Жастар театрының 70-маусымы «Райымбек, Райымбек!» премьерасымен ашылады

02 қазан 2015, 09:51

Биыл Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры өзінің 70-маусымын ашпақ. Театрдың мерейтойлық маусымы еліміздегі ең ұлық мереке қазақ хандығының 550 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Осы орайда театр маусымы М.Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек!» премьерасымен ашылмақ.
Бүгінде театр ұжымы жаңа маусымның ашылуына қызу дайындық үстінде. Бұл туралы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының басшысы Сәбит Әбдіхалықов мырза әңгімелеп берді.
Сәбит Әбдіхалықов: Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры:
«Қазіргі таңда біздің театрымыз күллі қазаққа ортақ мереке қазақ хандығының 550 жылдығы мен театрымыздың 70 жылдық мерейтойына қызу дайындық үстінде. Театрымыздың ашылғанына 2016 жылы 70 жыл толады. Мерейтойлық маусымның ашылуына орай ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың атақты поэмасы бойынша «Райымбек, Райымбек!» спектаклін әзірлеп жатырмыз. Биылғы маусымның тағы бір ерекшелігі театр тарихында алғаш рет біз маусымды балаларға арналған спектакльмен ашпақпыз. Сонымен театрда бір күнде екі бірдей премьера. 14 қазан күні түскі сағат 12.00-де режиссер Еркін Әбдірешовтің «Алтын мүйізді киік» спектаклі қойылса, кешке «Райымбек, Райымбек!» спектаклінің премьерасы. Биыл театрымызға Асылхан Төлепов, Аян Өтепберген секілді бірнеше жас актерлерді, қыз-жігіттерді қабылдадық. Олар биыл Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясын тәмамдап, дипломдарын қолдарына алды. Колледж бітіріп келген қыз-жігіттер де бар. Бұлардың барлығы қазір сынақ мерзімінде жүр. Өздерін театр сахнасында қалай көрсете алады, өздеріне берілген рөлді игере алса театрға қабылданады. «Райымбек, Райымбек!» спектаклінде Асылхан мен Аянға басты рөлді сеніп тапсырып отырмыз».


Театр басшылығы өзі басқаратын өнер ұжымының 70 жылдық мерейтойы жыл бойы тойланатынын айтты. Сонымен қазан айында театр премьералармен шымылдығын ашқаннан кейін қараша айында Досқан Жолжақсынов, Айгүл Иманбаева секілді осы театрдың бұрынғы актерлері бастаған өнер жұлдыздары театрды арнайы құттықтайды. Бүгінде олар театрдың мерейтойына арнап жобалар дайындап жатыр екен. Желтоқсан айында театр актерлері үлкен концерттік бағдарлама ұсынбақ. Қаңтар айында театр тарихынан сыр шертетін деректі фильм түсіріледі. Одан кейін ақпан айында Әуезов атындағы драма театр Ғ.Мүсірепов театрын арнайы құттықтайды. Өйткені өздеріңізге белгілі, Әуезов театры алғаш осы театрдан түлеп ұшқан. Ал наурыз айында мүмкіндік болып жатса Бірінші республикалық балалар спектаклінің фестивалін өткізу жоспарланып отыр.
– Байқаудың жобасын министрлікке ұсындық. Егер қаржылық мәселелер шешілсе, фестивальді өткізу ойымызда бар. Сәуір айында балалар арасында «Менің сүйікті кейіпкерім» атты суретшілер байқауын өткізуді жоспарлап отырмыз. Біздің театрымыз балалар мен жастарға арналған театр болған соң балалармен тығыз байланыста жұмыс жасауға талпынудамыз. Мамыр айында театрмыздың 70 жылдық мерейтойын дүрілдетіп тұрып тойламақпыз, – дейді Сәбит мырза.
Айнұр Сенбаева