Өркениет

Қазақтың көрнекті ақыны Ибрагим Иса өмірден өтті

  • Ибрагим Иса

    Ибрагим Иса

Қазақтың көрнекті ақыны, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ибрагим Иса 66 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Ибрагим Иса 1949 жылы 7 қаңтарда Қызылорда облысына қарасты Сырдария ауданының Жетікөл ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін сырттай оқып тәмамдаған. Сырдария аудандық газетінде әдеби қызметкер, Қызылорда облыстық халық шығармашылығы үйінде нұсқаушы-әдістемеші, Қазақстан Жазушылар одағының көркем әдебиетті насихаттау бюросында тілші-әдіскер, «Ара» журналында фельетоншы, «Жалын» альманахында редактор, «Сахна-Сцена» журналында бас редактор, «Сақшы - На страже» газетінде, «Арай» журналында бөлім меңгерушісі болып қызмет істеген.

Өлеңдері бірқатар шетел тілдеріне аударылған. «Алтын сырға», «Таң алдындағы ән», «Тербеледі қайыңдар», «Жанымның жарығы» өлеңдер жинағының, көптеген ән мәтіндерінің авторы. «Ән-аға» атты ән альбомы шыққан. Коми ақыны И.Куратовтың, орыс ақыны Н.Рубцовтың өлеңдерін қазақ тілiне аударған.

Ақынды ақтық сапарға шығарып салу шарасы Алматы қаласында, дүйсенбі күні таңертеңгі 10:00-де Жазушылар одағында өтеді.


ЕЛГЕ СӘЛЕМ


Сөзі: Ибрагим Иса


Әні: Қадырғали Көбентай


Алматыда бір ұлың сәлем деді дегейсің,
Сәтін салса құдайым, келем деді дегейсің.
Көңіл-күйін байқатпай, кейде жүрер жол таппай,
Сағыныштың сызығы тереңдеді дегейсің..
Алматыға бұл күнде сыймай-ақ жүр дегейсің,
Туған жерін, достарын қимай-ақ жүр дегейсің.
Қалмағандай тірегі, шытынаған жүрегі,
Амал қанша, әйтеуір, қирамай жүр дегейсің...
Алып ұшқан көңілі басылып жүр дегейсің,
Жүдегенін жанының жасырып жүр дегейсің.
Жылу іздеп іздерден, жапырақтай күз көрген,
Шаршаңқырап бұл күнде шашылып жүр дегейсің.
Сөзге ілініп себепсіз, сүрініп жүр дегейсің,
Шаршағаны түрінен білініп жүр дегейсің.
Жаңа өмірге ере алмай, болашаққа сене алмай,
Өткен күннің отына жылынып жүр дегейсің...
Күтіп жүрген жоқ әзір кәрілікті дегейсің,
Сыйласатын досының бәрі мықты дегейсің.
Жалғыз өскен шынардай, өкінішін шығармай,
Мәуелеген Сыр бойын сағынып жүр дегейсің...
Шашына да аз күнде ақ кіріпті дегейсің,
Көңілінің көліне қақ тұрыпты дегейсің.
Тойы болды керемет, шақырғанмын, келер деп,
Ағайынын сол күні қатты күтті дегейсің.
Көңіл құрғыр бірталай достан қапты дегейсің,
Амалсыздан тістейді бас бармақты дегейсің.
Арман жалғап арманға, немерелі болғанда,
Қуанғаннан бөрігін аспанға атты дегейсің.
Күрмеуге де қысқа жіп келмейді екен дегейсің,
Тірі жанға-тіршілік өлмейді екен дегейсің..
Айтқанының бәрі шын, жалғыз шыбын жаны үшін,
Ешкімге де намысын бермейді екен дегейсің...
Байлық пенен мансапқа қызықпапты дегейсің,
Кейде ішпейтін ортада қызып қапты дегейсің.
Белгі болып бұл күннен, күн сайынғы кірбіңнен,
Жүрегінде өшпейтін сызық қапты дегейсің.
Жаңалығын ел жақтың біліп жатыр дегейсің,
Қиындыққа сыналап кіріп жатыр дегейсің.
Өз-өзінен байланып, жолға қарап ойланып,
Алматыда бір ұлың жүріп жатыр дегейсің...

 



 




Көрілген: 4067    Пікірлер: 2

сенбі, 27.12.2014, 17:57

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30