Ерке Есмахан: Жолда алдыма тұрып алып, танысқысы келетін жігіттер көп болды

30 желтоқсан 2021, 10:38

Ерке Есмахан жолда кетіп бара жатқанда өзімен танысқысы келетін жігіттер жайлы айтты. Әнші алғашқы көлігі, тәртіп сақшыларының құрығына қаншалықты жиі түсетінін әңгімеледі. Ережені бұзған жағдайда танымалдылығын пайдаланатынын мойындады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы Ерке кәсіпкер Талғат Итаевқа берген сұхбатында баяндады. 

Еркенің алғаш тізгіндеген көлігі анша-мұнша емес, бірден Lexus RX-330 болған. 

"Оған дейін ағамның Toyota Prada-сын айдап жүрдім. Кейін "Лексус" болмаса керек емес, жаяу жүре берейін дедім. Үйдегілер амал жоқ, алып беруге мәжбүр болды", - деп күлді Ерке.

Әнші өзін жақсы жүргізуші санайтынын атап өтті. Сөзінше, көлікті ұқыпты жүргізеді. Жол апатына түскен кезі болмаған. Ал ережені бұзып, тәртіп сақшылары тоқтатқан кезде тығырықтан қалай шығатынын былай түсіндірді: 

"Барлық құпияны айта алмаймын. Әрине, тоқтатады. Кей кезде жол ережелерін бұзуым мүмкін. Көбінесе, менімен амандасуға, суретке түсуге, құжатты тексеруге тоқтатуы мүмкін. Былайша Алматыда бәрі менің көлігімді біледі, қол бұлғап өтіп кете беремін. Өйткені менде құжаттар, бәрі дұрыс. Тек сөйлесуге тоқтатады", - дейді Ерке. 

Әнші жолда бөтен адамдармен танысқан кезі болғанын мойындады. Әсіресе, Еркеге ғашық жігіттер жол бермей, мазалайтын көрінеді. 

"Көңіл-күйім күшті болса, танысып, араласуым мүмкін. Танысқысы келетіндер өте көп. Бәрімен қалай танысамын? Алдыма тұрып алып, жүргізбей қойған жігіттер көп болды", - деді Есмахан.

Ерке көлікті "екінші үйіндей" көретінін жеткізді. 

"Мұнда мен шығармашылығымды ойлап, әндерімді тыңдап, әрі қарай жоспар құрып, жалғыз қалып, көлікпен қаланы айналып жүргенді өте қатты жақсы көремін. 3-4 сағат жүре беруім мүмкін. Сол кезде жай, музыка тыңдап кетіп бара жатқанда, танысқысы келетіндер кедергі келтіреді", - деді әнші.