Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Қасым тойы қалай өткізілмекші?

25 ақпан 2011, 12:11

Биыл қазақ поэзия­сының классигі, ұлт әдебиетіне құбылыс әкелген Қасым Аманжо­лов­тың туғанына – 100 жыл. Бір ғасырлық мерейтойға ақын дүниеге келген Қарағанды өңірі өткен жылдан бері әзірлік жұмыстарын қызу жасай бастаған болатын. Дауыл­паз жыршы тойында ел үшін мерейлі сәттердің бірі кеншілер қаласының төріне Қасымның ескерткіші қойылатын сәт болмақ.
Қасым ақынға ескерткіш қою туралы мәселе соңғы бірер жыл бойы Қараған­дыдағы рухани-мәдени ортада тұрақты талқыланып келеді. Биыл Ленин ескерт­кішін алып тастаған көмірлі қала тізгінін ұстаған басшылар шаһардағы бас көше­лер­­дің біріне дауылпаз дәуір жыршысының тас мүсінін орнатпақшы. Жақын күндері ақын мүсінін жасамаққа ынта білдірген үш талапкердің жобасы ескерткіштер мен монументтер мемлекеттік комиссияға ұсынылған болатын. Жеңімпаздың есімі анықталған бетте мүсін арнайы шебер­ха­нада сомдала бастайды.
Мерекелік шаралар жыл басынан бері түрлі мектеп, мәдениет мекемелерінде, кітапханаларда да аталып келеді. Мәселен, апта ортасында қаладағы гуманитарлық колледжде Қасым оқулары өткізілсе, бүгін С.Сейфуллин атындағы Қазақ драма театрында ақынның «Досымның үйленуі» атты драмасы жаңа заман талабына сай сахналанып, көрерменге ұсынылды. Көк­тем мен жазда ақын тойы облыс, рес­пу­б­ли­ка көлеміндегі шараларға ұласып, ақын туған жерде де бірқатар шаралар атқа­рылмақ.
Жақында облыс әкімінің блогына жер­гілікті жастар «Қарағандыдағы Н.Гоголь атындағы кітапханаға Қасым есімін берсе» деген ұсыныс жасады. Несі бар?! Жампоз жыршының мерейтойы тұсында мұндай бастама қолдауға сұранып-ақ тұрған тә­різді.
Сонымен, Қарағанды өңірі Қасым то­й­ы­­на қызу қарбалас дайындықпен кірісуде. Мәдени шаралар мен көрме, қойылымдар, баспасөз беттерінде мақалалар жария­ла­нуда. Бір өкініштісі, қазақ ақындарының тұтас мектебінің басында тұрған Қасым туралы деректі фильм де, көркем фильм де әлі күнге дейін түсірілмеген екен. Өзі ақын, өзі әнші, сері, дауылпаз азамат жай­лы фильм түсіру биылғы жылдың еншісінде болса екен...
Сәуле ОМАРБАЕВА, Қарағанды облыстық мәдениет басқармасының мәдениет пен өнер ұйымдарының жұмысын қамтамасыз ету жөніндегі бөлімінің бас маманы:
– Қасым атамыздың мерейтойына орай, Мәдениет басқар­масы тарапынан көптеген шаралар өткізу жоспарланып, дайындық шаралары тиянақталып келеді. Олардың қатарында Қасым әндерінің байқауы, ақын атындағы облыстық мүшәйра, облыстық театрдың көркем­дік жетекшісі, белгілі актер Дунай Еспаевтың сахналауында «Досымның үйленуі» атты қойылым премьерасы, С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған драма театры ақын жырларынан «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қара­шы» атты моноспектакль ұйымдас­тырып отыр. Қасым Аманжолов атындағы облыстық мүшәйра биыл бірінші рет емес, бұрнағы жылдардан бері тұрақты өткізіліп келе жатқан байқау болғандықтан, биыл да бұл дәстүр жалғасатын болады.