Қазақ келінінен Ананди бақыттырақ
Түрік сериалдарына тойып болдық. Корейлерді көріп болдық. Енді үнділерге ұйып жүрміз. Нағыз «интернационалистпіз» біз. Итке сүйек тастағандай телеарналар көрермендеріне лақтыра салған сериалдарға сілекейіміз шұбырғалы жиырма жылдың жуан ортасы. Ертеректе қазақтарға Браизилия «бетін ашып» берген сериал дейтін «бақыт» бүгінде тепкілесеңіз де кетпейтін «баққа» айналды. «Бағымыз» бара-бара дертке ұласты. Асқынғаны сонша, қарапайым жұрт бір-бірін сол сериалдардың кейіпкерлерімен атайтын ауруға ұшыраған-ды. Сол аурудың ұшқыны ма, бүгінде қаладағы әйел қауымның қазаны жиі асусыз. Ауылдағының сиыры жиі сауылусыз, оты жағусыз қалады. Өйткені, сериалдың есірткі секілді елді өзіне тәуелді ететінін бұдан бұрын да талай елдің ғалымдары дәлелдеп-ақ айтқан. Оның ішінде әлгі бетімізді ашып берген Бразилия да бар. Бірақ бұған мойынсұнған бұқара жоқ...
Басқа салғансыз көресіз. Көресіз де көнесіз. Бүгінде қазақтың келінінен үндінің «Келіні» бақыттырақ. Бақытты болмай қайтсін?! Тілеуін үндіс түгілі мыңдаған шақырым жерде жатқан қаймана қазақ тілеп отыр. Оразасын Анандимен ашып, кәлимасын Анандимен келтіреді... Қазір қазаққа өзі үйіндегі туған келінінен Ананди қымбат... ал бұл ғалымдар айтқан тәуелділік.
Статистикаға сүйенсек, осы күні елдегі жолы жіңішке қауымның 25 жастан 75 жасқа дейінгі тұрғындарының 85 пайызы құрыды дегенде бір сериал көреді екен. Дәрігерлер қауымының айтуынша, сериалдарға үйреніп алушылық алкоголь және есірткі тәуелділікпен пара-пар. Сериалдың бір сериясын жібермей көру үшін жаға жыртысуға әзір. Мұны бір деп қойыңыз. Сонымен бірге сериалдағы бір оқиғаның сағыздай созылып, бүтін бір серияға серияға азық болуы, оның шарықтау шыңына жетіп, шешімін табуын төзімсіздене күту көрерменін неврозға шалдықтырады. Естеріңізде болса, атақты «Санта-Барбара» сериалы бір емес 5 жылға созылған-ды. Сонда соны беріп отырған телеарналарға қартайған шал-кемпірлер телефон соғып, соңы немен аяқталатынын сұрапты. Өйткені, о дүниеге соңы не болғанын білмей кетермін деген қауіппен... дені дұрыс адамның ісі ме?.. Бұл - екі. Үшінші, сериалдардағы жігіттердей емес деп, құдай қосқан қосағын солармен салыстыру, соның нәтижесінде кикілжіңдердің орын алуы да өмірде кездеседі дейді мамандар. Одан қалды ойдан шығарылған сериалдардағы кейіпкерлердің асып-тасқан байлығы, тамаша карьерасы, буырқанған жеке өмірі де оны көріп отырған көрермені депрессияға әкеліп соғады. Өмірім неге осылардай емес деп, өзінің өміріне көңілі толмағандар ақыры – апатияға ұшырап тынады екен...
Петерборлық психолог-ғалым Родион Чепалов «Сериалдардағы кейіпкерлермен қоса қайғырудың негізгі себептері өзінің жағдайымен қатар қою болып табылады. Ал ол жағдайлар бойынша сериалдар тұрақтылықты қамтамасыз етеді, ал ондайды қоғам қолдан жасай алмайды. Сондықтан да сериалдың ықпалы күшті боп тұр.
Сериал көріп, бала-шағасын ұмытқан әйел қауымның талай қайғылы оқиғаға ұшырағаны және бар. Осыдан біраз жыл бұрын Әзірбайжанда сериал көріп, 2 жастағы баласын ұмытып кеткен әйел, сериалы аяқталғанда баласын қорадағы доңыздың жеп қойғанын бірақ білген. Мұны көрген әлгі келіннің атасы есі ауған әйелді атып өлтірген болатын... Айтқан жерде пәле жоқ... Асуыз қалған қазан бер жағы... Десек те... Бұл күні ер-азаматтар да сериал десе еліріп шыға келетін халге жетті. Өйткені, үйінде, әйелі тамсанып сериал көріп отырады. Асылған қазан, қайнаған шай жоқ. Баланың сабағы қараусыз. Нан-суы әкелусіз дегендей...
Қойшы, әйтеуір... Түріктермен бірге махаббаттың отына өртеніп, өліп-тіріліп, корейлермен қоса соғысып, үнділермен бірге келін түсіріп жатқан жайымыз бар. Басқаны қайдам?.. Теледидардан «Келін» басталғанда, біздің үйде, дәп өзіміздің босағамызға келін түсіргендей, қырылып қаламыз. Үйдегі бар теледидарға талас-тартыс басталады. Сериал көрмейтіндер мен сериал көретіндер қаққа бөлініп, ақыры тоң теріс боп тынады... Тып-тыныш мамыражай отырған жұрт «Келін» басталғанда, беташар айтатындай өре түрегеледі... Бұл «Келін» келін емес, кесір боп тұр... Мұның өзі де сериалдың кері әсері емес деп көріңізші... Ескерту!! «Келін» сериалы әлі эфирден 5 айға жуық көрсетіледі
Жұлдыз
Радиосы