Өркениет

Қорқынышты қоғамнан қорықпайсыз ба?

  • Қорқынышты қоғамнан қорықпайсыз ба?

    Қорқынышты қоғамнан қорықпайсыз ба?

Ұйқым қашып жүр. Қорқыныштан. Жұмысбастылық қой, теледидардан жаңалықтан өзге дүниелерді көруге қол тие бермейтін. Қатты шаршағандықтан да болар, ұйқым келмей түнгі сағат бірде көк сандыққа телміргем. Нендей дүниелер бар екен деп. Қызықтың көкесі осында екен. Дұрысы түйе сойғанда болатын қуырдақтың көкесі. Атағы дырдай телеарнадан ұяттан жұрдай кино көрсетіп жатыр. Тамашалауға ұят. Келесісіне ауыстырдым. Мұнда да сол. Төсек төңірегіндегі мәселелер талқыланып жатыр. Ендігі бір арнада вампирлер мен маньяктар «жарысқа» түсіпті.

Қорыққанымнан келесісіне ауыстыра қойдым. Мұнда атамзаманғы «Тамашаны» тамашалатып жатыр. Көре-көре көзге сүйел шыққан дүние. Өзіміздікі алқам шүкір болар деп жергілікті арнаға бет бұрдым. Үмітім ақталмады. Мұнда да сол сорақы дүниелер. Келесісінде мелодрама ма, әжептеуір сияқты көрінген киноға қойғам. Бір бастап көрген соң қызығына түсіп кеттім білем, тәп- тәуір кино тең жарымына бармай ақ бездіре бастады. Мезі қылған атыс шабыс сол. Одан бөлек, аянышты қыз тағдыры. Гүлдей құлпырып өсіп келе жатқан қыз әлдебір тасжүрек жауыздардың кесірінен тағдыры талқан болып сорлап қалғаны баяндалады. Ұятты қоғам орната білген кеңес кезіндегі-ақ кино. Сол кездің өзінде-ақ әбден іріп-шіріген, шегіне жетіп тұрған қоғамның арсыздығы арқау болыпты. Ар намыстан жұрдай болған адамдардың оспадарсыздығы жүрегімді ауыртты. Қыздың тағдыры қор болып өксігені көз алдымнан кетпей, бір аптаға дейін ұмыта алмай азаптанғаным-ай. Алайда бүгінде айналаңыздағы адамдарға қараңызшы. Аяу, мүсіркеу, қол ұшын беру сияқты қасиеттерден ада. Тіпті, кіп- кішкене баланың өзі қорқыныш дегеннің не екендігін ұмыта бастаған сықылды. Оларға жезтырнақ пен жалмауыз кемпірді айтып қорқыта алмайсың. Бедірейіп бетіңе қарап тұра береді. «Қазір сенің құлағыңды кесіп аламын» деп көріңізші. Жауабынан талып қала жаздайсыз. «Мен сені папамның тапаншасымен атып тастаймын» дейді. Үлкеннен үрікпеген баланың жауабы осы. Олар жын шайтан дегеннің атын естігеннен апасының арқасына тығылған сіз бен біздей емес. Мұның бәрі де бізге көрнекі құрал болып жүрген шетелдік кинолардың әсері демей көріңіз. Бір мысал. Жуырда көршімнің үйіне «ұры» түсті. Дұрысы кішкентай ұрылар. Көшенің 4-5 жастағы «атамандары» жиылып алып көршімнің қақпасын бұзып кірген ғой. Ешкімі жоқ үйде ойларына істегендерін көрсең жағаңды ұстайсың. Бес алтауы жабылып жүріп үйдегі қымбат бағалы хрусталь вазаларды сындырған. Киімдерді шашып далаға алып шығып, бассейнге лақтырған. Тарелкелердің түгін қоймай шағып тастаған. Кітаптардың бәрі бассейнде жүзіп жүр. Дискілерді бір бірлеп суға лақтырған. Біраздан бері тірнектеп жинап жүрген докторлық диссертациясының бәрін суға ағызған ғой. Қуанышты сәттерінен сыр шертетін тойдың кассетасын да, дискісін де суға лақтырыпты. Екінші этаждан бірінші этажға жүгіріп, қараусыз үйді соғыс алаңына айналдырған. Газды ашық қалдырған. Моншадағы суды барынша ашып қойғандықтан, аулаға су сыймай кеткен ғой. Соны көріп көршілердің бірі келіп бұл «соғысты» тоқтатпағанда арты не боларын кім білген. Шырпы таба алмаған болуы керек. Әйтпегенде ашық қалған газ атылса не болар еді? Атаман балалардан неге бұлай істедіңдер десе, «Один дома ойнадық» деп айтады дейді. Атышулы кейіпкер өз үйін қарақшылардан қорғаушы еді... бұлардікі түсініксіз. Содан көріп істегендері ғой. Төріңізде тұрған теледидар-ұстаздың «тәрбиесі» демей көріңіз. Әлгі бұзақы балалардың ата-анасына шағым айтқанда «5 жасар баламды соттай алса, соттап жіберсін» депті. Бұған не айтасыз? Тентегін тиып ұстаудың орнына кейде ата-аналардың өзі осылай «батырларының басынан сипайтынына» қынжыласың кейде...

Көшеде ойнап жүрген бір топ балалардың ойынына қарап отырғам. Бірі рогаткамен ала қарғаны атып түсірді. «Құралайды көзге атқан» мерген баланың мақтауын асырып жатыр қасындағылары. Қанаты сынып құлаған құсты әлгі «мерген» барды да мойнын бұрап-бұрап жұлып алды. «Кеше кинодағы бала осылай еткен» дегенді қосып қоюды да ұмытпады. Бұрын бізге мектептегі мұғалімдеріміз «жараланған құс көрсеңдер мәпелеп бағып ұшырып жіберіңдер» деуші еді. Бүгінгі балалардың қам қарекеті осы боп тұр. Тағы бірде кішкене балалардың мысықты қалай азаптап жатқанының үстінен түстім. Байғұс мысықты жіпке асып, тал басына байлап қойыпты. Тырбаңдаған бейшараны ауа жетпей қарманғанында сәл босатып алады да, ойындарын әрі қарай жалғастырады. Шіркіндердің біреуі шіміріксейші. Тап бір цирк тамашалағандай мәз-мейрам. Ең қорқыныштысы, әлгі мысықты адамды асқандай астына орындық қойыпты. Дарға асқандай. Жанұшыра тұншыққанда әлгі орындыққа босатып жан шақыртып алады да, астындағы орындығын теуіп кеп қалады. Аяу, мүсіркеу деген мүлдем жоқ. Тірі мақұлыққа жаным ашып араша түскенімде кішкентай атамандар «оған несіне жаныңыз ашиды, бұл мысық біздің үйден ет ұрлап жейді. Папам өлтіру керек екен деген» деп қарап тұр. Қатыгез балаға болмашы етке бола мысықты осынша азаптауға болмайтындығын айтып түсіндіре алмадым. Түсінгісі де келмеді. Мысықты бостандыққа жіберткізіп кетіп бара жатқанымда әлгі бала достарына «кешегі кинода фашистер дәл осылай адамдарды асып өлтірді» деп айтып жатқанын құлағым шалып қалды. Тіп-титімдей балалар осындай осындайларды көргесін қалай қатыгез болмасын?! Жасырары жоқ, бүгінде балалардың арасында суицид дертінің өршіп бара жатқандығы белгілі. Асылып қалуды, дәрі ішуді балалар қайдан біледі деп қайран қалудың да қажеті шамалы. Көрнекі құрал болатын көгілдір жәшікте соқырға таяқ ұстатқандай бәрін үйретіп отыр ғой...

Қоғам қатыгезденіп барады. Қорықпайсыз ба?..




Көрілген: 1111    Пікірлер: 1

дүйсенбі, 26.05.2014, 12:53

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31