Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Жәнібегін еске алып, Қарауыл «Қаламқасын» қалықтатты

21 қараша 2012, 12:42

Биылғы жылы Шыңғыстаудың алқасындай Қарауылда айтулы оқиғалар көп болды. Ежелден мәдениеті мен өнері өркен жайған Шыңғыстаудың ғана емес, күллі Абай елінің атын танытқан «Қалам­қас» ән-би ансамблінің құрылғанына 40 жыл толуы да жыл үле­сі­не жүктелген айтулы тойдың бірі еді. Дәл сол 1972 жылы ауданда жаңа мәдениет үйінің іргесі де бой көтеріп, ән мен күйдің кеңінен өріс алуына жол ашылды. Содан бергі уақыт кезеңінде көп­теген сындардан өткен «Қаламқастың» бағындырған асула­рын қалай дәріптесек те лайықты. Осы ұғымды жете түсінген аудан әкімдігі облыс басшылығының қолдауымен «Қаламқаспен» кін­ді­гі бірге кесілген мәдениет үйін де жөндеуден өткізген болатын.
Міне, сол өнер ошағында «Қаламқас» ән-­би ансамблінің құрылғанына 40 жыл толуы зор салтанатпен атап өтілді. Дәл осы күн қарауылдықтар үшін есте қалар сәтте­рі­нің көптігімен ерекшеленді. Облыс әкімі Бердібек Мәшбекұлы бастаған облыс акти­ві «Қаламқастың» 40 жылдық кон­цер­тін тамашалады. Сахна шымылды­ғын аш­қан «Шыңғыстау» ұлт-аспаптар оркес­трі­нің орындауындағы Мырзаның күйі «Ташауыз» көрермен көңілін тебірентіп өтті. Концерт ая­сында жұрт жүрегіне жол тапқан ансам­бль тарихынан поппури әндер орындалды. Ән мен күйдің қайнарындай «Қаламқаста» жүріп-ақ өнердегі жолын қалыптастырған таланттарға көрермен қауым зор қошемет­пен қол соқты. Он жеті жасында-ақ Бүкіл­одақтық Ленин комсомол жастар сыйлығы­ның лауреаты атанған Баян Сағымбаева поляк әні «Биле-билені», Тамара Көзбаева Ш. Қалдаяқовтың «Өмір-өзенін» орында­ған сәттердің қай-қайсысы да өнер десе, ішкен асын жерге қоятындардың көңіл түк­пі­ріне берік орнықты. Алғаш құрылған жыл­дары гитарада ойнаған Б. Бекмұханбе­тов, Е. Қабышев, Ж. Исмаилов, Ж. Қажыбек қолдарына гитара алып, өткен жылдардың думанды шақтарын қайта жаңғыртты. Бұл азаматтардың барлығының да бұл күнде ел ішінде өз жолын тауып, әр салада еңбек етіп жүргенін айтып өткен артық болмас.

Баян САҒЫМБАЕВА, әнші, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер:
 – Он алты жасқа толар-толмастан «Қа­лам­қаста» ән салдық. «Қаламқас» құрылған жылдары Алла тағала Абай ауданына бір топ жалынды өнерпазды берді. Бірінен-бірі өткен, «сен тұр, мен атайын» дейтін сақа саң­лақтар еді барлығы. «Қаламқаста» жүр­генімде Баянды ел таныды. Атақ-даңқтан да кенде болмадым. Осының барлығы – ма­ған деген халықтың ыстық ықыласы мен құр­мет-қошеметі. Ал осы құрмет маған «Қа­ламқастың» арқасында келді. Мерейім өскенде асып-тасымадым, жығылғанда, сүрінгенде жасымадым. Себебі халық қол­дады. Тоқыраудың тұсында да өнер деген киелі ұғым «Қаламқасты» ажырата алмады. Өнері қалса да көздері кеткен құрбы-құр­дас­тардың барлығы туа біткен талант еді. Кейбірінің «Қаламқастың» 40 жылды­ғын көре алмай кеткені жүрегімді ауыртады.

Төлеген ЖАНҒАЛИЕВ, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты:
 – Абай елі – өнердің қайнаған ортасы. Ұлы­лардан дарыған өнер қай кезде де қал­тарыста қалып көрген емес. «Қаламқас» – сұ­лу­лыққа жарасатын дүние. Өнер ордасы­ның мерейтойын ел болып атап өтіп жатыр­мыз. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, аудан әкімі Тұрсынғазы Мүсәпірбеков баста­ған азаматтар «Қаламқастың» 40 жылдығын атап өтуді ұйғарды. «Қаламқас» – қазақ өне­рінің алғашқы қарлығаштарының бірі. Киі­мі жаңармай, қаладағыдай танымал бола бермеуі мүмкін, бірақ қалай айтсақ та «Қа­ламқас» халыққа мүлтіксіз қызмет жа­сап келе жатыр.

Бір жарым сағатқа созылған концерттен көрермен зор әсермен тарқасты. Соңында халық біткен тік тұрып қол соқты. ҚР Мәде­ниет және ақпарат министрлігінің бұйры­ғымен мәдениет пен өнерді дамытудағы еңбегі үшін «Қаламқас» ән-би ансамблінің көр­кемдік жетекшісі Нұргүл Демесінова «Мәдениет саласының үздігі» белгісімен, би қоюшы Ария Айтпаева, әнші Косманавт Төлеуханов және «Қаламқастың» бірқатар мүшелері облыс әкімі Бердібек Сапарбаев­тың Құрмет грамотасымен марапатталды.
Қашанда басшылық қызметке келгелі бері Шығыс өңірінің өнері мен мәдениетіне де баса назар аударып келе жатқан облыс әкімі «Қаламқастың» 40 жылдық құрметіне «Газель» автокөлігін сыйға тартты. Бердібек Мәшбекұлы халық ойынан шыққан бұл тартуын Қарауылға жолы түскен кімнің болмасын, Абайдың туған жерінен рух, күш алу керектігін түсіндіре келіп, аудан өмірінде атқарылған жұмыстарға да оң баға берді. Сол тұрғыда аудан әкімі Тұр­сын­ғазы Мүсәпірбековтің атына алғысын білдіріп, аудан тізгінін ұстаған талай-талай басшылар болғанымен, дәл осындай оң өзгерістерімен көзге түскен әкімнің іскер­лігін атап көрсетті.
Тарихтан сыр шертеді
Шыңғыстау – ежелден қазақтың тұнып тұрған тарихи мекені. Ұлылар мекенін ай­қындайтын жер кіндігі Жидебайдағы Абай мұражайы, Абай мен Шәкәрім кесенелері алыстан көз тартып тұратын еді. Енді, міне, Қарауыл төрінен тарихи-өлкетану мұра­жа­йы ашылды. Облыс әкімі Бердібек Сапар­баевтың Абай ауданына жасаған жұмыс сапары аясында мұражайдың ашылу сал­танаты болып, лентасы қиылды. Әлдеқашан бос қалған ескі ғимарат облыстық бюджет­тен 48 млн теңге бөлінуінің нәтижесінде қайтадан жөндеуден өтіп, мұражайға ай­на­лып шыға келді. Мұнда аудан тарихына қатысты құнды жәдігерлер көптеп қойылған екен.
Болат КӘРІБАЕВ, тарихи-өлкетану мұражайының директоры міндетін атқарушы:
– Мұражайға қойылған жәдігерлердің тарихы тас дәуірінен бастау алып, бүгінгі күн­ге дейінгі аралықты қамтиды. Мұражай енді ашылғанына қарамастан, бірқатар жәдігерлер жиналды. Жәдігерлердің көбі Шыңғыстаудың қойнауынан алынған. Әлі де жинау үстіндеміз. Қазірдің өзінде 2 мыңнан астам жәдігер жинақталды. Тас және ерте темір дәуірі мен сақ бабалардан бастау алып, Тобықты елінің қоныстануы, Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды алыптар жа­йындағы деректер, 1932 жылдың нәу­беті мен ұжымдастыру, Ұлы Отан соғы­сы, қырық жыл қырғын жайлаған полигон зар­даптары жайында көрме залдары ұйым­дастырылған.

Тамсандырар тамашаларымен көз тарт­қан мұражаймен қатар, дәл осы күні Қара­уылда қазақтың дүлдүл әншісі һәм талантты жазушысы Жәнібек Кәрменовтің ескерткіші ашылды. Сөз жоқ, бұл да халық асыға күт­кен жарқын істің бірі болды. Жәнібексіз жиыр­ма жыл өткерген қазақ үшін оның орны әрдайым жүрек төрінде. Әнші бейне­сін асқақтатқан мүсін сан жүрек сағынған Жәнібекті ортаға қайта оралтқандай әсер қалдырады. Қолына ұстаған қазақтың қара домбырасы, Шыңғыстаудың шыңдарына қарап, ұзаққа көз тастаған Жәнібек...
Ескерткіштің ашылуына сан қырлы өнер иесінің жары Тоты мен ұлы Шәкәрім де қатысты. Асылдың сынығындай Шәкәрім арнайы сөз алып, Жәнібекке құрмет көрсе­тіп, туған жері – Қарауылда ескерткіш ор­нат­қан ел ағаларына шынайы алғысын жеткізді.