Өркениет

Қайрат Нұртас! Қайрат Нұртас...

  • Қайрат Нұртас! Қайрат Нұртас...

    Қайрат Нұртас! Қайрат Нұртас...

Солқылдаған сәмбі талдай жас шағыңда ескі де есті әндерді естудің өзі қандайлық? Бәрі-бәрінен бұрын сол әндердің қанатында қиялыңмен қыр асып, арман әндердің арқасында аспан әлемді шарламақ қандай-ды? Өмір-дариясында бір рет қана естіген жанның жадында жатталып қалатын ғазиз әндер олар. Жүрекке жалқы мұң құятын, жылықабақ әманда. Жүректің түкпірінде жылы сезім ұялатқан осы бір әндерді ешкім де ұмыта алмақ та емес, қайта бір тыңдамай қалмақ та емес. Шындығы осы. Жылдар жылжып өткенменен, жастық қайырылмай кеткенменен сол алғашқы жан толқытқан аяулы сезім ұялатқан ән жаңылмас жадта мәңгіге сақтаулы болып қала береді екен. Алаш айнасының айтпағы Қайрат Нұртастың әндері хақында…


Ия «Арман адастырмайды». «Қуаныш құшағында» тербелтеді. «Екі жүректің» түбіне бойлауменен, жан көктемін тойлауменен жүрудің өзі де «Бір бақыт». Оның орындауындағы әндер расында тыңдап отырсаң арман әлеміндегі ақ бұлттардың арасында қалықтап жүргендей әсерге бөлейді. Сезім оябын оятар әуезді әуен, есіңді елітер есті сөздер оның орындауындағы әндердің өн бойында «қуалай соққан қоңыр желдей» есіп отырады. Терең сезімге шүпілдеген махаббат әндерін шырқағанда Қайраттың шабысы тіптен бөлек. Ол ән айтқанда әншімін деген көп дарылдақ көпшігін қысып айдалада қалары тағы анық. Бұлай деп айтып талайдың шамына шоқ түсіруден аулақпыз. Тек көптің ішінен суырылып шыққан дара дүлдүл екенін айту ғана біздің міндет. Оны көптің көңілінен-ақ ұғуға болар… Расында бүгінгі әндердің көбісі арзан ұйқастардан құралған соң ба екен, Абай айтпақшы, «құлақтан кіріп, бойды алмайды». Махаббатыңды оятпайды, сезіміңді тербемейді. Мойындауға мәжбүрміз, бүгінгі әндердің басым бөлігі жылдардың кезегімен, өмірдің өзегімен жақсысы сұрыпталып, жаманы күресінде өз өзінен қалып қойып жатқаны да рас. Ал Қайраттың орындауындағы әндер… Расында талғам таразысы атты електен еленіп өткен есті әндер. Оның жетістіктерін жіпке моншақ тізгендей тізбелеп шығу¬ға болады-ақ. Себебі кейбір қаптаған «саңырауқұлақтар» желіде байланып тұрған жыл¬дары ол өнер аламанында өзіндік өрнегін салып, оза шауып бәйге алып жүрген шын жүйрік. Шын талант атақпен өлшенбесе керек. Оған атақты халықтың өзі-ақ әлдеқашан беріп қойған… «Ауырмайды жүректі» айтып, талайлардың жүрегін ауыртқаны бар. «Ән шіркінге әркімнің-ақ таласы бары» шүбәсіз. Саны көп те, сапасы сын көтермейтін әндер бүгінде қазақтың киелі өнерінің төрдегі басын есікке сүйреп әлек. Бұл жағынан алғанда Қайрекеңнің қамшы салдырмасы тағы анық….


Оның көңіліңді мұңға, жаныңды шуаққа бөлейтін әсем әндері ауыздан ауызға тез тарап кетеді. Көшеде де, көлікте де, көкте де қалықтаған оның әні. «Сағыныштан күзгі бақтарда сенделіп» … жүргендер жетерлік бүгінде… «Жүректе сақталған нұрлы арман»-ды айтып мұңаяды бір бойжеткен. Бірақ «Ол сен емес…». «Махаббат бағындағы сайраған бұлбұлы» да жаңадан жарыққа шықты. Бірақ бәрібір «…бара алмайды қасыңа». Өйткені ол «…жалғыз, жалғыз…». «Жаратқан хаққа жалынып…», өзіне ғашық қыздардың амандығын тілеп жүр…Әйтеуір қай әні жарыққа шықса да бірден ХИТ-ке айналады. Шығармашылық кешінің жүргізушілері айтпақшы «бүгінде ол түшкірсе де хит» боп тұр. Ия, расында оның өзіне, өнеріне ғашық жандар көп. Биінің орны бір бөлек. Сахнадағы аяқ биінің өзі неге тұрады? Бірақ режиссерлардың бәрі де осы Қайраттың сахнадағы биін жөндеп бір көрсете алмай келеді. Концертті тірідей тамашалағандар ғана айызы қанып көре алар-ау, ал көгілдір жәшіктің ар жағында телміріп отырғандар ол бақытқа бөленбей-ақ келеді. Себебі концерттің бас-аяғын жөндеп, жұп-жұмыр етіп шығаруы тиіс режиссерлар монтаж деп биін қырқып тастайтыны өкінішті…


«Үздіксіз, адал еңбек еткен адамға бақыт басын имей қоймайды» деген тәмсіл рас шынында да. Қайраттың жаңа әні жарыққа шығып, шұбырған сілекейімізді жинай алмай жүргенде тағы бір әні тарап үлгереді. Тағы да қандай әндер десеңізші. Тыңдарманның талғам таразысын төмен тартпайтын, қайта әні мен әуезі керемет үйлесімділік тапқан тамаша әндер. Бірінен бірі өтеді. Бүгінде оның орындауындағы әндер 100-ден асып жығылады екен. Оның бәрі де тыңдарманның шынайы бағасын алған. Ал ескі әндерді жаңаша өңдеп жұртшылыққа ұсынуда да асығы алшы. 90-шы жылдары қазақтың тойының көрігін қыздырған «Қызыл гүлім-ай» әні бүгінде жаңаша түрленіп, тыңдарманын елітіп жүр. Ал Ержан Серікбаевтың «Мейлі…» атты әні оның орындауында тағы бір тың белестен көріне білді. Әрине мұның бәрі де тынымсыз ізденіс пен ерінбей еңбек етудің, талмай тер төгудің арқасында жеткен жетістік екені айқын. Ал кейінгі толқын жас әншілер бір-екі әнін жаздыртып, бірді екілі клипін телеарналардан айналдырып танымал болғысы келеді. Өнер аламаны алдағанды көтермейді, әрине. Тума талант еңбектенудің арқасында жұлдыздай жарқырап биікке көтеріле берсе, «алдампаздар» толқынның жағаға лақтырып тастаған қоқысындай қала берері сөзсіз. Бұл уақыт атты төреші дәлелдеген шындық. Бүгінгі көрерменнің көкірегі ояу, көзі ашық. Асыл мен жасықты өзі-ақ екшеп алады… Осы еңбегінің арқасы болар қайда барса да халықтың сүйіспеншілігі бір толастаған емес. Репертуарындағы бұрынғы әндерді мың рет қайталап айтса да тыңдай беруге бар. Залдың толмай қалған кезі жоқ. Тіпті тікесінен тік тұрып тыңдауға құмбылдар жетерлік. Ине шаншар орын болмай қалатын кездері көп. Сол себептен бір рет қана деп белгіленген концертті екі рет беруге мәжбүр. Бірінші концерт өтіп жатқанда екінші кезектегі концертті күтіп сыртта сеңдей соғылысып жүргендер жетіп артылады. Жұртшылықтың шынайы сүйіспеншілігіне бөленіп, махаббатын жаулап алу екінің бірінің маңдайына жазылмайтын бақ. Әйтпесе бізде әнші деген жетіп артылады. Кейбіреулерін тіпті атын да ұмытып кетіп жатамыз. Бірі пәлен байқаудың бас жүлдесіне ие болдым деп мақтанады. Бірақ атын көп адам білмейді. Енді бірі көлігін сатып клип түсірдім деп жатады. Бірақ оның заты белгісіз. Жаның ашиды. Сол клипімен танымал боп кетсе жақсы ғой…


Өнер аламанының алдын бермей кеткеніне кейбіреулердің іші күйеді білем. «Қайраттың түк те дауысы жоқ, ол тек сахнада өз-өзін ұстауымен, биімен, қылығымен ұтып жүр…» деп күйе жаққысы келетіндер көп. Оларға айтылар уәж: «Жастардың қалта телефонында жүрген Қайраттың гитарамен айтқан жанды дауысын тыңдап көріңіз». Сонда ғана мойындар, бәлкім… Бүгінгі жас оразасын Қайраттың әнімен ашып, соның әнімен ұйқыға кетіп жүр. Батыстың балдыр батпағына батқаннан гөрі, бір сәт те болса қазақы әнге бет бұрғаны үлкен жетістік қой. Әрине, Қайраттың арқасында… Қаракөздеріміздің арасында өзге ұлттың әндерін сүйсіне тыңдайтындары жетерлік. Ал қазақтың әнін жата жастана тыңдайтын өзге ұлт өкілдерін кездестіру, әй, қайдам-ау?! Алайда… Қайраттың арқасында демекші, бір жолы Шымкентке келіп концерт қойғанында қызық жәйт орын алды. Сөз сұрап сахнаға шыққан орыс ұлтының өкілі Қайратқа мың алғысын айтып, гүл сыйлады. Бұрын соңды қазақ тіліне онша мән бермейтін басы Қайраттың әндерін тыңдаған соң ана тілімізге деген қызығушылығы ояныпты. «Қайрат Нұртастың әндері үшін қазақ тілін үйренуге талпынып жүрмін» деді әлгі апай. Ән арқылы көптің махаббатына бөленген қазақ ұланы өзге ұлттардың қазақ тілін сүюіне тамшыдай болса да үлес қосып жатса мақтаныш емес пе?..


…Әйтеуір қазақ әншілерінің ішінде жұлдызы жарқырап тұрғаны анық. Қай әнін алып қарасаңыз да бүгінгі қазақ эстрадасындағы хит-әндердің көшін бастап тұр. Оның әрбір әні бүгін бар да, ертең жоқ ұмытылып кететін ән-сымақтардың қатарынан емес. Қай-қай жастың да қолындағы қалта телефонын ақтарып көріңізші, Қайраттың әнін жаздырмаған бірде-бірі жоқ шығар-ау. Бүгінгі кейбір әндердің Қайраттың хит-әндерінің қасында «есіктен сығалауға мәжбүр» болып қалғаны рас. Жіп есе алмай қалғаны тағы да рас…


…Қайрат Нұртастың кемеріне келіп, керторыға мініп, өнері өте өркендеп тұрған жұлдызды шағы бүгінде. Лайым ұзағынан болғай… Ол бүгінде көптің көзінде, қала берді сөзінде. Өзі айтпақшы «…Көреді көздер, сөгеді сөздер…». Кезінде көре алмаған кейбіреулер топырақ шашып, батпақпен баттастырмақ та болды. Тіпті оның өнері ерінбегеннің езуінде шайналып, өркениетті «Орбиттің» күйіне түскені де бар. Алайда аққа жақ халық жарқыраған жұлдызын өздері-ақ аршып алды… Қазақ әу бастан әдемілікті ән еткен, сұлулықты сөз еткен. Жарасымдылықты жаны сүйген. Ендеше, көркемдікті сүйген кіршіксіз көңілге кірбің түсірмейік. Тума таланттың томағасын сыпырып, қанатын қатайтып, дем беру ғана біздікі. Қалған сөз күресінде қалуы тиіс…

Автор: Гүлжан Көшерова




Көрілген: 1843    Пікірлер: 6

сәрсенбі, 02.07.2014, 15:44

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30