"Қайрат пен Жұлдыз қазір бірге": Нұртас Айдарбеков елдің көкейіндегі сауалға жауап берді

04 мамыр 2022, 11:18

Қайрат Нұртас жұбайы Жұлдызбен айырылысты ма? Көптің көкейіндегі сауалға Қайраттың әкесі Нұртас Айдарбеков жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Қазақстан” Ұлттық арнасының "1001 түн" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Әкесінің айтуынша, екеуінің арасында түсініспеушілік болғаны рас. Алайда бүгінгі таңда төрт бала тәрбиелеп отырған Қайрат пен Жұлдыз отбасылық қиындықты артта қалдырған. 

"Екеуі бірге. Бірақ отбасы болғаннан кейін, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Ортада, Құдайға шүкір, төрт немере бар. Жұлдызды әрқашан да жоғары қоямын. Алғашқы үлкен қызымдай болып келді. Өздерінің арасында кикілжіңдер болса, оған кіріскім келмейді. Екеуі де 33-34-ке келіп қалды. Кәмелетке әбден толған азаматтар. Ол жағын өздері шешетін шығар. Ең бастысы, екеуі бірге", - деп бөлісті Нұртас Айдарбеков.
Нұртас Айдарбеков өз қызы болмағандықтан, келіндерін ерекше жақсы көретінін айтады. Әсіресе, тұңғышы әнші болғандықтан, күйеуінің жолын күзетіп, үнемі үйде отыратын Жұлдызға ерекше жаны ашиды екен. 

"Менің әкем өмір бойы совхозда жұмыс істеп, зейнетке шыққан кісі. Үйде тоғызыншы баламын. Ағаларымның бәрі музыкалық консерваторияны бітіргендер. Ағаларым үйленіп, жеңгелерімді үйге әкеліп тастайды-дағы, өздері айлап гастрольге кететін. Әкем мені жетектеп: "Аштан өлсең де, әртіс болмайсың", - дейтін. Баламын, түсінбейтінмін. 

Қайрат өнерге келген соң, түсіндім. Ұлы сөздің ұяттығы жоқ, кешке қарай келіннің қасында күйеуі жоқ, үндемей төмен қарап отырады. Соған қарап, шалдың жүрегі ауырады екен ғой. Мыналардың бәрі әнші болды, қаңғырып кетті, үйде келін отыр, бала жоқ. Сол кейде маған да батады. Жұлдыз үйде, Қайрат сыртта. Жұлдызды қорлаған жоқпыз ғой, Құдайға шүкір, жағдайының бәрін жасап қойдық. Бірақ ол маған емес, Қайратқа тұрмысқа шықты ғой. Соған қарап жүрегім ауырады", - деп ағынан жарылды Нұртас Айдарбеков.