Қарақат Әбілдина ажырасқанын жария еткен өнер өкілдеріне күйінді

21 желтоқсан 2021, 11:49

"Үйлендім-ажырастым!" Соңғы уақытта өнер өкілдері арасында жанұядағы дауды ел алдына шығып айту сәнге айналғандай. Бірі мұны хайп үшін, енді бірі бұрынғы жарына сабақ болсын деп істейді. Алайда жастардың бұл әрекеті аға буынның көңілінен шықпай отыр. Мәселен, Қарақат Әбілдина сахналық әріптестеріне деген назын жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Қарақаттың бұл тақырыпты қозғауы бекер емес. Павлодарға барған сапарында жасы 70-тен асқан әжей жас әншілерге бұйымтайын жеткізуді өтініпті. 

"Өткен жолы Павлодарға барған сапарымда жасы 70-тен асқан Рымтай деген қажы апа, Кереку өңіріне өте сыйлы, көпшілік білетін апамыз қатты қапаланып, өкпе-назын айтып, соны маған жеткіз деп аманаттап еді. Аманатқа қиянат жасамайтын әдетім, бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ, айтып жеткізейін. "Қарақат қызым, менің қолым қысқа болып отыр. Сенің сөзің тез жетеді ғой қарғам, осы аманатымды жеткізші айналайын" деп тұрып тапсырды. Сөзін түземей сол қалпында жеткізуді жөн көрдім.

"Қызды қырық үйден тый" деп қазақ бекер айтпады. Соңғы кезде қазақтың жап-жайсаң қыздары, әсіресе өнерде, қасиетті сахнада жүрген қыздарымыз "Мынаған қосылып едім, енді ажырасып кеттім. Бала таптым" деп тіпті ұялмай жарияға жар салып, сүйіншілететін күнге жеттік. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Бәрі бетімен кеткен, не масқара? Осыған бір тоқтау бола ма? Ажырасқанды қай атаң айқайлап айтып еді? Күйеуге шыққан қыз бір әулеттің емес, тұтас бір қауым елдің абыройын арқалап бара жатқанын біле ме өзі? Әлде қосылып-ажырасу еріккеннің ермегіне айналды ма?” –  деп қатты қапаланып отыр екен.


"23 мың теңге алимент аламын": Элизат Берікова ажырасқан әйелдердің жан айқайын жеткізді
Сиви Махмуди 10 жыл отасқан күйеуімен ажырасқанын хабарлады

Не дейін, басымды шұлғи бердім тек. Рас. Қатты айтса да – ақиқат. Халыққа белгілі тұлғамын. Оқырмандарыма күнделікті өмірді көрсетуім керек деп тым асүйіңіздегі (ішкі кухня) жуындыны сараламай-сараптамай қалың халайыққа төге беру сәнге айналып барады. Ешкімнің жеке өміріне кірісуден аулақпын, әрине. Өзім де қыз өсіріп отырмын. Десе де, сыйымыз бен сыйқымыздың сәнін кетірмей, ептеп, аңдап қана қадам басып, айтар сөзге абайлап, ел алдында, оның ішінде бізге қарайтын сіңлілердің алдында жауапкершілік сезінген дұрыс та шығар", - деп жазба қалдырды Әбілдина желідегі парақшасында. 

Желі қолданушылары әншіні бірауыздан қолдады. 

“Дұрыс айтады. Қосыламын. Байдан-байға тигенін жыр қылып, өнегедей жариялайтындарға, рейтинг жинайтын ми кеше, хайтерлерге де сабақ болсын! Жас қыздарды бұзатын солар, өрімдей жас қыз, оларды үлгі тұтуы мүмкін. Сондықтан осы істі қолға алып, жариялап жатса, бәріміз қарсы шығуымыз керек", – деп әріптесін қолдады әнші Айгүл Елшібаева.