Қазақстандық «Ұлы Дала зары» фильмі «Оскар» сыйлығына ұсынылды

04 желтоқсан 2020, 13:17

Қазақстандық «Ұлы Дала зары» фильмі «Оскар» сыйлығынан үмітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 

Қазақстандық кинотуынды «Оскар» сыйлығының «Шет тілдегі үздік фильм» номинациясына ұсынылған. Фильмнің продюссері - Ернар Мәліков, ал режиссері - Марина Қонарова.

 

«Қазақстанның киногерлер одағы АҚШ-тағы «Оскар» комитетіне біз жақтан осы кинотуындымызды ұсынды. Біз АҚШ-қа фильмді жолдадық, осыдан екі күн бұрын «Оскар» сыйлығы комитетінің шешімі шықты. Олар қазақстандық фильмді қабылдағаны туралы хаттама шығарды. Енді алдағы уақытта анкета толтыртып, фильмді қандай форматта жолдау қажеттігін хабарлайды», - деді фильмнің продюссері Ернар Мәліков ҚазАқпарат тілшісіне.

 

 «Оскар» сыйлығының қорытындысы келесі жылдың сәуір айында жарияланады.

 

«Ұлы Дала зары» фильмі &ndash 1920-1933 жылдар аралығындағы қазақ халқының басынан өткен Ашаршылық тарихына арналған кинотуынды. Сол зұлмат кезеңде қазақ халқы ашаршылықтан қырылып, аман қалғаны шетелде босып кетуге мәжбүр болған еді.

 

Фильмнің тұсаукесері 2020 жылғы 7-9 қараша аралығында Лос-Анджелестегі Халықаралық Азия кинофестивалінде өткен.

 

Ернар Мәліковтың айтуынша, фильмді түсіруге бес жылдай уақыт кеткен.

 

Фильмді қазақстандық www.cinexus.kz онлайн-кинотеатрынан көруге болады.