосылды.

Өнер ұжымының репертуарында "Кеңес", "Салкүрең", "Сарыөзен" сияқты халық күйлері, Тәттімбеттің "Қос басары", "Сарыжайлауы" мен "Сылқылдағы", Сүгірдің "Кер толғауы" мен "Бес жорғасы", Ықыластың "Ерден күйі" мен "Қамбар батыры", сондай-ақ, сол кездегі танымал қазақ композиторларының шығармалары болды.

1984 жылы оркестр Алматы қаласында өткен Бүкілодақтық фестивальға қатысты. Мәскеудің П.И.Чайковский атындағы үлкен концерт залында өнер көрсетті. Ал 1985 жылы Бүкілодақтық Комсомол сыйлығының лауреаты атанды.

Мұқағалимен бірге жазылған 32 ән 

Нұрғиса Тілендиевтің замандастары оның ән жазғанда белгілі бір уақытты таңдамайтынын талай рет еске алған. Сазгер көбінесе үйде жұмыс істейтін. Әуен ойына келгенде дереу рояльге отырып, жаңа әнді дүниеге әкелетін.

Одан кейін Тұманбай Молдағалиевке немесе Қадыр Мырза Әліге хабарласып, әнді естіртіп, өлең жазып берулерін сұрайтын. Нұрғиса Тілендиевтің Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған "Куә бол" әні айлы түнде дүниеге келген.

Бірде Нұрғиса Тілендиев жұбайы Дариғамен Алматы өзенінің жағасымен қыдырып келе жатады. Бір кезде сазгер өзен жағасындағы тастың үстіне шығып, біресе айға, біресе жұлдыздарға қарап: "Куә бол, жұлдыз, Куә бол, айым, Куә бол, Алатауым!" - деп әндете жөнеледі. Кейін сөздерін ақын інісіне жаздыртып алады. Осылайша, "Куә бол" әні дүниеге келген.

Бір күні Нұрғиса Тілендиевтің шаңырағына қонаққа ақиық ақын Мұқағали Мақатаев келеді. Екеуі әңгіме-дүкен құрып отырғанда Нұрғиса: "Даха, домбырамды берші маған", деп жары Дариғаға домбырасын алғызып, "Аққу" мен "Арман" күйлерін тартып береді. Осы кезде ақын інісі "Дариға, домбырамды берші маған" атты өлең жазып береді. Артынан сазы да жазылады.

Бұл кездесуден кейін ақын композитордың үйінде бір ай жатып, екеуі 32 әнді дүниеге әкеледі. Соның ішінде "Саржайлау", "Кел, еркем, Алатауыңа", "Мен сендерді іздеймін", "Сөнбейді, әже, шырағың" және тағы басқа шығармалар бар. Нұрғиса Тілендиев пен Мұқағали Мақатаевтың бірлесе отырып жазған соңғы әні - "Есіңе мені алғайсың".

Нұрғисаның танымал туындылары:

  • "Достық жолымен"
  • "Менің Қазақстаным" контатасы
  • "Ата толғауы"
  • "Аққу"
  • "Аңсау"
  • "Арман"
  • "Әлқисса"
  • "Қорқыт туралы аңыз"
  • "Көш керуені"
  • "Махамбет"
  • "Саржайлау"
  • "Алатау"
  • "Ақжайық"
  • "Ақ құсым"
  • "Өз елім"

Сазгер 500-ден астам музыкалық төл туындының авторы. Осынау мол мұраның жанрлық аясы да кең. Ішінде ән, күй, романс, увертюра, поэма, контата, опера мен балет бар.

1968-81 жылдары Нұрғиса Тілендиев "Қазақфильм" киностудиясында музыкалық редакциясының бас редакторы болды. Қазақ мультфильмдерінің атасы Әмен Қайдардың "Қарлығаштың құйрығы неге айыр?", "Ақсақ құлан" сияқты ертегі-аңыз желісімен жасалған жұмыстарына ән жазған. Сондай-ақ, ол "Менің атым Қожа", "Қилы кезең", "Қыз Жібек" сияқты қазақ фильмдерін әуенмен әрлеген.

"Жамбыл атамның жанына қойыңдар"

Нұрғиса Тілендиев жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың жақын туысы болып келеді. Көз жұмбас бұрын: "Мені Жамбыл атамның жанына қойыңдар. "Құстар қайтып барады" әнімен шығарып салыңдар", - деп аманат айтқан екен.

Композитор 1998 жылғы 15 қазанда жетпіс бір жасында өмірден озды. Топырақ бұйырған жері - Жамбыл кесенесінің іргесі.

КСРО Халық әртісі, Халық Қаһарманы, композитор, дирижер, домбырашы Нұрғиса Тілендиевтың атымен музыка мектептері, музейлер мен көшелер аталған.




Көрілген: 534    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 01.04.2020, 19:26

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30