Өркениет

Есен Елеукен қазақтың тойын неге ұнатпайтынын айтты

  • © Foto : Әлеуметтік желідегі парақшасынан

    © Foto : Әлеуметтік желідегі парақшасынан

"Қазақстан КВН одағының" президенті Есен Елеукен Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында "Жайдарман" жобасы мен әзілкештері туралы айтып, жеке өмірі жайында сөз қозғады, сондай-ақ қазіргі заманғы қазақтың тойына қатысты пікірін ашық білдірді.


Сұхбат барысында Есен Елеукен әзілкештер сайысын құру идеясы өзінікі емес екенін атап өтті. Жүргізушінің айтуынша, қазақша КВН-нің негізін марқұм Алматай Көздібаева қалапты. Елімізде алғаш рет әзілкештер сайысы 1999 жылдың соңында ұйымдастырылған.


"Қазақ тіліндегі "Жайдарманды" құруға 20 жыл уақыт кетті. Қазақша "КВН" ойындарының негізін марқұм Алматай Көздібаева қалады. Мен тек жобаны қазақы ортаға бейімдеп, жастарымыздың сүйікті орнына айналдыру үшін тер төктім. Бұл менің ғана еңбегім емес. Оны мойындау керек. Менің жанымда қаншама жастар жүр. Олардың да еңбегін ескерген жөн", - деді Елеукен.


Оның пікірінше, қазақша әзіл - ақпараттық қауіпсіздіктің бір бөлігі әрі санаға әсер ететін өткір қару.


"Егер "Жайдарман" жоқ болса, азаматтарымыз басқа елдің әзіл-сықақ бағдарламасын көретін еді. Менің ойымша, әзіл де ақпараттық қауіпсіздіктің бір бөлігі. Біз елімізде, шетелде болып жатқан жаңалықтарды оқимыз. Бірақ ақпаратты қорытпаймыз, оны сүзгіден өткізбейтін сияқтымыз. Менің жеке пікірім. Сондықтан "Жайдарманға" әзіл-сықақ бағдарлама ретінде емес, әлеуметтік жоба ретінде қараған жөн", - дейді Есен Елеукен.


КВН одағының президенті берген мәліметке сүйенсек, биыл "Жайдарманның" маусымашарында 235 команда өнер көрсетіпті. Ал тапқырлар сайысының ресми сайытында 643 команда тіркелген. Бірақ әзілкештер сайысында өнер көрсету оңай емес екен.


"Республикалық деңгейде өнер көрсетіп жүрген команда алдымен аудандық, облыстық, аймақтық, бірінші лига, премьер-лигада өнер көрсетеді. Кейін "А лигасына" өтеді. Оны жақында аштық. Жақсы ойын өрнегін көрсеткен командалар ғана жоғары лигаға жолдама алады. Үздік командалардың қатарынан табылу үшін кемінде 4-5 сатыдан өтуі керек", - дейді ол.


Есен Елеукен тапқырлар сайысында әзілкештерге қатаң талап қойылатынын, олардың әзілдері тексерілетінін атап өтті.


"Жайдарманда" өнер көрсететіндер әртіс мамандығын оқымаған деген әңгіме бар. Мұнда келген жастар көп нәрсені үйренеді. Мысалы, адамдармен сөйлесуді, әрі әлеуметтік желіде тексерілмеген ақпаратты салып жібермеу деген мәселеге баса мән беріледі. Балалар жерге бөлінбейді. Әзілкеш ойын кезінде 100 грамм ұрттап алса, оны командасымен бірге ойыннан шығарып жіберген кезіміз болды. Сондай-ақ, темекіні сахнаның сыртында шеккен кезде кейбір командаларды чемпионаттан шеттеттік. Бұл – тәртіп. Қазақта "тәртіпке бас иген құл болмайды" деген мақал бар", - дейді ол.


Сонымен қатар Есен Елеукен тапқырлар сайысына ұлттық және жеке компаниялар қызығушылық танытып отырғанын атап өтті. Бүгінде бизнесмендер өз компанияларының атауын командаға беріп, әзілкештерді жұмысқа алыпты. Осылайша, олар жарнамаға жасауға кіріскен.


Сұхбат барысында ол астарлы қалжыңдарды ұнататынын, "Жайдарманға" кәсіпкерлер қызығушылық танытқанымен пайда қуып, байып кетпегенін айтты.


"Сенбесеңіз тексеріңіз. Астанада 3 бөлмелі үйім мен машинам бар. Рухани бай адаммын. Мен "Жайдарманға" қатысқан бала қоғамда өз орнын тапса, соған қуанамын. Бұл – біздің басты миссиямыз. Кезінде "Назар аудар" командасы "200 мың балаң бар, барлығын жұмсамайсың ба?" деп әзілдегені бар. Бірақ менде балаларды өз мақсатыма пайдаланып қалу деген ой жоқ. Өз арамызда бұл сайысқа қатысқан әзілкештер "ең құрығында тамада болады" деп әзілдейміз. Бірақ соңғы 2 жылда Қазақстандағы әзіл-сықақ бағдарламалардың сценарийінің 90% "Жайдарманда" ойнаған балалар жазып жүр", - дейді Есен Елеукен.


Сондай-ақ әңгіме барысында Есен Елеукен "Той агентігін ашқыңыз келмей ме? Қарамағыңызда қаншама әзілкеш жігіттер жүр. Қомақты қаржы табуға болады ғой" деген сауалға жауап берді.


"Жоқ, тіпті қызық емес. Пайда деген не? 3 бөлмелі пәтерімде тұрып жатырмын. Тамағымды жеп жүрмін. Тойға соңғы рет өткен жылдың шілде айында бардым. Сөздің ашығы керек, тойды аса жақтырмаймын. Кей кездері бір азаматтар тойға қайта-қайта шақырады, қоймайды. Шақырған соң, оның көңіліне қарайсың да барасың. Онда тірі қуыршақ боласың. Шақырған азамат "Есен аға келді деп" сенімен мақтанады. Өзім мұндайды ұнатпаймын", - дейді ол.


Әңгіме соңында Есен Елеукен өзінің көп балалы отбасынан шыққанын, жалғыз қызы бар екенін, оны қалай тәрбиелеп жатқанын айтты.


"11 ағайындымыз. Анам Ақтөбе облысы Шалқар қаласында үлкен ағамның қолында тұрады. Ең үлкен ағам мен әпкем қайтыс болды. Анамның 40-қа жуық немересі мен шөбересі бар, үлкен әулетпіз. Жалғыз қызым бар. Бұрынғы қазақ-түрік лицейі, қазіргі "Білім инновация" мектебінің 7-сыныбында оқиды. Уақытым аз, оны мойындаймын. Бірақ қызымды қатты еркелетпеймін, ақылымды айтып тұрамын. Жұрттың баласы сияқты автобуспен мектебіне барады. Қызым қазақша біледі, сөйлейді, ойлайды. Соған қуанамын", - дейді тапқырлар сайысының жүргізушісі.


 




Көрілген: 2177    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 03.04.2019, 09:12

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31