Өркениет

Қазақ киносындағы кейіпкерлерге неге сенбейміз?

  • ©Нұрғиса Елеубеков (фото)

    ©Нұрғиса Елеубеков (фото)

Белгілі кино сыншысы Олег Борецкийдің: «Кино – ол нағыз өмір» дейтін сөзі бар ғой. Бірақ әттең, осы сөз біздің киномызға қатысты айтылмағаны өкінішті. Өйткені, кейінгі жылдары біздің отандық киногерлер түсірген картиналар өмірден әлдеқайда алыс. Егер қазір кез келген көрерменнен «үйде отбасыңызбен отырып, қандай қазақстандық фильмді көресіз»деп сұрасаңыз, әлбетте қипақтап жауап бере алмай қалады. Бірақ бұл біздің елімізде түсірілген фильмдерді ешкім көрмейді деген сөз емес. Көреміз. Бірақ біз көріп отырған фильмдегі кейіпкерлерге сенбейміз. Неге? «Алаш айнасы» осы сауалға жауап іздеп көрген еді.
Қазіргі кезде жоғарыда өзіміз есімін атап кеткен Олег Борецкий секілді қазақ киносын жіліктеп талдап, бүге-шігесіне дейін талқылап, артық-кем тұсын қолымен қойғандай айтып беретін қазақтілді киносыншыны шаммен іздеп таппайсың. Киноны талқанын шығарып талдап беретін сыншылардың жоқтығынан көбінесе журналистер қауымы аз-кем осы тақырыпта сыни мақалалар жазған болады. Сондағы бәріміздің айтатынымыз – мықты режиссер жоқ, сценарист жоқ, қаржы тапшы. Соған қарағанда тағдырын киноға байлап-матаған маман көрмегеніміз ғой.
Біздің киногерлеріміз мақтан үшін, атақ үшін, ақша үшін, байқау үшін фильмдерді түсіріп-ақ жатыр. Әрине, дұрыс, кино – ол индустрия, бизнес, өнер, идеология. Бірақ көрермен үшін жақсы фильмді кімнің, қайда, қашан, қанша ақшаға түсіргені маңызды емес. Айталық біз Баянның «Осторожно, корова!» фильмін «өзіміздің қыздың киносы ғой, бақандай пәлен теңгеге түсіріпті, семіз қыздың бейнесін ресейліктерге 15 мың доллар беріп жасатыпты» деген жарнамасы үшін көрдік. Көрдік те, күлдік, бірақ іштей жыладық....
Ал анау осыдан бірнеше жыл бұрын түсірілген «Қайрат чемпион», «Сказ о розовом зайце» деген фильмдерді кезінде біраз қызылкеңірдек болып талқылап едік. Бүгінде оларлың бір-ақ реттік фильм екеніне көзіміз жетті.

Қазіргі таңда қазақ киносының бетке ұстары Ақан Сатаевтың фильмдері болып тұр ғой. «Жаужүрек мың баланы» көріп тарихи-экшн фильмді қатырады екенбіз ғой деп мақтанғанымыз өтірік емес. Дегенмен біз әлі де тың иделы, «қазақстандық кино» деген ұғымды қалыптастыратын «мектепке» зәру екеніміз шындық. Қазақтың тарихында жоңғарлармен соғыстан басқа да тақырыптар жоқ емес.
Біз қазақ киносының негізін қалап кеткен Шәкен Айманов секілді тұлғаларымыздың мектебін сақтай алмай қалғанымыз өкінішті. Сондықтан болар қазіргі кинемотографияның қалың орманында өз бағытымызды таба алмай әлі адасып жүрміз.
Қазақтың тарихын, менталитетін, келбетін киноға арқау ету үшін картинада міндетті түрде киімз үй, ұлттық, киім, қарабайыр ауыл болу керек пе? Немесе керісінше, заманға сай қазақ киносын түсіру үшін қазақшаға шорқақ қыз-жігітті, қымбат көлікті немесе қызтекелерді түсіру міндетті ме?
Бір ғасырлық Голливудтың осы уақытқа дейін түсірмеген тақырыбы қалмады, күніне жоқ дегенде 200 фильм түсіретін Үндістанмен де бәсекелеспей-ақ қойдық, өзіміз фильмдерін көріп үйреніп қалған Ресейдің де. Түркия мен Қытайдың да шаңына ілесеміз деп талпынбай-ақ қояйық, бірақ біздің режиссерлеріміз ең болмаса өзіміз көретін бір фильм түсірсе жақсы-ақ болар еді...
Көрермен әрқашан кинодан өзін көргісі келеді, өз өміріндегі кейбір сұрақтарды фильмнен іздейді. Айталық, барша адамзат үшін ең қымбат сезім махаббат жайлы тамаша фильм көріп отырып кейде адам «мен осы шын сүйемін бе?» деп ойлануы мүмкін және сол сұрағына жауапты да фильмнен алады.
Біз кинодан өзіміздің мықты ел екенімізді, тарихымызды, салт-дәстүрімізді, болмысымызды жер жаһанға көрсеткіміз-ақ келеді, бірақ айналып келгенде біз өз киномыздан өзімізді таппай қала береміз. Қазір біз қазақтың қай фильмінен өзіміздің бейнемізді, өмірімізді көріп жүрміз? Шетелдіктер мына киномыз арқылы бізді танысын деп тыраштананып, жасандылыққа бой алдырудың қажеті қанша? Осы жерде өзімді сендіре алмаған бір картинаны айта кетейінші. Жақында ғана жергілікті телеарнада көрсетілген «Тракторшының махаббаты» фильмін біразымыз тамашалаық. Сонда ауыл тракторисінің рөлінде ойнаған Берік Айтжановтың кейіпкеріне немесе қалалық кәсіпкер қыздың рөліндегі Кәмшаттың кейіпкеріне сіз сендіңіз бе? Сенбейсіз, өйткені олармен бірге қайғырып, бірге қуана алмайсыз, өзіңізді ұмытып, фильмнің ішіне еніп кете алмайсыз...
Кейде ойлаймын, егер қазір кез келген қазақстандық режиссерға 5 миллион доллар беріп, «әлемді жарылқамай-ақ, өзіміздің қарапайым көрермен көретін, қанша көрсе де жалықпайтын кино түсірші» десе, қандай фильм түсірер екен? Қызық....

Автор: Айнұр Сенбаева




Көрілген: 1829    Пікірлер: 2

жұма, 03.10.2014, 10:08

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2022
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    2022
    қаңтар
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31