Қайраттың әйелі "ажырасып кеттіңіздер ме?" деген сұраққа жауап берді (эксклюзив)

18 желтоқсан 2021, 18:59

Театр сахнасына қайта оралған отандық актриса Жұлдыз Әбдукәрімова неліктен Түркістанды таңдады? Елордада тұратын оның балалары кімнің тәрбиесінде? Жұрттың пікірінше, актрисаның жолдасы Қайрат Нұртаспен ажырасып кеткені рас па?
Көптің көкейінде жүрген сауалдарға актриса Экспресс К тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында жауап берді.
Экспресс К: Жұлдыз, Түркістанға қош келдіңіз! Алматы немесе Нұр-Сұлтан емес, таңдауыңыз неге Түркістан театрына түсті?
Жұлдыз Әбдукәрімова: Театр — менің жаныма жақын дүние, ішкен асымды жерге қоятын өнер. Театр сахнасына мамандығым актриса болғаны үшін ғана емес, жан-тәніммен, жүрегіммен сүйгендіктен қайта оралдым. Арада он жылдан астам уақыт өтті. Үзілістен кейінгі алғашқы қадамым осы Түркістан қаласынан басталуын жақсылыққа баладым. Киелі қала, жаңа театр, жаңа қойылым. Бәрі жаңадан. Мен көп нәрсені жақсылыққа жоритын адамдардың қатарынанмын. Театрда рөл ұсынған кезде өте қатты қуандым. Бірден қабылдадым. Жаратқаннан егер маған шын мәнінде бұйырып тұрса, осы жерге келуді нәсіп ете гөр деп дұғамды тіледім. "Бұйырған кетпейді" деген бар емес пе? Театр басшылығына, ұжымға маған сенім артқандары үшін алғысымды айтамын. Репетициялық жұмыстар өте жоғары деңгейде өтті десем болады. Күн сайын таңның атысынан қас қарайғанша дейін жалғасты. Үлкен жұмыс жасалды. Қойылымның әрбір ұсақ-түйегіне дейін назардан тыс қалмады.
Экспресс К: Отбасыңыз елордада, өзіңіз Түркістанда. Екі ортада жүріп қиналып жатқан жоқсыз ба?Жұлдыз Әбдукәрімова: Екі ортада дейтіндей, мен бұл театрға ресми түрде жұмысқа тұрған жоқпын. Ұжымның әртісі ретінде тіркелген жоқпын. Бар болғаны "Махаббат мұнарасы" қойылымына актриса ретінде шақырылдым.

Экспресс К: Ал балаларыңызды кімге қалдырдыңыз?
Жұлдыз Әбдукәрімова: Аллаға шүкір, менің балаларым тым кішкентай емес. Төртеуі де мектепке барады. Өнерді түсінеді. Менде үйде ешқандай көмекші жоқ. Сондықтан Алматыдан анамды алдырып, балаларымды сол кісіге қалдырып кеттім. Балаларым таңнан кешке дейін сабақта. Күнделікті мектептен бөлек қосымша курстары бар. Үйге кешкі 8-дерде бір-ақ келеді. Тамағын ішіп, сабақтарын орындап, ұйқыға жатады. Үйде сондай режим қалыптасқан. Себебі олар білім алатын, ізденетін, өзін жан-жақты дамытатын жаста. Қазір видеобайланыс деген бар. Сөйлесіп тұрамыз. Негізі бәрі өзіме де байланысты. Күн сайын сағындым деп, қайта-қайта хабарласып алаңдай берсем, олардың да мазаларын қашырамын. Ол кезде өзімнің де мұндағы жұмысым алға баспайды. Өнер адамы кез келген рөлді сомдамас бұрын алдымен сол кейіпкердің жан-дүниесін түсініп, сезіну керек. Соның өмірімен сүру керек деп ойлаймын. Бүкіл ойыңмен, санаңмен терең ұғыну қажет. Айналаңда болып жатқан жайттарға алаңдамау керек. Мен өзім сондаймын. Қай рөлді алмайын, жан-тәніммен берілемін.

Экспресс К: "Қайрат пен Жұлдыз айырылысып кетті ме?" деген пікірлерді өзіңіз де жиі еститін шығарсыз. Түркістан театрына келуіңіз осындай әңгімелерді үдей түсті деуге болады. Не айтасыз?
Жұлдыз Әбдукәрімова: Бізде өнер мен өмірді барлығы шатастырып жатады. Әр адамның жеке өмірі — өзінің әлемі. Өздеріңіз білесіздер, мен 10 жылдай үйде отырдым. Бірақ ерігіп отырған жоқпын. Бала тәрбиесімен, аналық міндетімді орындау үшін отырдым. Қайрат екеуміздің шаңырақ көтергенімізге 15 жыл болды ма, міне, содан бері жеке өміріміз талқыланып келе жатыр. Ол үшін не істеу керек? Әрине, көпшіліктен қорғау керек.
Жеке әлеміме ешкімді кіргізбеу керек деп шештім. Мұрын сұғуына рұқсат бермейтін болдым. Қайраттың тыңдарманы болсын, менің оқырманым болсын, оны дұрыс қабылдай білу керек деп ойлаймын. Өйткені сіздің де, маған пікірлер жазып отырған оқыманның да өз өмірі бар. Менікі де тура солай. Менің өмірім, менің отбасым тек маған ғана қатысты. Құдай сақтасын, әрине, бірақ ертең бір жағдай болып жатса, ешкім жауап бермейді ғой. О дүниеге барғанда да әркім өзі үшін жауап береді. Сондықтан әркім өз жайымен жүрсе екен деймін. Өнер мен өмірді шатастырмаса деймін! Өнерді бағалады ма? Болды, демек өнеріне ғашық. Өнерге дұрыс көзқараспен қарасақ, сол кезде мәдениетіміз өседі. Ал өсек-аяң, қыстырма әңгіме бар жерде, мәдениетіміз өспейді. Журналистерден сұрар едім, сіздер ортадағы көпірсіздер ғой. Сондықтан біздің ойымызды оқырманға, көрерменге дұрыс жеткізсеңіздер екен.
Экспресс К: Тағы бір сұрақ, "Сезін" атты кітабыңыздың жалғасы бола ма?
Жұлдыз Әбдукәрімова: Шыны керек, ол туралы әзірге ойламаппын. Дәл қазір ешнәрсе айта алмаймын. Бәрі алдағы уақыттың еншісінде. Алла нәсіп етіп жатса, оны да көре жатармыз. "Сезін" кітабын оқырмандар жылы қабылдады. "Жеңіл тілмен жазылған, қабылдауға оңай. Ақыл-кеңес емес, өмірлік тәжірибемін бөлісу" деп, ризашылықтарын білдіріп жатыр. Оларға, әрине, рахметімді айтамын. Сондықтан тоқтап қалмау керек деп ойлаймын...
Экспресс К: Сұхбатыңызға рахмет!
Экспресс К актриса Жұлдыз Әбдукәрімованың театр сахнасына оралғаны туралы бұған дейін жазды. Өнер иесі Түркістандағы "Махаббат мұнарасы" қойылымында Сұлудың рөлін сомдайды. Спектакльде 400 жылдық тарихы бар музыкалық аспап ойнатылатыны белгілі болды.

exk.kz