Көңілдесті сомдаған актриса: Жұрт мені көшеде ұстап алып ұрсады

08 желтоқсан 2018, 18:33

Дәл қазір Айман-Шолпан телехикаясының 91-бөлімі көрсетіліп жатыр. 100 бөлімнен кейін туынды аяқталады. Аталған телехикаясының актрисасы Әсел Нұртазина бағдарлама қонағы болды. Ол телехикаяда Тамашаның рөлін сомдаған болатын. Өмірінде екінші рет телехикаяға түсіп жатқанын айтты. Мұнымен қатар, көңілдестің рөлін сомдай бергенді ұнатпайтынын тілге тиек етті.

Бұл туралы «Әйел бақыты» бағдарламасында айтылды.

– Рөліңді өте позитивті деп айтуға болмайды. Десе де, қазір кейіпкерің Тамашаның ақылы кіріп жатыр. Беренді алдап жүргенің тағы бар. Жалпы бұл телехикаядағы алғашқы рөлің бе?

– Мен екінші рет телехикаяға түсіп жатырмын. Осының алдында да көңілдестің рөлін сомдаған болатынмын. Маған көбінесе сондай рөлдерді береді. Десе де, телехикаяның 100 рөліне түсіп, үлкен тәжірибе жинадым. Бастапқыда жағымсыз рөлді сомдасам да, қазір кейіпкерім жақсы жаққа өзгере бастады.

– Яғни ұсыныс түскен кезде сен рөлдің қандай болатынына қарамадың ба? 100 бөлімнің барлығына түсуді мақсат тұттың ба?

– Иә, басты мақсатым – көрерменнің көзінде болу. Жасым 25-те. Мамандығым бойынша, кәсіби актрисамын. Алдында «Шырғалаң» деген телехикаяға түстім. Алдағы уақытта жағымды рөлді сомдауға дайынмын. Оның үстіне жаз басталған кезде, біздің де жұмысымыз қарқынды жүре бастайды. Алматыға шақырту алатын шығармын деген ойдамын. Сондай үміт бар. Бүкіл режиссерге «дайынмын» деймін.

– Бір қалыптасқан бейнеден шыға алмай қалатын кездер болады. Сені тағы да көңілдестің рөліне шақырса, келісесің бе? Бұдан өзге жұрттың сені көшеде ұстап алып ұрсатыны рас па?

– Көңілдес бір болғанымен, рөлдер әртүрлі болады. Сол себепті, ол жағын әлі көреміз. Барлығы сценарийге байланысты. Иә, мені көшеде ұстап алып ұрсатын кездер болады. Құдды телехикая шынайы өмірде болып жатқандай. «Сен неге Жайнаға жамандық жасайсың? Ол жақсы кісі ғой. Неге Беренмен жүресің?» деген секілді сөздері көңіліме тиеді. Бір шетінен мұның жай ғана рөл екенін түсінемін.