Индонезияда Қазақстан мен Димашқа арналған көрме өтеді

08 маусым 2022, 11:28

Биыл 29 маусым мен 8 шілде аралығында Джакартадағы Индонезия Республикасының Ұлттық кітапханасында "Димаш: Қазақстанның алтын дауысы" атты көрме өтпек.
Іс-шараны Димаш Құдайбергеннің индонезиялық фан-клубы Қазақстан Республикасының Индонезиядағы Елшілігі және Индонезия Республикасының Қазақстандағы елшілігімен бірлесіп ұйымдастырды, деп хабарлайды Экспресс К dimashnews сайтына сілтеме жасап.
Бұл жаңалық индонезиялық Dears-ты қатты қуантты. Өйткені аталмыш көрме арқылы Индонезия халқы Қазақстанның мәдениетімен және Димаштың дауысымен танысады. Сондай-ақ, бұл іс-шара екі ел арасындағы достықтың нығаюына себеп болмақ.

Көрмеде Қазақстанның таңғажайып табиғатының фотосуреттері мен жергілікті индонезиялық суретшілердің қолынан шыққан түрлі өнер туындылары ұсынылады. Сонымен қатар, көрменің алғашқы күні кітапхананың бас залында Димаштың концерттерінің көрсетілімі өтеді.
Көрмеге қалаған адам тегін кіріп, тамашалай алады.

Экспресс К