Құрметті оқырмандар назарына! «Алаш айнасы» желілік-басылымы Ақпарат комитетінің 2023 жылғы 01 қарашадағы № 15 бұйрығы негізінде 2023 жылғы 30 қазаннан бастап бұқаралық ақпарат құралы ретінде өз қызметін тоқтатты.

К сведению уважаемых читателей! Сетевое издание «Алаш айнасы» на основании Приказа Комитета информации № 15 от «01» ноября 2023 года прекратил свою деятельность в качестве средства массовой информации с 30 октября 2023 года.

Қайырымдылық концерттерден қайыр бар ма?

03 мамыр 2011, 15:55

Аптаның жетi күнiнде де Алматыдағы Республика сарайында концерт. Сарайдың айналасы, Алматының көшелерi толған концерттiк жарнама. «Бiз сiздермен бiргемiз», «Жүрек жылуы» тағы сол сияқты жүректi елжiретер атауларымен көрермендi елiтiп, атақты деген әншiлердiң суреттерi толтырылған жарнамалық афишаларымен ұпай жинайтын концерттер күн құрғатпай өтiп жатады. «Жетiм көрсең, жебей жүр» деген желеумен өткiзiлiп жүрген концерттер шын мәнiнде қайырымдылық жасауды мақсат ете ме? Жоқ, әлде бұл да бәз-бiреулердiң қалтасын қампайтудың амалы ма?
Бiздi осы бiр күдiктi ойға қалдырған әншiлер қауымының көңiлiндегi күмән болатын. Бiраз әншiнiң бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарындағы сөздерiнен қайырымдылық концерттерiне деген көзқарастарының оң еместiгiн байқап, осы мәселе туралы пiкiрлерiн бiлмек мақсатта бiрнеше әншiмен хабарласқан едiк.
Жанар АЙЖАНОВА, әншi:
– Қазiргi кезде не көп, қайырымдылық концерттерi көп. Бұл әлде әртiстерге ақша бермеудiң амалы ма, әйтеуiр екiнiң бiрi жетiмдердiң, мүгедек, мұқтаж жандардың атын жамылып, қайырымдылық концерттерiн өткiзетiн болды. Концерттi ұйымдастырушылар қайырымдылық мақсатында өткiзгелi жатырмыз деп қиылғаннан кейiн әншiлер бас тартпай, шақырған жерге барып бiр-екi ән орындап беремiз. Ал алда-жалда бара алмаймын деп бас тарттың ба, онда тиiстi департаменттен адам салып, телефон шалғызып, бармасыңа қоймайды. Өз басым осы нәрсеге кейiнгi кезде күмәнмен қарайтын болдым. Бiреулер игi шараға барып бiр әнiңдi айта салғанда не тұр деп ойлайтын болар. Бiрақ егер ашығын айтар болсақ, сол концерттi ұйымдастырып жүргендердiң көпшiлiгi бiлiмнен, мәдениеттен, ұяттан жұрдай адамдар. Олар бiздi концертке бiр күн қалғанда шақырғандарымен қоймай, сенiң жағдайыңа да қарамайды. Айталық, мен сахнаға шығу үшiн бетiме жағатын бояуым мен шашымды жасатуға кемiнде 15 мың теңге ақша жұмсаймын. Ең болмағанда осы шығынымызды өтей алмаймыз. Сонда мен, бiр айда он концертке баратын болсам, 150 мың теңге қаржым кетедi. Ал бұл мен үшiн ақша. Егер концерттi ұйымдастырып жүргендер шын мәнiнде кәсiби продюсер, бiлiктi мамандар болса, концерттiң жақсы өтуiн алдын ала қамтамасыз етiп, әншiлердiң дайындығын, мүмкiндiктерiн қадағалап отырар едi. Мұндайларды продюсер деген бiлдей атпен атағанша «делдал» десек те болатын секiлдi. Ал жетiм-жесiрдi жылатқан, оның несiбесiн жеген адам екi дүниеде де оңбайды.

Әншiлердiң осындай базынасын естiгеннен кейiн қайырымдылық концерттерiн өткiзiп жүрген бiрнеше ұйымдастырушыға хабарласқан едiк. Олардан нақты кiмдерге, қандай көмек бергендерiн, бiр концерттен орташа қанша қаржы түсетiнiн сұрғанымызда ешқайсысынан мардымды жауап ала алмадық. Бәрiнiң жауабы «жасаған аз ғана жақсылығымызды дабыра қылудың қажетi не, шығыннан асқан қаржыны жетiмдерге, мүмкiндiгi шектеулi жандарға беремiз» дегенге келiп сайды.

Айнұр ХАМЕНОВА, «Нұр-Ай» продюсерлiк орталығының жетекшiсi:
– Қайырымдылық концерттерiн ұйымдастыру дұрыс. Бiрақ түскен қаржыны халықтың көзiнше нақты иелерiне табыстау керек. Негiзiнен әншiлерге қайырымдылық концерттерiнiң пайдасы зор. Концертте жәудiреген жетiмдердiң, мұқтаж жандардың қуанышын көрген әншiлердiң көпшiлiгi шабыттанып, жақсылық жасағандарына риза болып қайтады. Әншiлер өздерiнiң Алла берген дарынымен жандары жабырқау жандарды жадыратып жатса, жаман ба? Себебi Алла тағала: «Кiм мейiлiнше жүрегiмен рақым жасаса, шын пейiлiмен қолдау көрсетсе, ол адамға ырысы мен берекетiн қайтарамын» дейдi. Сондай-ақ мұндай шаралар қазақ жастарының патриоттық сезiмдерiн оятып, бiр-бiрiмiзге деген құрметтi нығайтады. Осындай концерттi ұйымдастырып жүрiп ұққаным, әкiмнен, басшылардан еш қайран болмаса да, халықтың iлтипаты бәрiнен жоғары тұрады. Қанатымен су себетiн қарлығаштай бiр-бiрiмiзден қамқорлығымызды аямайық.

Зиядан НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ, Алматы қаласындағы №1 Балалар үйiнiң директоры:
– Республика сарайында өтiп жатқан концерттерден немесе басқа да қайырымдылық шараларынан нақты бәлен теңге қаржы түстi деп айта алмаймын. Негiзiнен жетiм балалар толығымен мемлекет тарапынан бөлiнген қаржымен қамтамасыз етiледi. Ал кейбiр қайырымдылық шараларынан балаларға аздаған киiм-кешектер, оқу құралдары берiлiп жатады. Бiрақ бұл өте сирек болатын жағдай.

Бiз хабарласқан балалар үйi басшыларының жауаптарының барлығы дерлiк осындай болды. Сонда күнде өтетiн қайырымдылық концерттерiнiң қаржысы қайда кетiп жатыр? Бiздiң елде осыны қадағалайтын кiм бар? Көкейiмiздегi осы бiр сауалды Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қойған едiк.

Самат IЛИЯСҰЛЫ, Алматы қаласы Мәдениет басқармасы бастығының орынбасары:
– Қай концерттiң қандай мақсатта өткiзiлетiнiн бақылап, қадағалап отыруға бiздiң құзырымыз жоқ. Республика сарайы негiзiнен коммуналдық, өзiн-өзi қаржыландырып отырған жеке мекеме болғандықтан оған бiздiң сөзiмiз өтпейдi. Дегенмен көп адамдар «қайырымдылық концертiн өткiзейiк, жетiм, кемтар балаларға көмек берейiк деп едiк» деп хабарласып, көмек сұрап жатады. Соңғы жылдары мұндай шараларға әкiмшiлiк тарапына көп көмек көрсетiлдi. Жарнама, ғимаратты жалға алу бағасын төмендету, билет тарату секiлдi жұмыстарға бiршама көмегiмiздi берiп жүрмiз. Бiрақ осындай концерттерге көңiлi толмаған халықтан наразылықтар көп түсетiн болды. Концерт ұзаққа созылып, жаңадан шығып жүрген әуесқой әншiлер концерттiң сәнiн кетiредi деген сөздер жиi айтылады. Өз тарапымыздан бiз ұйымдастырушыларға ескертулерiмiздi жасаймыз. Ал қайырымдылық шараларын бүге-шүгесiне дейiн бақылау үшiн бiзге алдымен арнайы заң керек. Таяуда осы мәселенi тәртiпке келтiру туралы мәслихатқа ұсыныс жасап, ретке келтiрсек деген ойдамыз.

Рас, қайырымдылық – сауапты iс. Сұрастыра келсек, өнерде жүрген әншi, өнерпаздарымыздың көпшiлiгi бiрдi-екiлi жетiм балаларды, мүгедек жандар мен аз қамтылған отбасыларды өз қамқорлықтарына алып, шама-шарқыларынша көмектесiп тұрады екен. Бұған да шүкiр делiк! Жақында ғана әншi Майра Iлиясованың ұйымдастыруымен өткен «Жан анам» концертiнде барша халық алдында концерттен түскен қаржының кiмдерге тиесiлi болатыны жария етiлдi. Мұндайды көргенде әрине, жүрегiмiз жылып, көңiлiмiз марқайып қалады. Дегенмен бiреудiң атын жамылып, жеңiл қаржы тапқысы келетiндер де қаншама? Алланы ауыздарына алып, қайырымдылық туралы құраннан үзiндi келтiрiп сөйлейтiн адамдардың неше түрлi керi әрекеттерiне де куә болып жүрмiз. Арпаны қабығынан қалай ажыратып алар екенбiз?