Димаштың үш әні әлемдік хиттар тізіміне енді

03 маусым 2022, 17:16

Димаш Құдайбергеннің жақында жарық көрген "О’кей" атты композициясы Billboard’s Hot Trending Songs хит-парадының ТОП-10-ына енді. Сондай-ақ, "Fly Away" және "Be With Me" әндері чартта үздіктер қатарында тұр.
Әлемге танымал қазақстандық әншінің композициялары Billboard’s Hot Trending Songs хит-парадында әлем бойынша тыңдарманы көп әндер тізімінен түспей келеді, деп хабарлайды Экспресс К.
Dimashnews сайтының мәліметінше, Димаштың "Fly Away" композициясы алғаш рет Billboard Hot Trending Songs жаңа чартына 2021 жылдың күзінде түскен. Сол кезде әртістің жанкүйерлері Twitter-де премьераны қызу талқылап, фотосуреттерімен, GIF-файлдарымен, өздері сүйіп тыңдаған әннің сілтемелерімен бөліскен. Hot Trending Songs әлем жұртшылығы қандай әндерді тыңдап, олардың қаншалықты қаралым мен таралым жинайтынын, қалай талқылайтынын қадағалайды.

Кейін "Fly Away" әніне Димаштың "Be with me" авторлық композициясы қосылды. Ол 24 апта бойы чарттың тізімінде тұрды. 2022 жылғы қаңтарда "Ханзада Дидің" әндері апталық чартта 1 және 3 орын алып, рейтингтің ең жоғарғы сатыларына көтерілді",
— деп жазады Dimashnews

2022 жылдың 15 мамырында World Music Awards ресми аккаунты "Fly Away" оңтүстік кореялық BTS тобының мүшесі Джиннің "Yours" композициясымен бірге Billboard’s Hot Trending Songs чартында ұзақ уақыт сақталатын жеке әндердің біріне айналғанын мәлімдеген. Енді "О’кей" әні үздіктері тізімінен көрініп отыр.

Димаш жанкүйерлеріне өзін үнемі қолдап жүргені үшін бірнеше рет алғыс айтқан. "Құрметті жанкүйерлерім, "Fly Away" және "Be With Me" әндерін қолдағандарыңыз үшін және оларға ТОП-10-нан көрінуіме мүмкіндік бергендеріңіз үшін үлкен рақмет! Сіздерді жақсы көремін",- деп жазды әртіс өзінің Twitter-дегі парақшасында.
Forbes журналы Димаштың композициялары туралы бірнеше рет жазып, әртістің фотосуреттерін чарттағы нәтижелеріне арналған мақалаларға қосып, басты беттерге жариялаған. "Димаш енді осы апталық рейтингтің Топ-10-ына басқалардан сапасы артық трек орналастыра алған аз әртістің бірі саналады. Осы тізімге BTS, Blackpink және Lisa сияқты әлемге әйгілі басқа жұлдыздар да қосылды" деп жазыпты әйгілі журнал.

exk.kz